"Бірден намазға бастаймын дедім...": Түрік атеистін иманға келтірген қарапайым мұсылманның қарапайым жауабы
"Бірден намазға бастаймын дедім...": Түрік атеистін иманға келтірген қарапайым мұсылманның қарапайым жауабы
17 күн бұрын 2026

Төменде түрік бір атеист кісінің қарапайым мұсылманмен болған диалогын беріп отырмыз. Дилогтың арқасында атеист иман келтіріп, тәубесіне келген. Сөз кезегін иманға келген атеист білім адамына берелік. 

«Мен діншіл бір адамға айттым:

- Сіздер табиғаттағы білмеген, түсінбеген нәрселеріңізге «Алла» дейсіздер (Алланың қалауы, Алланың құдіреті дейсіздер-ауд.), «Тәңір» дейсіздер. Ғылым болса, әрине, ғылым әрнәрсенің шешімін тапты деп айта алмаймыз, десе де, егер ғылым алдағы уақытта сол сіздердің түсінбей, білмей жатқан нәрселерді егжей-тегжейлі ашып, анық-қанығына барса, не істейсіздер (сонда да Алла, Тәңір деп жүре бересіздер ме?-ауд.)? - дедім.

Ол (діндар) күлді де қолындағы сағатын көрсетіп, маған:

- Енес, қарашы! Мен мына сағаттың қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Бірақ, қарапайым логикаға салсақ, бұл сағаттың өзінен-өзі пайда болуы мүмкін емес - оның белгілі механизмасы бар, оны жасап шығарған бар. Өз-өзінен бола салмайды. Өте керемет туынды. Бұл сағатты жасап шығарған шебер адамды танымаймын. Бірақ егер әлдебіреу келіп, бұл сағаттың қалай жасалғанын, жобасын, суретін көрсетіп, сағаттың барлық бөлшектерін егжей-тегжейлі түсіндірсе, жасалу жобаларын көрсетсе, айтшы, осы сағатты жасаушы ұстаны (сағатшы) жоққа шығарамын ба, әлде оған бұрыннан да қаттірек таңдана түсемін бе? - деп сұрағаны сол еді, эврика, не дерімді білмей сасып қалдым. Ол сөзін жалғап:

- «Бір нәрсені егжей-тегжейлі түсіндіру - оны жасаушы шеберді жоққа шығармайды, Енес бауырым!» - деді.

О, тоба! Бұрын неге мұны ойламағанмын дедім өз-өзіме. Ғылым онсыз да бар дүниенің түсіндірушісі емес пе? Ғылымның бір нәрсені түсіндіруі оны жасаушы шеберді жоққа шығармайды ғой.

Біз ойлаймыз, егер ғылым әлдебір түсініксіз нәрсені ашып, оған ғылыми түсініктеме берсе, болды, дін өшеді деп. «Дін мен ғылым кереғар» деген түсінік бар емес пе (соны айтып отырмын, сөйтсем, олай емес екен, қайта ғылым бір дүниені ашқан сайын оны жаратқан жаратушыға деген сенім арта түспек екен). Сыртқа шықтым да, құдай куә, бірден намазға бастаймын дедім...". 

Иә, кейде түсінбей жүрген нәрседен немесе әлдебір қате пікір қалыптастырудың кесірінен хақ дінімізді өтіріксініп жатамыз, тіпті бізді жоқтан бар етшу шебер Жаратушы Алланы өтіріксінуге дейін барамыз. «Алладан ең қатты қорқатындар - ғалымдар» деген қасиетті аятта айтылғандай, кішкене ақыл жүгіртіп, теңдесіз дініміз жайында зерттеп, зерделеп көрген әрбір білімді адам Құдайдың бар екендігін, дініміздің хақ екендігін түсінуі қиынға соқпас еді. Өздерін атеист деп, құдайға сенуді көрсоқырлық деп ойлайтын ғалым адамдар, тәкәппарлықты қойып және өзінің ЭГОсын жеңіп, объективті түрде қарай білсе, асыл дінімізге қатысты және Жаратушысына қатысты қате пікірде болып жүргенін түсінер еді. Әйтсе де, уақыт өткен сайын көп нәрсенің басы ашылып, дініміздің хақ екендігіне көзін жеткізіп жатқан ғалымдар күн санап артуда. Уа ахиру даъуәна аниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


 Жазбамызға мұрындық болып отырған кісінің сұхбатынан алынған бейнеүзіндіден аударылды. 

 

 

 

0 пікір