Алғашқы құрбандық немесе Абыл мен Қабылдың оқиғасы
Алғашқы құрбандық немесе Абыл мен Қабылдың оқиғасы
3 жыл бұрын 16135

Хауа ананың Абыл мен Қабыл деген ұлдары өз жұптарымен (қарындастарымен) егіз дүниеге келді. Адам әкелері оларға өз сыңарына емес, өзге егіздердің сыңарларына үйленуге тиіс екендігін айтқан еді. Сондықтан да Абыл Қабылдың, ал Қабыл Абылдың сыңарына үйленуге тиісті болды. Бірақ Қабылдың сыңары Абылдың сыңарынан сұлу болатын. Қабыл бұл үкімге разы болмай, өз егізімен үйленуді қалайды. Адам әкесі оған қанша түсіндіргенмен, ол алған бетінен қайтпай, бірбеткейлік танытты. Сонда Адам ата екеуіне Аллаһ үшін құрбан шалуын талап етеді. Хақ тағала кімнің құрбанын қабыл қылса, Қабылдың сыңарын сол алатындығын айтады. Абыл шопан болатын. Ол бір қойын шалып, Хақ тағала үшін құрбан етті. Қабыл егінші еді. Ол да Хақ тағала жолында бір десте бидайды құрбан етті[1].

Хақ тағала Абылдың ғана құрбанын қабыл етеді. Сонда Қабылдың қызғанышы мен өшпенділігі қозып, өзін қоярға жер таппай, қатты долданады. Ақыры, ол бұл қорлыққа шыдай алмай, Абылды өлтіруге ниеттенеді. Абыл оның бұл пиғылын сезген кезде:

«Сен мені өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Күдіксіз, мен әлемдердің Раббысы Аллаһтан қорқамын! Мен сенің күнәңмен қоса өзімнің күнәмді арқалап күнәһар болғым келмейді. Сондықтан да абай бол! Бүкіл күнәні сен арқалайсың, оның соңы да тозақ. Өйткені залымдар осылай жазаланады»[2], – дейді.

Алайда Қабылда оның насихатын тыңдайтындай күй жоқ еді. Тұла бойын өшпенділіктің оты өртеп, жазықсыз Абылды өз қолымен өлтіреді. Осылайша жер бетінде  алғаш рет қан төгіледі. Періштелердің адам баласын қан төгуші дегені расқа айналып, адам деген абыройлы атқа дақ түседі. Қабыл – жер бетіндегі ең алғашқы кісі өлтірушісі, ал Абыл жер бетінің алғашқы нақақ шейіт ретінде тарихта қалады. Бір хадисте жер бетінде кімде-кім жақсылыққа бір жол ашса, сол жол жабылғанға дейінгі сауаптар әлгі адамның амал дәптеріне, ал кімде-кім жамандыққа біржол ашса, солжол аяқталғанға дейін күнәлар сол адамның амал дәптеріне жазылатындығы айтылады.

Ендеше, Қабыл жер бетіндегі қан төгу секілді күнәға ең алғашқы болып жол ашқандықтан, қияметке дейінгі төгілген қандардың обалы Қабылдың амал дәптеріне жазылады. Айтқандай-ақ Аллаһ елшісі бір хадисте:

«Зұлымдықпен өлтірілген адам баласының қанынан Адам атаның бірінші ұлы (Қабылдың есебі- не) бір үлес бөлінеді. Өйткені ол қылмыскерлердің көсемі болды», – дейді. Қабыл алғашқы қан төккен адам болғандықтан, бір адамды ғана өлтіріп қойған жоқ, ол қияметке дейінгі жазықсыз өлген кісілерді де бірге өлтірген болып, күнәларын арқалады. Негізінде, одан кейінгі замандарда кісі өлтірген адамның күнәсі Қабылдың күнәсінен онша қашық емес. Өйткен Құранда:

«Сондықтан Исрайыл ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса (тірілтсе), барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей деп жаздық»[3], – дейді.

Осыдан кейін Қабыл өлген бауырының қасында тұрғанда ғана өзінің қандай қылмысқа барғанын аңғарып қатты састы. Өлген денені не істерін білмеді. Өйткені Абылға дейін жер бетінде кісі өлімі орын алмаған болатын. Ол дағдарып тұрған кезде, жақын жерге екі қарға келіп қонады да, бір-бірімен шекісіп қалады. Сәлден соң қарғаның бірі екіншісін өлтіреді. Ол дереу жерді тұмсығымен қазып, өлген қарғаны сол шұңқырға көмеді[4].

Бұл уақытта хазірет Адам өзінің әулетіне Қабылды басшы етіп сайлап, өзі маңызды бір шаруамен сапарлап кеткен-ді. Келген бойда болған жайды естіп, қатты қайғырып, Қабылға қарғыс айтады. Қара бет болған Қабыл сыңарын алып, басқа жаққа қоныс аударады. Кейбір деректерде Йемен жаққа қарай кеткендігі айтылады. Осылайша Абылдың өлімімен аяқталған бұл оқиға шайтанның жер бетіндегі қол жеткізген ең алғашқы табысы болды.

"Пайғамбарлар тарихы" атты кітаптан.
Авторы: Қалмахан Сейтұлы. 
"Көкжиек" баспасы. 2011 ж.


[1] «Маида» сүресі, 27 аят.
[2] «Маида» сүресі, 28-29 аят.
[3] «Маида» сүресі, 32 аят.
[4] «Маида» сүресі, 31 аят.

0 пікір