Илияс пайғамбар (а.с.)
Илияс пайғамбар (а.с.)
1 жыл бұрын 2908

Сүлеймен пайғамбар бақиға аттанған соң, Исрайыл ұрпағы Яһуда және Исрайыл болып екі мемлекетке бөлініп кетті. Олардың бөліну себебі таққа таласу, күпірлік пен дінсіздіктен туындады. Яһуда елі Құдыста қасиетті аманаттарды көздің қарашығындай сақтап, ел арасында діни насихат дұрыс жүргізгендіктен, олар ұзақ уақыт бойы беріктігін сақтай алды. Алайда Исрайыл мемлекеті хазірет Мұсаның шариғатымен амал етпей, пұтқа табынып, адасып кетті. Кейбір деректерде осы пұттарының биіктігі алты аршын ұзындықта болғандығы және оның алтыннан құйылғандығы айтылады. Оның аты «Бағл» еді. Бағл – Йемендіктердің тілінде Рабб, қожайын деген мағынаны білдіреді. (Замахшари, әл-Кәшшаф,. 3/352).

Бұл – Көне Сами қауымдарының құдай атауы. Құранда хазірет Илияс пайғамбардың есімі бір аятта «Илияс» деп кездессе енді бір аятта «Илиясин» деп кездеседі.

Ақиқат жаршысы – Илияс оларға Исрайыл елі адасып пұтқа табынған кездері пайғамбар ретінде жіберілді. Ол пайғамбарлығын жария етер-етпес, халық арасында пұтқа табынудан бас тартып, хазірет Мұсаның шариғатын қайтадан берік ұстануға шақырды. Олардың ата-бабаларына Хақ тағала үлкен нығмет беріп, алпауыт ел еткенін естеріне салды. Егер осы қылықтарынан бас тартып тәубаға келмейтін болса, көп ұзамай Жаратқанның қаһарына ұшырап, бастарына пәлекет келетіндігін қатаң ескертті. Құранда:

«Әрине Илияс елшілерімізден еді. Сол уақытта еліне: «Аллаһтан қорықпайсыңдар ма?» – деді. «Ерекше Жаратушыны қойып, «Бағл» атты пұтқа табынасыңдар ма? Аллаһ сендердің де бұрынғы аталарыңның да Раббы»334 , – деп, оның халқына қалай ескерту жасағаны туралы айтылады. («Саффат» сүресі, 125-126).

Алайда Исрайыл халқы оның сөздеріне құлақ асқанның орнына оған қарсы шығып, аузына келгенін айтты. Сонда хазірет Илияс Хақ тағалаға қолын жайып: «Аллаһым! Исрайыл ұрпақтары сөзіме құлақ аспады. Олар Сенен өзгеге құлшылық етуде. Ендеше Сен оларға берген нығметіңді қайта ал», – деп дұға етеді. Сол кезде Аллаһтан уахи келіп: «Біз олардың ризығын сенің қолыңа тапсырдық», – дейді. Хақ пайғамбар: «Аллаһым! Ендеше оларға бұдан былай жауын берме!» – деп дұға етті. Артынша жауын тоқтап, жер бетіне бір тамшы да, жауын жаумады.

Осы қуаңшылық үш жылға жалғасты. Исрайыл елінің малы жаппай қырылып, бау-бақшалары қурап, егіс даласы шөлге айналды. Олар күндер өте келе осы пәлекеттің бәрі Пайғамбарға сенбегендіктен болғандығын аңғарып Илиястан кешірім сұрап, дініне кіріп, хақ жолға түсе бастайды. Хақ тағала да солшақта олардың төбелерінен төнгеннәубаттыалып тастап, мол жауын нәсіп етті. Исрайыл ұрпақтары бір мезгіл тура жолда жүріп, мол байлыққа кенеліп, қорасы қойға, даласы өнімге толған шақта биттері семіріп тура жолдан тайып, есіре бастайды. Бұрынғы пұттарына табыну қайта белең алды. Илияс пайғамбардың сөзіне құлақ асуды қойды. Хазірет пайғамбар оларға: «Сендер тура жолда боламыз, қайта пұтқа табынбаймыз» деп уағда етіп едіңдер. Қайда сол уағдаларың?» – дейді.

Олар: «Осы әңгімені доғарсақ қайтеді? Біз алты аршын алтын пұтымызды қалай ғана қиып, сенің жолыңмен қашанға дейін жүре бермекпіз? Сен де бұдан былай біздің алдымызды кесуші болма» деп қоқан-лоқы жасайды. Осыдан кейін Илияс Хақ тағаладан бұл елден кетуге рұқсат сұрады. Аллаһ тағала рұқсат берген соң, ол елді тастап басқа жаққа хижрат етті. Сол жақтағы елді мекендерде Тәуратты жасырын үйрете бастады. Кейбір деректерде Илияс пайғамбардыңа жалы жетіп өлгені айтылса, кейбір ғалымдар оның көкке көтеріліп, әлі күнге дейін бұл өмірде өмір сүріп жатқандығы айтылады. Әйтсе де ақиқаты жалғыз Аллаһқа ғана аян.

Хазірет Илияс өз міндетін толығымен атқарып, бұл өмірден көшкенде, Хақ тағала сол елге хазірет Әлиасаъны пайғамбар етіп жіберді.

Қалмахан Сейтұлы, «Пайғамбарлар тарихы».

0 пікір