Имам Ғазали: «Насихат айтылатын қауым үшке бөлінеді...»
Имам Ғазали: «Насихат айтылатын қауым үшке бөлінеді...»
1 сағат бұрын 127
islam.kz

Ұлы ғалым Имам Ғазалидің «әл-Қыйстасуль Мұстақим» («Ақиқат өлшемі») атты еңбегінен үзінді аударылып отыр.


 

Біліп қой, Алла жолына шақырылатын адамдардың бір тобына – хикмет (терең даналық), екінші тобына – көркем насихат, ал үшінші тобына – пікірталас (айғақ келтіріп дәлелдеу) қажет.

Егер насихатқа мұқтаж жандарға хикмет берілсе, ол нәрестені құс етімен тамақтандырған сияқты, зиян тигізеді.

Ал хикмет иелеріне пікірталас әдісі қолданылса, олар бұдан жиіркенеді – бұл ересек азаматтың ана сүтін емуден жиіркенгені секілді.

Сондай-ақ, пікірталасқа бейім адамдармен Құранда көрсетілген ең көркем жолдан тыс межеде айтысу – құрмадан басқасын жеп үйренбеген бәдәуиге бидай нанын ұсынғанмен тең немесе бидайдан басқасын білмейтін қаланың тұрғынына құрма бергендей. Одан да Құранда баяндалған, Ибраһим (алейһиссалам) пайғамбардың ғибратты өнегесін ұстанған абзал.

Ол (Ибраһим пайғамбар) өзіне қарсы шыққан қарсыласымен сөз жарыстырғанда: «Мойындататын менің Раббым – тірілтеді әрі өлтіреді» (Бақара сүресі, 258-аят) деді. Қарсыласының бұл сөзді ұқпай: «Мен де тірілтемін әрі өтіремін» деп жауап бергенін көргенде, Ибраһим (алейһиссалам) оның болмысына қолайлы, түсінігіне жақын жолға көшіп: «Алла Тағала күн шығыстан шығарады, сен оны батыстан шығаршы!» деді. Содан кейін әлгі кәпір не дерін білмей сасып қалды (Бақара сүресі, 258-аят).

Ибраһим пайғамбар қарсыласының өліктерді тірілтуге қауқарсыз екенін дәлелдеймін деп сөз қуалап, ары қарай таласқан жоқ. Өйткені ол бұл ақиқатты қарсыласының түсінуі қиын екенін білді. Себебі ол адам өлтіруді «өлім беру» деп қабылдап тұрған еді, ал оны тереңдетіп түсіндіру оның сана-өресіне сай келмейтін.

Ибраһим пайғамбардың мақсаты қарсыласын рухи тұрғыдан жою емес, керісінше оның көзін ашып, қайта тірілту еді. Ал қолайлы азықпен тамақтандыру – тірілтуге бастайды. Керісінше, адамды шамасы жетпейтін нәрсеге зорлап, сөз қуалап қасарысу – оны рухани күйретумен тең.

Бұл – тек Алла берген білімнің нұрымен ғана ұғынылатын нәзік сырлар.

0 пікір