Баяғыда бір жігіт бір әйелге ынтызар болып, көңілі ауыпты. Күндердің бір күнінде әлгі әйел өзінің бір шаруасымен жолға шыққанда, жігіт те соңынан еріпті.
Иен шөлде, ел аяғы басылып, жұрт ұйқыға кеткен шақта, жігіт іштегі сырын ашып, ойын білдіріпті. Соңда әйел: «Айналаға бір қарашы, елдің бәрі ұйықтады ма екен?» – депті. Жігіт бұл сөзге қуанып, «әйел маған ыңғай берді, ол да кетәрі емес екен» деп ойлайды да, керуенді айнала шолып шығады. Елдің бәрі терең ұйқыда екенін көріп, кері оралып:
«Бәрі ұйықтап қалыпты!» – дейді алып ұшып.
Сонда әйел:
- «Ал дәл осы сәтте Жаратқан Алла Тағала туралы не айтасың?» – деп сұрайды.
Жігіт:
«Алла Тағала ешқашан ұйықтамайды ғой. Оны қалғу да, ұйқы да баспайды!» – деп жауап береді.
Сонда әйел:
«Олай болса, өзге жұрт бізді көрмей тұрса да, ешқашан ұйықтамаған әрі ұйықтамайтын Жаратқан Алла бізді көріп тұр. Адамдардан емес, ең алдымен Содан қорыққан жөн емес пе?» – дейді.
Мұны естіген жігіт Жаратқаннан қорқып, райынан қайтып, харам істен бас тартыпты. Істегеніне өкініп, тәубесіне келіп, еліне қайтқан екен.
Кейін ол дүниеден өткен соң, оны біреу түсінде көрген екен. Түсінде ол адам одан: «Алла саған қандай мәміледе болды?» – деп сурапты. Сонда ол: «Сол түні Жаратқаннан қорқып, күнәдан бас тартқаным үшін Алла күнәмді кешіріп, жарылқады», – деп жауап беріпті.1
1Имам Ғазали, «Мукәшәфәтуль Құлуб».