Жынданған орысты емдеген Исабек ишан Мұратұлы
Жынданған орысты емдеген Исабек ишан Мұратұлы
7 жыл бұрын 5563
Сәдуақас ҒЫЛМАНИ, дін қайраткері

Бұл зат біздің бабаларымыз тұсында болған адам. Мекендеген жері Павлодардан Ақмолаға қарай Шідерті деген өзеннің құйылысында Ақкөл-Жайылма деген жер бар. Соның Ақкөлінде Қанжығалы елінің бір табы – Тентек Қарабұжыр деген халықтар бар. Соның ортасында болған зат. Бұл заттың өмір тарихына мен таныс емеспін. Бірақ ол зат бүкіл халық аузында карамат иесі, дұғахан, әулие атанған адам. Тірі, саламат уақытында атын білген халық ол кісіні зиярат етіп, түрлі ауру, шерлі адамдарды әкеліп, үшкіртіп, тұмарын алып, халық сонда көтерген адам болса, өлген соң ол заттың қабірі – тірлігіндегі өзінен халық кем ұстамаған қабір.

Исабек Ишанның баласы – Қырықбес Ишан, о да өз тұсында әкесіндей болмаса да, сорлы болмаған адам. Аяғы Әшім деген баласы сол қабірге тұрып, 1962-63 жылдарда қайтыс болды. Онан кейін қабірге кім ие, зиярат қандай болып жатыр, одан хабарым болмады.

Бұл Ишан бүкіл халықтың ішінде караматы сонша күшті, оның дегені болмай қалмаған адам. Ер, әйел, есін білген адамның Ишанды атаса білмейтін, ол заттың қасиетті екенін сөйлемейтін жан жоқ дерлік. «Ал-Хабар йахтамил ас-сидқ ва-л кизб» өз көзімен көріп, білген емеспін. Әйтеуір дейді-мыс.

Сол кісінің қасиетін екі халықтың білерлік адамынан, екі адамның айтқанын құлағым естіді. Бірі Қайланның Нұртаза қажысы: «Мен сол үйде болып, мешіт-медресесінде дәріс айтып жаnқан заманым, бір қажетім үшін сол Ишанға бардым. Мен сонда болғанда сол елдің бір адамы жынданған бір орысты әкелді. Қол-аяғы байлаулы. Ишанның алдына келтіріп: «Тақсыр! Бұл адам осындай  бір ауруға ұшырап, сіздің хұзырыңызға алып келіп отырмыз. Бір жәрдеміңіз болар ма екен?» - деп айтты. Сонда Ишан маңдайынан сипап: «Ей, бишарам-ай», -деп бетіне бір үшкірді де: «Ал, босатып алып, қайта бер!» - деді. Көз алдынада босатып жібергенде, ол Ишанға кішілік қылып, риза болғандығын білдіріп, жазылған қалпында қайтып кетті», - деді.

Енді бірі белгілі атақты адамдардан Нұралының Барлыбайы: «Біз ол үйде, жанымда бір шәкірттер бар, қонақта едік. Олжабай да бар. Бір мәжіліс үстінде сол Ишанның жайында сөз болып, ол кісінің караматын мен көзбен көрдім. Менің Таубай деген балам көзі ауырып, шоқпардай ісіп, түк көрмейтін ауру болды. Сол Ишанның қабіріне кісі қосып жіберіп, сонда басына түнеп қайтып келді. Көзі шырақтай жанып, сол түнегеннен кейін жазылып кетті», - деді.

Мен ол уақытта өзіміздің Төре ауылында шәкірт жинап, дәріс айтып тұрған кезім. Басқа кітаптан болмаса да, «Хуласат ал-маса ил» кітабында өлген адамның қабірінен жәрдем сұрау дұрыс емес, бәлки: «Жәрдем береді деп иғтиқад қылса, кісі кәпір болады», - дегенді еске алдым. Барлыбайды сыйлап, халық Бабай дейтін. Мен де ол кісіге қарап: «Бабай! Сізді бір шайтан айлалап, тұзағына түсіру үшін балаңыз Таубайды көзіне қойып ісірген екен. Сонымен сізді дұрыс болмаған бір иғтиқадды көңіліңізге бекітіп, мақсатына жеткен екен»,  - деп айтып салғаным болды. Бабай сөзін, ісін жөндемек боп таласпақшы болып еді, Олжабай марқұм: «Бабай, орынсызға таласасыз ба, өлгеннен тілек орынды емес қой», - деп тоқтатып тастады.

Тірі адамнан дұға, үміт қылу орынды. Дұрыстығында талас жоқ. Ал өлген адамның қабіріне түнеп, медет, әрдем сұрау шариғатта дұрыс болмаған іс. Бірақ халық «әруақ», «пір» деген сөз жүректеріне имандай сіңірген бір істері. «Аруақ жебемей, тірі байымайды», -  деген ең барып тұрған ең қуатты жолы. Соның арқасында кіссі өлген үй той қылған ордадан кем түспейді. Әрине, қонағасы, үші, жетісі, қырқы, жылы, екі жылдығы деген тағы бар. Осылар барлығы шариғатта жоқ. Сонда да халық оны қойса, өлікті ескермеген, сыйламаған, арам өлген өлекедей қылып, тасталған есептеледі. Оның үстіне аруақ жәрдем береді, оның ішінде қасиетті аруақ жәрдем береді деген сеніс жүректеріне орнығып, сүттей ұйыған.

Соңғы жылдары «Дін назараты» толық дәлелдерін келтіріп, бір пәтуа шығарды. Шын иманға ие діндарлар ол пәтуадан хабардар болуы ләзім еді. Бірақ «балшой дароге керек, менші нинада (нужна большая дорога, меньшей дороги не нужно»), деген Қарауыл Мұстақим Хазіреттің бір айтқан сөзі бірталай моллалар, ғалым деген заттарымыздың аузында бар сияқты көрінеді.

Мұстақым Хазірет өз ойынша «балшой дарогесі» - «Сират ал-мустақим» болған жол. Ол жолда бұрынғы өткен ғалымдар, моллалар болып өткен. Біз сол жолдамыз демекші болады. Бірақ «Сират мустақим – Китаб Аллаһ уа суннат Расулиллаһ уа уа хулафа-и рашидин» жолдарына, ол жолда ол хазіреттер жүре алады ма? Болмаса муқаллид-мута аххирин қабылдаған жолды «балшойа дороге», яғни, «Сират ал-мустақим» деп ұғынып, ауа жайылған жолдары «Сират мустақим»болып көрінді ме? Бұл арасы толық білген ғалымдардың айыруына қалдырылсын.

Алла Тағала өз сөзінде (Құран, Жүсіп, 106): «Уа ма йу мин аксарухум би-л-Лах илла уа хум мушрикун» аятының мағынасын толық ұғыну міндет болады. (Құран, ал-Каһф, 11): «Уа ла йушрик би-ибадат Раббиһ» жоғары аятын қуаттайды. Мазмұны: бір жағынан ширк жасай тұрып, адамдардың көпшілігі иман келтірген болады. Раббының ғибадатында пенде бір затты серік қылмасын! Алланың өзіне ғана болатын істерді бір пенде не аруақ сияқтылардан болады, үмітінде болған пенде өзі иман келтіріп тұрыпты. Сонымен қатар мүшрик аталады. Осы туралы халық ортасында істеген көп істері Аллаға қосақ жасап, жәрдем сұрау екенінде күдік жоқ. Бұл мәселе орнында талданылған. Сондықтан мақсатқа келейік.

  

0 пікір