Имам Ғазали. Алланың ӘЛ-УӘҺҺӘБ есімінің түсіндірмесі.
Имам Ғазали. Алланың ӘЛ-УӘҺҺӘБ есімінің түсіндірмесі.
1 сағат бұрын 72 islam.kz/

ӘЛ-УӘҺҺӘБ - ҚАРЫМТАСЫЗ СЫЙ БЕРУШІ.

(Уаһһәб сөзімен түбірлес) «Хиба» сөзі – ешқандай қарымта немесе жеке мүдде көзделмей берілетін сый-сияпат дегенді білдіреді. Осындай қасиетпен үздіксіз, мол сый беретін затты (немесе тұлғаны) «Уаххаб» (Шексіз Сый беруші) және «Жәууәд» (Өте Жомарт) деп атайды.

Шынайы жомарттық пен шексіз сый беру тек Алла Тағалаға ғана тән. Өйткені Тәңір – әрбір мұқтажға қажетін беретін, оның қарымына ешнәрсе талап етпейтін, не тез арада (бұл дүниеде), не кейін (ақыретте) қайтатын ешқандай жеке пайда көздемейтін Жалғыз Ие.

Ал кімде-кім бір нәрсені сыйға тартып, сол арқылы жедел немесе кейін келетін бір пайдаға (мақтау-мадақ есту, сүйіспеншілікке бөлену, айыптан құтылу, абырой мен аты шығу сияқты) қол жеткізгісі келсе, ол – нағыз «Уаххаб» емес, және де нағыз «Жомарт» деп те айтылмайды, ондай адамды: жай ғана қарымта күтуші дейді. Өйткені қарымта дегеніміз тек заттай дүние емес; сый берушінің сол ісі арқылы қол жеткізгісі келген кез келген мақсат – қарымта болып саналады.

Абырой алайын, мақтау естиін немесе сөзге қалмайын деп жомарттық жасаған адам – саудаласушы адам. Ал Шынайы Жомарт деп – Өзіне ешқандай пайда қайтпаса да, мұқтаждарға игіліктерін сепкен Затты айтады. Өйткені бір істі «жасамасам айыпты/жаман көрінемін» деп, сол айыптан арылу үшін жасаудың өзінде мақсат пен қарымта бар.

Ескерту:

Құлдың бойынан шынайы жомарттық пен шексіз сый беру қасиетін табу мүмкін емес. Егер ол игі істі жасау ол үшін жасамаудан артығырақ болмаса, ол іске ұмтылмас еді. Демек, оның іс-әрекеті бәрібір өзінің белгілі бір мүддесі үшін болады.

Дегенмен, қолындағы бар дүниесін, тіпті өз жанын да Жәннәт рахатына жету үшін емес, Тозақ азабынан корқудан да емес, әрі пенделік мүдделерден толық арылып, тек қана Алла Тағаланың Ризашылығы үшін фида еткен адамды «Уәһһәб» немесе «Жомарт» деп атауға әбден болады. Мұндай мақсатты күтетін жомарт пендеден соң келесі кезектегі жомарт пенделер тұрады:

  • Одан кейінгі дәрежедегі жомарт – Жәннәт нығметіне жету үшін жомарттық ететін адам;

  • Одан да төменірек дәрежедегісі – жақсы аты шықсын деп жомарттық ететін адам.

Қарымтаны тек заттай дүние деп ойлайтындар, материалдық қайтарым талап етпеген кез келген адамды «жомарт» деп атай салады (алайда қарымта тек материалды түрде болмайды).

Егер сен: «Ешқандай дүниелік немесе ақыреттік пайда күтпей, барлық дүниесін тек Алланың Ризошылығы үшін берген адам қалайша жомарт болмайды? Оның мұнда ешқандай жеке пайдасы жоқ қой?» – десең,

Біз былай жауап береміз: Оның бұл істегі ең үлкен пайдасы мен бақыты – Алла Тағаланың Өзі, Оның ризашылығы, Онымен қауышу және Оған жақындау. Бұл – адам баласының өз еркімен жасайтын амалдары арқылы жететін ең жоғарғы бақыты. Осы бақыттың қасында басқа кез келген пайда өзінің құнын жоғалтады.

Егер сен: «Алланы таныған арифтер "Аллаға құлшылық еткенде ешқандай пайда күтпей, тек Оның Өзі үшін ғана ғибадат етеді" дейді. Егер құлдың ешбір амалы жеке пайдадан кенде болмаса, онда Аллаға тек Өзі үшін ғибадат етуші мен белгілі бір пайда үшін ғибадат етушінің айырмашылығы неде?» – деп сұрасаң,

Білгенің жөн: Бұқара халық «пайда/мүдде» деп өздеріне белгілі қарапайым мұқтаждықтар мен қарымталарды айтады. Кімде-кім солардан арылып, мақсаты тек Алла Тағала ғана болса, оны «пайда ойлаудан тазарған» дейді. Яғни, ол қарапайым халық түсінетін мүдделерден арылған.

Бұл мына мысалға ұқсайды: Құл өз қожайынына қожайынның өзі үшін емес, одан келетін сый-сияпат пен құрмет сияқты пайда үшін қызмет етеді. Қожайын да құлына құлдың өзі үшін емес, оның көрсететін қызметі үшін қарайласады.

Ал әке өзінің баласына одан бір пайда көрейін деп емес, баласының өзі үшін қамқорлық жасайды. Тіпті баласынан ешқандай қайтарым болмаса да, оны аялап-өсіреді.

Бір нәрсені Ол үшін емес, басқа бір нәрсеге жету үшін іздеген адам – шын мәнінде Оны іздеген болып саналмайды. Өйткені ол нәрсе түпкі мақсат емес, тек құрал ғана.

  • Алтын іздеген адам: Алтынның өзін іздемейді, ол арқылы тамақ пен киімге жетуді көздейді.

  • Тамақ пен киім: Олардың өзі түпкі мақсат емес, олар арқылы ләззат алу және ауыртпалықты (аштық пен суықты) жою көзделеді.

  • Ләззат алу мен ауыртпалықты жою: Осылар – түпкі мақсат. Олардан кейін басқа мақсат жоқ.

Осылайша: алтын – тамаққа жетудің құралы, тамақ – ләззатқа жетудің құралы, ал ләззаттың өзі – түпкі мақсат.

Сол сияқты, әке үшін де баласы – құрал емес. Әкенің мақсаты – баласының амандығы, өйткені баланың амандығының өзі – әке үшін бақыт.

Дәл осылай, Аллаға тек Жәннәт үшін ғибадат еткен адам – Алла Тағаланы мақсатына жетудің құралы етіп қойған, Оны түпкі мақсат етпеген.

Құралдың белгісі сол: егер мақсатқа ол құралсыз-ақ жету мүмкін болса, ол құрал ізделмес еді. (Алтынсыз-ақ мақсатқа жету мүмкін болса, алтын сүйікті әрі қажет болмас еді). Шын мәнінде сүйікті нәрсе – алтын емес, соңғы түпкі мақсат. Егер Аллаға тек Жәннәт үшін ғибадат ететін адамға Жәннәт ғибадатсыз-ақ берілсе, ол Аллаға ғибадат етпес еді. Демек, оның шын сүйгені әрі іздегені – тек Жәннәт.

Ал бойында Алладан басқа сүйіктісі де, іздегені де жоқ адамның басты бақыты – Алла Тағаламен қауышу, Оған жақындау және Оның құзырындағы мәртебелі періштелермен бірге болу. Ондай адам жайлы «Аллаға тек Өзі үшін ғибадат етеді» деп айтылады. Бұл оның «бақыт іздемейді» деген сөзі емес, керісінше, «оның ең үлкен бақыты мен мақсаты – Алланың Өзі, Одан өзге ештеңені қаламайды» дегенді білдіреді.

Кімде-кім Алла Тағаламен қауышудың, Оны танудың, Оны көрудің және Оған жақын болудың керемет ләззатына сенбесе, Оған ынтық болмайды. Ал Оған ынтызар болмаған адам үшін мұның ең үлкен бақыт екенін түсіну мүмкін емес.

Ондай адам Аллаға ғибадат етуде тек ақысын алмайынша жұмыс істемейтін жаман жалшыға (жұмысшыға) ұқсайды. Адамдардың көбі бұндай ләззаттың дәмін татпаған, оны түсінбейді де. Алланың Жұзыне қараудың ләззатын сезінбейді. Олардың бұған сенімі тек тілдерінде ғана. Ал ішкі жан дүниесі тек Жәннәт хорларымен ләззат алуға бейім әрі соған ғана сенген.

Сөз соңында ұғарың: Егер сен «Алламен қауышуды және Оған жақын болуды» адамның ең жоғарғы бақыты деп санасаң, онда «пайда мен бақыттан толықтай арылу» мүмкін емес екенін түсінесің. Ал егер «пайда/бақыт» дегенді бұқара халық түсінетін дүниелік немесе нәпсілік тілектер деп ұқсаң, онда мұндай арифтердің бойында ешқандай пенделік мүдде жоқ. Құлдың халы үшін қайсысы қайырлы әрі толық болса, ол үшін нағыз бақыт пен қайтарым – соның өзі1.

 

1Имам Ғазали: «әлУәһһәб» есімінің түсіндірмесі.

0 пікір