Ибн Халдун – Абдуррахман ибн Мұхамед әл-Хадрами (الخضرميّ). Тунистік тарихшы. Философ. Әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы ғалым. Туған жылы – миләди 1332 жыл. Қайтыс болған жылы: миләди 1406 жыл. Қабірі – Каир қаласында (Мысыр).
Оқыту жолдары
Ибн Халдунның пикірінше, ең алдымен шәкірттің білім алуға деген ынтасы мен қабілеті (ыңғайы) болуы керек. Алайда, қабілеті болса да, адам ғылымды бірден басып-озып меңгере алмайды. Бұл істе асып-саспай, сатылай оқыту (бірте-бірте үйрету) қажет. Білім қысқа аралықтағы қайталаулар мен мағынаны ашатын қарапайым мысалдар арқылы ғана санаға берік ұялайды.
Ғұлама бұл туралы былай дейді:
«Ғылымды қабылдау мен оны ұғу қабілеті біртіндеп қалыптасады. Бастапқыда шәкірт мәселенің мән-жайын толық түсіне алмайды, тек өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы ғана жалпылама ұғынуы мүмкін. Содан соң сол ғылымның мәселелерін қайталап, қарапайымнан күрделіге қарай тереңдей берген сайын оның ыңғайы да, ынтасы да артып, соңында білімді толық меңгеру дәрежесіне («мәләкаға») жетеді».
Сондай-ақ, Ибн Халдун ұстаздарға жаңадан бастаған шәкіртке бір уақытта бір немесе екі ғылымнан артық бермеуді тапсырады. Себебі: «Баланың басын бірден екі пәнмен қатырса, ол екеуін де дұрыс меңгере алмай, екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп санайды.
Ғылымды үйретудің үш кезеңі:
-
Бірінші кезең: Ғылымның негіздері мен басты қағидаларынан бастап, кейін сатылай түрде егжей-тегжейіне, сосын жалпылама түрде тармақшаларына өту. Бұл кезең соңында шәкіртте сол ғылымға деген алғашқы түсінік пен ыңғай («мәләка») қалыптасады, бірақ ол әлі тар аяда болады.
-
Екінші кезең: Ұстаз материялды қайтадан түсіндіріп шығады. Бұл жолы жалпылама мен егжей-тегжейліктің арасын тең ұстап, білімді бұрынғыдан да жоғары деңгейде береді. Кеңірек түсіндіріп, ғалымдар арасындағы талас-тартыстар мен олардың сүйенген уәждерін көрсетеді. Осылайша шәкірттің меңгеру қабілеті ширай түседі.
-
Үшінші кезең: Ұстаз тақырыпты үшінші рет қайталап түсіндіреді. Бұл жолы білім жолындағы кілтипаны бар, күңгірт немесе түйіні шешілмеген бірде-бір қиын мәселені қалдырмай, бәрін ашып береді. Осыдан кейін ғана шәкірт сол ғылымды толық меңгеріп («мәләкаға» жетіп) шығады.
Ибн Халдун мұны «пайдалы оқыту» деп атайды. Ол үшін білімді үш қайтара қайталап, қарапайымнан күрделіге қарай сатылай беру керек. Бұған қарама-қарсы әрекет ететін, яғни білім берудің жөн-жосығын білмейтін ұстаздарды ол қатты сынға алады:
«Біздің заманымыздағы көптеген мұғалімдердің оқытудың жүйесін білмейтінін көрдік. Олар әлі білімі қалыптаспаған балаға бірден ғылымның ең ауыр, түйінді мәселелерін алдына тартып, соны шешуді талап етеді. Онысын «шәкірттің зейінін ашамыз, шыңдаймыз» деп қате ойлайды. Баланың санасы әлі дайын емес тұста ғылымның ең жоғарғы шыңдарын оның басына үйіп-төгіп, ойын сапырылыстырып жібереді».
Баланы ұрмау керек
Ибн Халдун тек оқыту әдісін емес, ұстаздардың шәкіртке доқ көрсетіп, таяқпен жазалауын да қатты сынайды. Оның айтуынша, күштеу мен қаталдық балаға үш түрлі кесел әкеледі:
-
Баланың ынтасын қайтарып, бойын салғырттық пен еріншектікке үйретеді;
-
Мәжбүрліктен өтірік айтуға және жаман әдеттерге бой алдыртады;
-
Бойына қулық пен сұмдықты егеді.
Осы себепті Ибн Халдун мектептерде мұғалімдердің балаларды шамадан тыс ұрып-соғуына жол бермеу үшін арнайы қадағалаушының (мухтасибтің) құзыретін пайдалануды ұсынады.
Фатима Хафиз, мысырлық тарихшы және зерттеуші, зерттеу алаңы көбіне Исламтану саласы. Каир университетінің тарих кафедрасынан гуманитарлық ғылымдар бойынша PhD (докторлық) дәрежесін алған. Дереккөз: islamonline.net, қазақшалаған islam.kz