Бүгінгі сөз ететін тұлғамыз — белгілі фақиһ (фиқһ ғалымы), мүжтәхид Мұхаммад Әнуар ибн Муғаззам Шах. Ол хижри 1292 жылы (милади 1875 жылы) Кашмирде дүниеге келген. Ата-анасының тәлім-тәрбиесін көріп өскендіктен, тақуалығымен, көзін харамнан тыйғыштығымен және ұстаздарын ерекше құрметтеуімен танылды. Мәуләна Қари Мухаммад Таййіб (рахимахуллаһ) ол жайында:
«Бұрын Пайғамбар (саллаллаһу алейхи уа саллям) сүннетін Шейх Әнуардың жүріс-тұрысынан көретінбіз, Пайғамбар көркем мінезі шейхтің бойында бейнеленгендей еді», — деп еске алатын.
Ол фиқһ пен оның әдістемесі (усул әл-фиқһ) кітаптарын әкесі ғалым Ғұлам Расул әл-Һазаравиден оқыды. 17 жасқа толғанда Диубандқа сапар шегіп, сондағы «Дарүл-улум» медресесіне түсіп, хижри 1313 жылы (милади 1896 жылы) бітіріп шықты. Ол Сүннет шейхы Мәуләна Рашид Ахмад әл-Канкухи мен шейхүл-Һинд Мәуләна Махмуд әл-Хасаннан хадис оқытуға ижаза (рұқсат) алды. Оның хадис тізбегі (сәнәді) Имам әт-Тирмизиге және ханафи ғалымы Ибн Абидинге дейін жетеді.
Зеректігі мен кітап оқу әдісі
Шейхтің есте сақтау қабілеті ерекше, зейінді және кітапқа құмар еді. Бірде ол Хафиз әл-Айнидің «Умдатул-Қари шарх Сахих әл-Бұхари» еңбегін Рамазан айында толық оқып шығады. Ондағы мақсаты — шаввал айында басталатын жаңа оқу жылында «Сахих әл-Бұхариді» тереңірек зерттеуге дайындалу еді. Ал ұстазы Мәуләна Махмуд әл-Хасанның алдында «Сахих әл-Бұхариді» оқып жүргенде, Хафиз ибн Хажардың «Фатхул-Бари» еңбегін қатар оқып, толық игеріп шыққан.
Оның кітап оқудағы әдісі таңғаларлық еді: қолына басылған баспа кітап түсе ме, әлде қолжазба түсе ме, бір де бір сөзін қалдырмай бастан-аяқ оқитын. Үндістан ғалымдарының арасынан Мысырда басылып шыққан Имам Ахмад ибн Ханбалдың «Муснадын» бірінші болып толық оқып шыққан да осы шейх. Ол бұл еңбектен күн сайын 200 беттен оқып, ондағы хадистерді сараптап, үкімдерін бекітіп отырған.
Ғасыр хадисшісі: Хадис ғылымындағы феномені
Шейх Мухаммад Анвар шах тек хадис оқытып қоймай, өз заманында «Ғасыр хадисшісі» (Мухаддисул-аср) деп танылған феномен тұлға болды. Оның бұл ғылымдағы шоқтығын көрсететін негізгі қырлары:
-
Хадис пен иснадтарды жатқа білуі: Ол Имам әл-Бұхаридің «Сахих» жинағын және өзге де ірі хадис жинақтарын сөзбе-сөз, рауилер тізбегімен (иснадтарымен) жатқа білген. Хадис сабақтарында кітапқа қарамай, хадистің өзге варианттарын, жеткізушілердің сенімділігін (асмаур-риджал) жатқа талдап беретін.
-
Ханафи фиқһының хадистік негізін дәлелдеуі: Ол Ханафи мазһабының үкімдері Құран мен Сүннеттен алшақ емес екенін терең хадистік-академикалық талдаулар арқылы дәлелдеді (мысалы, намазда қол көтеруге қатысты жазылған «Найлул-Фарқадайн» еңбегінде).
-
Хадис шархындағы орны: Оның дәрістері негізінде жазылған 4 томдық «Файзул-Бари шарх Сахих әл-Бұхари» еңбегі — «Сахих әл-Бұхариге» жазылған ең үздік, терең әрі ғылыми салмағы жоғары шархтардың бірі болып саналады. Белгілі хадисші ғалым Абдул-Фаттах Абу Ғудда оның бұл еңбектегі білімін Хафиз Ибн Хажар әл-Асқаланидің дәрежесімен салыстырған.
- Ғылыми мәртебесі
Шейх Құран мен хадис ғылымдарының имамы, мазһабтар мен олардың арасындағы көзқарас айырмашылықтарын терең түсінген хафиз еді. Өзі ханафи мазһабында болса да, тек бір мектептің еңбектерімен шектелмей, өздеріне қатаң сын айтқан басқа мектеп өкілдерін де оқыды. Олардың қатарында Имам Ибн Таймия, Имам Ибн әл-Қаййим, Ибн Дақиқ әл-Ғид және Хафиз Ибн Хажар сияқты ғалымдар бар. Сонымен қатар ол Таурат пен Інжілдің (Ахдул-джадид, Ахдул-қадим) кітаптарын да оқып, иврит тілін үйреніп, Таураттан Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейхи уа саллям) хақтығын дәлелдейтін 100 сүйінші хабарды жинақтаған.
Ғылыми сапарлары
Ол оқуын аяқтаған соң бірнеше медреседе сабақ берді. Екі харамға (Мекке мен Мәдина) сапарлағанда Османы халифалығының белгілі ғалымы, «Ар-Рисалә әл-Хамдиддийя» авторы Шейх Хусейн әл-Джиср әт-Тарабулуси сияқты ірі тұлғалармен кездесті.
Екі харамнан қайтқан соң Диубандтағы «Дарүл-улумда» дәріс беріп, бұл қызметін хижри 1345 жылға (милади 1927 жылға) дейін жалғастырды. Кейін Гуджарат провинциясындағы Дахбилге көшіп, онда «Әл-Джамиатул-Исламия» деп аталатын үлкен институт пен «Әл-Мажлисуль-Илми» атты ғылыми-зерттеу орталығын құрды.
Замандастарының берген бағасы
Замандас ғалымдар оның тұлғасын жоғары бағалады (замандастың замандасқа берген әділ бағасы өте құнды болып саналады):
-
Шейх Сулейман ан-Надви: «Ол — сырты тыныш, бірақ түбі асыл тастарға толы тұңғиық теңіз сияқты еді», — деген.
-
Мысырлық хадисші Али әл-Ханбали: «Шейх Әнуар сияқты Ибн Таймия, Ибн Хажар, Ибн Хазм және әш-Шәукани сияқты ғұламалардың көзқарастарын бойына жинап, олардың ұлылығын сақтай отырып, араларында әділ сараптама жасай алатын ғалымды көрмедім», — деп таңғалысын білдірген.
Қадияндық тармаққа қарсы күресі
Әлемде көптеген бүліктер шыққаны белгілі. Соның ішінде Үндістан жерінде Ислам жауларының айтақтауымен пайғамбарлықты иемденген «қадияндық бүлік» пайда болды. Ғалымдар бұл теріс ағымға қарсы тұрып, оның жолын кесуге бар күшін салды.
Шейх Әнуардың бұл жолдағы еңбегі ерекше болды. Ол күндіз-түні тыным таппай, осы ағымның тамырына балта шабудың жолдарын ойлады. Барша ислам әлеміндегі ғалымдарды оятып, уағыз-насихат пен кітап жазу арқылы күресуге шақырды. Оның шәкірттері бұл адасқан топқа қарсы түрлі тілдерде кітаптар мен мақалалар жазды. Шейхтің өзі де араб және фарси тілдерінде бірнеше ірілі-кішілі еңбектер қалдырды:
-
Икфарул-мулхидин
-
Ат-Тасрих бима таватара фи нузулил-Масих
-
Тахиятул-Ислам фи хаяти Иса (алейхиссалам)
-
Ақидатул-Ислам фи хаяти Иса
-
Хатамун-набийиин (бұл еңбегі фарси тілінде, қалғандары арабша).
Ғылыми мұрасы мен шәкірттері
Шейх соңынан көптеген еңбектер мен екі мыңнан астам аты алты алашқа танымал шәкірттер қалдырды. Кейбір танымал шәкірттері:
-
Шейх Мұназир Ахсан әл-Джилани (ірі ғалым, хадисші, жазушы);
-
Мәуләна Хифзур-Рахман әс-Сухарви;
-
Шейх Қари Мұхаммад Таййіб;
-
Мәуләна Мұхаммад Идрис әл-Кандехлеви.
Танымал еңбектері:
-
Файзул-Бари шарх Сахих әл-Бұхари (4 томдық);
-
Арфуш-шаза ала Джами ат-Тирмизи;
-
Мушкилатул-Қуран;
-
Найлул-Фарқадайн фи масалати рафъил-ядайн;
-
Фаслул-хитаб фи масалати Уммил-китаб;
-
Дарбул-хатам ала худусил-алам;
-
Хазаинул-асрар.
Дүниеден өтуі
Шейх өмірін кітап оқып, сабақ беруге арнады. Өкінішке орай, хижри 1346 жылы (милади 1927 жылы) медреседе орын алған келіспеушіліктер салдарынан ол бас мүдәрристік және шейхүл-хадис қызметінен кетуге мәжбүр болады. Шәкірттерінің өтінішімен Сурат аймағындағы Дахбил ауылына көшіп, онда жаңадан ашылған «Әл-Джамиатул-Исламия» медресесінде дәріс береді.
Кейін ішек ауруы (бауырсор) күшейіп, сырқаты меңдеген соң Диубандқа қайта оралады. Хижри 1352 жылы Сафар айының басында (милади 1933 жылы мамыр айында) дүниеден өтеді. Жаназасына көптеген шәкірттері, ғалымдар мен жанашырлары қатысып, өзі тұрған үйдің жанындағы айт намазы оқылатын орынға жерленді. Алла Тағала ол кісіні өз рақымына алғай!
Аударған: Тажуддин әл-Азһари
islamweb.net