Хауа ана – алғашқы адам әрі алғашқы пайғамбар Адам атаның өмірлік серігі. Құранда Хауа ананың жаратылуы туралы былай делінеді:
«Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан – Аллаһ тағала»1, «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен қисапсыз ер, әйелді жаратқан Раббыларыңнан қорқыңдар»2.
Яғни, әуелі Адам ата, сосын Хауа ананың жаратылғандығын көреміз. Сондай-ақ Хауа ананың қалай жаратылғандығына қатысты Ислам ғұламаларының көзқарастары әр алуан болып келеді3. Кейбірі «одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан Аллаһ тағала» деген аталмыш аятқа сүйеніп, Хауа ананың Адам атаның денесінен жаратылғандығын айтады. Мәселен, Ибн Касирдің тәпсірінде былай делінген:
«Адам ата жаннатта бірталай уақыт жалғыз өзі өмір сүреді. Ол өзін жалғыз сезініп, рухы құлазиды. Бір күні ұйқыға жатып қайта оянғанда, алдында Аллаһ тағаланың оның қабырғасынан жаратқан әйел затын көреді. Одан:
- «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Ол:
- «Әйелмін», – деп жауап береді. Адам:
- «Не үшін жаратылдың?» – дейді. Хауа ана:
- «Сенімен тұру үшін», – дейді. Осы кезде періштелер келіп, Адам атадан сұрай бастайды. Адам ата оның Хауа екендігін айтады. Періштелер:
- «Неге оған Хауа деген ат берілген?» – деп сұрайды.
- «Өйткені ол тірі нәрседен жаратылды», – деп жауап берген еді»4.
Басқа бір хадисте: Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Ей мүміндер! Бір-біріңе әйел заты туралы қайырлы болып, нәзік қарым-қатынас жасауды өсиет етіңдер. Өйткені олар қабырғадан жаратылған. Ал қабырға сүйегінің ең иілген жері – жоғарғы жағы. Егер де оны туралауға тырыссаңдар, сындырасыңдар. Тиіспесеңдер, ол үнемі солай қалады. Сондықтан да әйел заты туралы бір-біріңе нәзік қарым-қатынас жасауды өсиет етіңдер»5.
Муслимнің риуаятында «...оны түзеуге тырыссаң, сындырасың. Ал оның сынуы - талақ болуы»6 деген ахад хадисті кездестіреміз.
Келесі бір көзқарас Құран кәрімдегі: «одан әйелді жаратты»7 деген аяттың мағынасы «әйелді адам табиғатынан жаратты» дегенді білдіреді. Ал аталмыш хадистегі «қабырғадан» деген сөзбен әйел затының қабырға сияқты нәзік жан екендігі меңзелген. «Қабырға» сөзі астарлы мағынада айтылған делінген. Әйтседе, Аллаһ тағала әйел затын қаласа топырақтан, қаласа еркектің қабырғасынан да жаратуға құдіретті екендігіне күмән жоқ. Қалай болмасын, Хақ тағаланың Адам атаны жалғыздықтан құтқарып, әрі оның ұрпағын жер бетінде көбейту мақсатымен оған өмірлік жолдас етіп, сондай-ақ әйелі ретінде хазірет Хауаны жаратқандығына толықтай иланамыз. Бұл туралы Құранда:
«Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззаты етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергеніде ұлылықтың белгісі»8, – дейді.
Қалмахан Сейітұлы, «Пайғамбарлар тарихы».
1 «Ағраф» сүресі, 189.
2 «Ниса» сүресі, 1.
3 Фахраддин Рази, ат-Тафсирул-кабир, Мысыр. 1938. 9т.160б
4 Ибн Касир, Тафсирул-Қуранил азим. I/112; Табари тарихы. I/52
5 Бухари. Әнбия. 1, Никаһ. 80; Ибн Мажә. Тахарат. 77, Ахмед ибн Ханбал, 5/8
6 Мүслим. Рида. 64; Нәсаи. Никаһ. 15
7
8 «Рұм» сүресі, 21 аят.