"Мен атеистпін. Бірақ, Құранға тапсырыс бердім!..."
"Мен атеистпін. Бірақ, Құранға тапсырыс бердім!..."
7 ай бұрын 2267
Ғаззадағы мұсылмандардан әсерленген атеист әйел

Таяу Шығыста жағдай өршіп тұр. Ғазза қаласындағы қырғын толастамай жатыр. Көп елдің халқы қазіргі таңда ондағы жағдайды «геноцид» деп баға берді. Әлем жұртшылығы көшеге шығып, соғыстың тоқтатылуын талап етіп жатыр. Ал, Ғаззадағы еңкейген қарттан бастап, еңбектеген балаға дейін ауыздарынан Алласын тастамай, иман беріктігінің үлгісін көрсетіп жатқандығын байқауға болады.

Мәселен, тілі енді шыққан екі жарым-үш жастардағы, үсті-басы шаң-шаң, жаңа ғана бомбадан аман қалған бүлдіршіннің кішкентай алақанын жайын: «Я, Раббым! Я, Раббым!» - деген мінәжатын көргенде, кімнің де болса көзіне жас, ал көкейіне сұрақ ұялатары сөзсіз. Осындай имани гүлдің көрінісін көріп көптеген европа азаматтары: «оларға мұндай сабырды, қайсарлықты беріп тұрған қандай күш?» - деген сауалдың жауабын іздеуге кіріскен. Мына суреттегі американдық азаматша да солардың бірі. Сөзін «Мен атеистпін» деп бастаған бұл азаматша әңгімесін былай өрбітеді (бейнежолдамасынан аударып беріліп отыр): 

- «Мен - атеистпін. Бірақ, Құран кітапқа тапсырыс бердім. Өйткені, бұл кітап адамдарды соншалықты (Ғазза халқын айтып отыр) табанды қайсар қыла алатын болса, ол кітапты мен де оқығым келеді!» -

- дейді ол. Және де ондағы қырғынға өз елінің басшылары қолдау білдіріп жатқандығын жақтырмай сынаған ол, президен Джо Байденге бір-бір Құран кітап жіберуді ұсынып отыр: 

- «Сондай-ақ, әрбіріміз Джо Байденге - Ақ үйге Құран кітабын жіберуіміз керек деп ойлаймын. Осылайша, миллиондаған Құран кітабы Джо Байденге берілу керек. Өйткені, Джо айтқандай, соғысты тоқтатуға мүмкіндігі жоқ болса, біздің де оған дауыс беруіміздің мүмкіндігі жоқ (яғни, дауыс бермейміз). Ендеше, Джо Байденге дауыс бермейтін болсаңыздар, оған Құран кітап жолдаңыздар. Көрелік, Джо Байден, алдымыздағы аптада қанша Құран кітапты ала алады екен!» -

- деп аяқтайды сөзін. 

Өзін атеист ретінде танытып отырған бұл кісінің Ғаззадағы мұсылмандарға мұнша жанашырлық танытып отырғаны, біршеті - қуантады, бірақ біршеті - таң қалдырады. Неге десеңіз, әдетте, атеист дегенде, діндарларды жеккөретін, мұсылмандардың жер бетінен жойылып кетуін тілейтін әлдебіреулер елестеуші еді, себебі, кейбір исламофобтардың сөздері, еріксіз сондай түсінік қалыптастырады. Әсіресе, біздің елдегі кейбір төл дінімізге қарсы болып жүрген жерлестеріміздің «намаз оқушылардың бәрін бір жерге жиіп, өртей салса ғой» деген пікірлерін (комментария) оқығанда, төбе шашыңыз тік тұрады. Алайда, мына азаматшаның осы бір әрекетіне қарап, біздегі дінді, мұсылмандарды жамандап жүрген кейбір атеист немесе деист жерлестеріміздің қаншалықты мәдениетсіз, қараңғы екендіктерін түсінесіз. Сондай-ақ, бұл азаматшаның позициясына қарап, зұлымдыққа және әділетсіздікке қарсы тұру үшін мұсылман болу шарт емес, адам бол, жеткілікті дегенді де пайымдауға болады. Бұл кісіге Алла Тағала һидаят сыйласын. Ғаззадағы мұсылман бауырларымызға Алла Тағала жеңіс және ашық аспан нәсіп етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!  

А. Қасым.

 

0 пікір