Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) бетіне түкірген күйеубаласының ақыры
Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) бетіне түкірген күйеубаласының ақыры
1 жыл бұрын 12487
Дайындаған Абдусамат Қасым

Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жаратушы Құдай Тағаладан уахи алғаннан соң, өзінің пайғамбарлығын жариялап, халықты пұттарға емес, бір Құдайға сыйынуға шақырды. Сонда оны мазақ қылып, оның шақырған нәрселерін келекеге айналдырып, халықтың назарын басқаға аударғысы келетіндер де кездесті. Тіпті, өміріне қастандық ойластырып, Оған және оның ізімен жүрушілерге көптеген зардаптар шектірушілер көптеп кездесті. Дегенмен, Ислам нұрын қанша сөндіремін деп тырысқанымен, Хақ діннің нұры жарқырай түсті. Күнді адам сөндіре ала ма? Күнді жабуға тырысқан адам, тек өзіне ғана күн сәулесінің түспеуін қадағалай алады. Ал өзге адамдарға күн сәулесінің түсуіне кедергісін келтіре алмасы анық. Ислам нұрын да қанша сөндіруге тырысқанымен, хақ дінге бет бұрғандардың қатары арта берді.

Бөтеннің дұшпандығы бір басқа да, мұнда жақын туысының дұшпандығы қатты жанға бататыны сөзсіз. Мұхаммед пайғамбарға ең бірінші әрі ең көп дұшпандық еткен әкесінің туған інісі, оның немере ағасы Әбу Ләһәб еді. Немере ағасы мен жеңгесі елді айдап салып, түрлі жолдармен туысына залал тигізуді ойластырды. Көкесі мен жеңгесінің жауыздығы қатты болғандығы соншалықты, ол екеуі жайында арнайы «Тәббәт» сүресі түсіп, тозақы болатындықтары көзі тірілерінде сүйіншіленіп қойған болатын.

Күйеубаласы Утәйбаның ақыры 

Ол кезде Әбу Ләһәбтың ұлы Утәйба Мұхаммед пайғамбардың Хадишадан туған қызы Үмму Күлсімді алған болатын. Осы жөнінен қарағанда ол Мұхаммед пайғамбардың күйеубаласы саналады. Дегенмен, әкесінің Мұхаммед пайғамбарға деген өштігі оған да өткен-ді. Ақыр соңында әкесі баласына Мұхаммед пайғамбардың қызымен ажырас деп бұйырады. Жай ажыраса салмай, Мұхаммедті масқаралап барып ажырасқысы келген Утәйба бір күні Мұхаммед пайғамбарға келіп елдің көзінше:

- «Мен «Батып бара жатқан жұлдыздарға серт»-ті жоққа шығарамын және «Ол, жақындап төмендеді»-ге де сенбеймін» деп, ол «Нәжм» сүресінің аяттарын өтіріксінетінін айта келе Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығын және Оған түскен Құранды жоққа шығаратынын білдіреді. Онысымен қоймай, Мұхаммед пайғамбарға тап беріп киімін жыртып, пайғамбардың мүбәрак бетіне түкіріп жібереді, бірақ түкірігі бетіне тимейді. Сөйтеді де, Утәйба «Қызыңды талақ еттім» деп, бұрылып кетіп қалады. Осылайша бүкіл халықтың көзінше масқарасын шығардым деп ойлайды. Тамашалап тұрғандардың арасында Утәйбаның әкесі Әбу Ләһәб та болды.

Утәйбаның бұндай қорлығына шыдай алмай ашуы келген Алла елшісі (с.а.у.) қолын жайып:

- «Уа, Аллам! Оған иттеріңнің бірін ұшырат!» - деп теріс батасын береді. 

Утәйба Пайғамбардың бәддұғасын елемей кете барса да, әкесі Әбу Ләһәб іштей секем алып қалады. Одан кейін баласын үнемі сақтандырып, жан-жағына қарай жүруін ескертіп отыратын болды. Әйткенмен, «жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Жаратушы Алла Тағала сүйікті пендесінің тілеуін қабыл етіп қойған еді. Құдайдың жазасы Утәйбаны күтіп тұрған болатын.

Күндердің бірінде Утәйба ойында ештеңе жоқ, Құрайш сауда керуендерінің біріне ілесіп, сапарға шығады (Кей риуаяттарда әкесімен бірге Шамға шыққандығы айтылады). Шам (Сирия) жеріне кіргеннен кейін керуен «Зәрқа» есімді бір мекенге аялдайды. Утәйба Құдайдың жазасымен сол жерде ұшырасады. Түнде керуендегілер тынығып жатқанда ақырған арыстанның даусы естіледі. Арыстан керуендегілер аялдаған жерді айналып барлап жүреді. Сонда ажалының жақындағанын сезген Утәйба өз-өзіне:

- Лағынет болсын! Мына арыстан, анық мені жеуге келді. Мұхамметтің маған жасаған теріс дұғасы қабыл болған екен. Мұхаммед Шамда жүрген мені, Меккеде-ақ өлтіріп қойған екен» дейді шарасыз күйде.

Ақырған арыстан ешкімге тимей, дәл Утәйбаны бассалып, басынан тістеп мерт қылады1. Осылайша Мұхаммед пайғамбардың жазықсыз киімін жыртып, бетіне түкірген пәтшағар жазасын осы дүниеде-ақ алған екен. 

 Пайғамбарымызды келеке еткендерді Жебірейіл періштенің жазалауы

Негізі Мұхаммед пайғамбарды келеке қылғысы келіп, абыройын төмендеткісі келетіндер табылып жатты. Сондай келеке етуші біреулердің соңы жақсылыққа апармай, ақыры ауруға шалдыққандар болған. Ол жайында Сахаба Абдулла ибн Аббас (Алла одан разы болсын) былай деп әңгімелейді: 

«Бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Меккеде өзара әңгімелесіп отырған

бір топ кісінің тұсынан өтіп бара жатқан болатын. Әлгілер Аллаһ расулын сыртынан бір-біріне нұсқап:

- «Мына кісі өзін пайғамбармын, қасымнан Жәбірейіл бір елі қалмайды» дейтін көрінеді, – деп бір-біріне көз қысып әжуалай бастайды.

Сол сәтте Жәбірейіл (а.с.) оларды саусағымен нұсқауы мұң екен, әлгілердің денесінде тырнақтай жаралар пайда болады. Денелеріне түскен жаралардан шошынған мүшріктердің зәре-құты қалмады және осыдан кейін олардың қасына ешкім жоламай қойды. Осы оқиғадан кейін Аллаһ тағала «Сені келеке еткендерге біз жазасын береміз», – деген (Хижір 15/95) аятты түсірген болатын»2.


1әл-Мүбәракфури: «әр-Рахиқуль Мәхтум»; Әл-Асбаһани: "Дәләилун нубууә".
2Хайсами, Мәжмауз-зауаид, 7/133 (11112). («Сахабалар салған сара жол». 2-том).

 

0 пікір