Мұң кешіп өткен Хасан Басри
Мұң кешіп өткен Хасан Басри
9 жыл бұрын 9589
Бақ БЕР

Хасан Басри – табиғиннің ірі ғалымы, захид, хадисші, фиқһті меңгерген әрі тәпсірші. Есімі Әбу Сайыд әл-Хасан ибн Әбил Хасан Ясар әл-Басри. Әкесі Ясар Ирактың Майсанлы ауданынан шыққан. Майсанды азат еткен уақыттарда Ясар тұтқынға түсіп, сол жерден қожайыны оған бостандық берген. Кейіннен Хасан Басридың анасы Хайрамен бас қосып, Мәдинаға көшкен. Хасан Басри осы жерде хазірет Омардың халифалығының соңғы екінші жылы болып есептелген хижри 21 жылы туылған (милади 641 ж.).

Анасы Хайра пайғамбарымыздың жары Үмму Сәламаға қызмет еткен. Бұл кезде Үмму Сәламаның Хасанды емізгені, бойына хикмет пен шешендік осылай жұққаны айтылады. Бұдан бөлек, Үмму Сәлама оны хазірет Омарға (р.а.) ертіп апарып, мынандай батасын алған: «Уа, Жасаған ием, бұл баланы дінді терең білетін фақиһ қыл әрі оны жұрттың ықыласына бөле» (Ибн Сағыд, Табақат, VII/I, 114).

Хасан Уадилқұрада өсіп, балалық шағын сонда өткізген. Жас кезінде Шығыс Иранды азат етуге қатысқан (43/663), бұдан кейін аз уақыттан кейін Қорасан әкімі Раби ибн Зиядтың жазарманы (катиб) болған. Бұдан кейінгі өмірінің көбін Басрада өткізген. Жалпы саны үш жүздей сахабамен жүздескені айтылады. Осы тұрғыдан табиғинның алдыңғы қатарлы тұлғаларының бірі болып саналады. Оның ілімі, ерекше қасиеттері, дүниеге қызықпаған зүхді мен тақуалығы әйгілі. Әбу Тәліп Макки Хасан Басри тасаууыф жолындағы имамы болғанын айтады. Әнас ибн Маликтен әлдене сұралғанда, жауабын Хасан Басри берсін деп, оның терең ілім иесі екенін айтатын (Инб Сағыд, Taбақат, б. 128).

Адамға дербес ықтияр берілгенін, сондықтан жақсылық пен жамандық жасауға ерікті екенін мойындайтын зүхд әрі тақуа Хасан Басри бейсенбі күні өмірден озып, жұма күні жерленген (110/728). Жаназа намазына халық көп жиналғаны сонша, сол күні мешітте екінді намазын оқуға мүмкіндік болмаған деседі.

Хасан Басридың түрлі мәселелерге қатысты көзқарасын былай тұжырымдауға болады:

Хасан Басри «Алла барша мақлұқатты және табиғатты жаратты. Барлық нәрсе өз жаратылысына сай әрекет етеді» деуімен тағдырға иманын білдіріп, Қадарияшылдар секілді ойламайтынын көрсеткен. Күнәкар мүминнің мұнафық болмайтынын білдірген.

Құлшылықта барлық бұйрықтарды қалтқысыз орындаған. Екіжүзділік пен риядан бойын аулақ ұстап, мұсылманның ықыласты болуы керектігін айтатын. «Біз адамның діндарлығын сөзінен емес, іс-әрекетінен байқаймыз» деп, сөз жүзінде емес іс жүзінде мұсылман болу керектігін түсіндіретін.

Бұрынғы уақыттарға сағынышпен қарайтын. «Бұрын халық өткінші дүниесін ғалымдардан ілім алуға жұмсайтын. Ал бүгін ғалымдар ілімімен жұрттан болмашы пайда көздейтінді шығарды» дейді.

Шынайы фақиһты ол тақуа кісі, ешкімнен ештеңе дәметпейді, ешкімге жауластықпен қарамайды, ілім үйреткені үшін біреуден бір тал ши де алмайды деп сипаттаған.  

Хасан Басридың зүхд түсінігі тафаккур (терең ой), өзін тергеуге алу, дүниеден алыстау және Аллаға деген ғашықтыққа сүйенеді. «Тафаккур саған жақсы мен жаман істі көрсететін айна»;

«Мүмин үнемі нәпсіні тежей біледі. Өз басын Алла үшін қадағалайды. Осы дүниеде өзін тергейтіндердің есебі ақыретте жеңіл болады. Ал өз қылықтарын осы дүниеде таразыламайтын жандардың ақыреттегі есебі ауыр болады» деген сөзі жеткен.

Хасан Басри жанындағыларға әлдене үйрету үшін сауалдар қоятын, шындықты өздерінің тапқанын қалайтын. Өйткені әркім жеке өліп, жеке көмілетінін, жеке тіріліп, жеке есеп беретінін ескерту арқылы әркімге өз басын жіті қадағалауға ишара жасайтын. Оның пікірінше, ақыретті көп ойлайтындар дүниеден және өткінші нәрселерден үміт үзіп, барлық істе хазірет пайғамбарды басшылыққа алуы шарт.

Хасан Басри үнемі жанары мұңды суфи ретінде ерекшеленген. Дүниеден бойын аулақ ұстау, захид өмір сүру, өз-өзіне ешқашан сеніммен қарамау, бұлардың барлығы да сол кісінің ерекшелігіне жататын. Мұң туралы айтқан бір сөзінде «ұзағырақ мұңдану ізгі істердің бастауы» деген. «Істегендерінің жазасы ретінде бұдан былай аз күліп, көп жыласын» (Тәуба сүресі, 9/82) деген аяттың мағынасына сай көп күлмеуді насихаттап, көп күлкінің жүректі қарайтатынын айтатын. Адам толықтай Құранға беріле жүріп, ұсақ қателіктен бойын аулақ салса, барлық нәрсеге өте мұқият қараса, сол кісі уәра иесі атануға лайық. Осы ойды Хасан Басри былай жеткізген.  

«Қылықтарыңа қарап, жақсылап баға бер. Өйткені ертең жақсылық пен жамандық бір-бірінен ажыратылып, таразыға тартылады. Ең ұсақ жақсылықтың өзін азырқанба, ертең ақыретте оның пайдасын көресің. Ең кішкене күнәға да елеусіз қарама, ақыретте оның кесірін тартасың».

Хасан Басридың Аллаға деген ғашықтығы (мухабатулла) тым шарықтау шегіне жеткен.  Оған мына құдси хадис себеп болған. «Маған өздеріне парыз еткен құлшылықтан асқан құлшылықпен жақындаған ешкім болған емес. Егер пендем маған нәпіл құлшылықтар арқылы жақындаса, оны жақсы көре бастаймын. Мен ол пендемді сүйген кезде оның көретін көзі, еститін құлағы, қолы, тілі және аяғы боламын. Менімен сезінеді, менімен көреді, менімен айтады, менімен ұстап, менімен жүретін болады» (Бұһари, Риқақ, 38).

Оның айтуынша, Аллаға деген махаббат рухани өмірдің ең жоғарғы шыңы. Өйткені бұл махаббат Аллаға қарай биіктеудің жемісті нәтижесі.

Жұмақтағылардың Алланы толықтай, еш кедергісіз көретініне толық сенетін.  Өмірінде жақсылықты дәріптеп, жамандыққа жуымауды өзіне міндет деп білген. Мұсылмандардан қателік көрсе, халифа болса да бетіне айтып түзететін. Зұлымдық жасауын қатты айыптап, Хажжаж ибн Юсуфпен текетіреске баруынан соны көреміз.

Өмірінің соңы Басрада өткен. Сонда жерленгені айтылады. Өмірімен кейінгілерге өнеге көрсеткен ірі имамның нұры бейіште шалқысын деп тілейміз.

 

3 пікір