Меган Райс есімді американдық тиктокер қыз Таяу Шығыста орын алып жатқан қайғылы жағдайдан әсерленіп, Ғазза халқының табандылығы мен шыдамдылығының себебін іздестірген. Соңында олардың беріктігінің себебі жүректеріндегі иман екендігін түсінген ол, қасиетті Құран кітапты оқып зерделей бастаған. Ақырында жүрегінде иман нұрының шоғы тұтанып, жақында ғана Ислам дінін қабылдағандығын жариялады. Қазір Меган Райс хижаб киіп, Алла жолына түскендігін мәлімдеді. Тикток парақшасында тікелей эфирде тілін кәлимаға келтіріп, мұсылмандығын бүкіл жұртқа әйгіледі.
Меган қарындасымыздың мұсылман дінін таңдап, жүрегінде иман нұрының тұтанғанына барша мұсылман жұртшылығы қуанды. Алайда оның бұл қадамын жақтырмай, тіпті райынан қайтарғысы келгендер де табылған. Бірақ иманның дәмін сезініп үлгерген Меган өзінің парақшасында түрлі нәрселерді жазып, психологиялық қысым жасағысы келгендерге қарасты: «Миллион жыл өтсе де райымнан қайтпаймын» деп табандылығын паш етті.
Меган Райс афроамерикандық қыз. Өзінің 700 мыңға жуық оқырмандарына түрлі тақырыптарда видеолар әзірлеп салып отыратын болған. Алайда, Израиль әскерінің Ғазза қаласына шабуылынан кейін оның ішкі жан дүниесінде барлық нәрсе өзгерген. Ондағы бейбіт тұрғындардың өлімі, жазықсыз бүлдіршіндердің қирандының астында қалып, жан тәсілім етулері, бомбаның жарықшағынан денесі бөлшектенген адамдарды көріп қатты тебіреніске түскен. Бірақ оны есеңгіретіп, таңданысын тудырған - Ғазза мұсылмандарының иманы еді. Себебі қанша қиындық көріп жатса да сенімдеріне селкеу түспей, қайта имандары қуаттай түскеніне қатты таңданған. Содан кейін, олардың жүректеріндегі яқин иманның қайнаркөзі саналатын Құран кітапты қолына алып, аяттарды зерделей бастаған. Оның соңы Ислам дінін қабылдауға алып келген1.
Осы орайда айта кету керек, Ғазза мұсылмандарынан әсерленіп, мұсылман дінін таңдап жатқандар қатары күн санап артуда. Осы тұрғыда Алла Тағаланың мына бір қасиетті аяты ойға оралады:
«Олар ауыздарымен Алланың нұрын сөндіргілері келеді. Бірақ Алла кəпірлер ұнатпаса да нұрын тамамдаушы».
1Мәлімет шетелдегі интернет ресурстарынан алынды.
А. Қасым