«Жұрт оны «мұсылмандардың қаһарманы» деп атады»: Аднан Мендерес жайында бір үзік сыр
«Жұрт оны «мұсылмандардың қаһарманы» деп атады»: Аднан Мендерес жайында бір үзік сыр
2 жыл бұрын 7642

Кеше, 17 қыркүйек — Түрік елінің саяси және қоғам қайраткері Аднан Мендерестің өлім жазасына кесіліп, шейіт етілген күні екен. 

Аднан Мендерес кім? Ол ХХ ғасырдың орта шенінде Түркия Республикасының премьер-министрі қызметін атқарған, ұлтына, дініне көп қызмет еткен тұлға.

Мендерес және оның партиясы, 1950 жылы билікке келер келмес "халықтың дегені болады" деген ұранмен, халықтың экономикалық жағдайын дұрыстап, діни сеніміне қолдау білдірді. Әсіресе дінге жасаған жақсылығы себепті оны жұрт "мұсылмандардың қаһарманы" деп атады.


Фото: ft.com

Оның құрған "Демократия партиясы" билікке келгеннен кейін, ондаған жылдар бойы қатты қысымға ұшырап, өлуге айналған Ислам діні түрік жерінде еркін тыныстай бастады. Мысалы айтсақ:

1) 18 жыл бойы мешіт мұнараларында түрік тілінде шақырылып келген азан, Мендерес билікке келер келмес, қайта түпнұсқасында айтыла бастады.

2) Билікке келгеніне екі ай өтпей жатып, "радиодан діни бағдарламалар берілмесін" деген тыйымды алып тастап, аптасына екі рет радиодан Құран бағдарламасы беріле бастады.

3) Одан бұрын әйел кісілер көшеде орамал тағып жүргені үшін тұтқындалатын болса, ол билікке келгеннен соң әйел баласының орамал тағып жүруіне еркіндік берілді.

4) Одан алдыңғы билік елдегі 800 мешітті сатып жіберген болса, бұл билікке келгеннен кейінгі жеті жылда 1500 мешіт салынды. Қаншама мешітке қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

5) Мендерестің мұрындық болуымен алғаш рет ресми Ислам институты ашылды (қазіргі тілмен университет).

6) Дін жаю бостандығы қайта күшіне енді.

7ّ) Имам Хатиб лицейлері көбейді. Айта берсек көп.

Бұл оның тек дінге жасаған жақсылығы. Ал халқының әл-ауқатын жақсартқаны, ол өз алдына бөлек әңгіме.

Өкінішке орай, жақсының дұшпандары көп болатыны етенеден белгілі. Мендереске де қарсы компания басталып, билікті әскерилер басып алады да, оны тұтқынға алады.


(Фото: karar.com)

Ақыры соңында өлім жазасы беріліп, 1961 жылы, қыркүйек айының 17 жұлдызында дарға асылады. Бірақ шейіт болуынан 30 жыл өтіп, 1990 жылы Аднан Мендерестің ерен еңбегі бағаланып, ісі сотта қайта қаралады да, ол және онымен бірге дарға асылған оншақты жолдасы кінәсіз деп табылып, атақ-абыройлары кері қайтарылады. 

Міне осындай бір қаһарман өткен өмірден. Жатқан жері пейіш болсын! 
(Бүгінде қайраткердің атымен аталатын - жоғарғы оқу орындары, лицейлер, даңғылдар, аудандар мен аэропорт және бульвар бар).

Абдусамат Қасым
 
1 пікір
  • Қуғын-сүргіннен қашып, Пәкістан жеріне тоқтаған Қазақ қауымының өтінішін марқұм Аднан Мендерес қабыл алып, Анадолы жеріне көшіп келуіне себепші болған.
    Осы қаһарман тұлғаның Қазақ халқына жасаған еңбегін ұмытпау керек.
    2 жыл бұрын