Хызыр (Қыдыр) неге «Хызыр» атанған?
Хызыр (Қыдыр) неге «Хызыр» атанған?
2 ай бұрын 4168

Хызыр (ғалейһиссәләм) кейбір деректерге қарағанда Зүлқарнайын заманында өмір сүрген әулие бір тұлға. Оның пайғамбар болған не болмағандығы таласты. Әрі қазірге дейін тірі екендігі жөні де даулы тақырып. Хызыр ғалейһиссәләмға Алла Тағала терең ғылым және таңғажайып керемет берген. Ол жайында Құдай Тағала «Кәһф» сүресінде баяндайды.

Хызырдың Қазақша атауы – Қыдыр. Ол қазақ халқында «Қыдыр ата» деген есіммен танымал. Әрі қазақ халқының сенімінше Қыдыр ата әлі тірі. Соған байланысты «қырықтың бірі – Қыдыр», «Қыдыр ата қолдасын» деген сияқты сөздер шыққан. Оның тірі екендігі жөнін дұрыс санайтын Ислам ғұламалары да баршылық.

Ендігі жерде Хызыр неге «Хызыр» атанған, дегенге келелік. Хызыр атауының арабша түпнұсқасы «Хадыр» (ٱلْخَضِر). Ол – көгерді, жасылданды дегенге саятын «хадыйра» етістігінен бастау алады. Сонда Хызыр есімінің мағынасы: «балғын жасыл өсімдік» дегенді білдіреді.

Ал Қыдыр ата неге ол есімді алды? - деген сұраққа жауапты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінен табуға болады. Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) Хызырдың «Хызыр» атануының мәнін былай деп түсіндірген:

«Хызыр» деп аталуының себебі, ол – шөбі жоқ құрғақ жерге жайғасып отырған сәтте, артынша жер дір-дір қағып, көктей бастайтын болған»[1].

Яғни, Хызыр ғалейһиссәлмның кереметтерінің бірі, ол – тақыр, құрғақ, шөп өспеген әлдебір жерге жайғасқан заматта, сол жер көгеріп шығып, жасыл өсімдікті жерге айналады екен. Осындай кереметіне орай Оған - «балғын жасыл өсімдік» деген ұғымда «Хызыр» деген атау берілген болып тұр.

islam.kz


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 3402 бет.

0 пікір