Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед жайында не білесіз?
Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед жайында не білесіз?
6 жыл бұрын 5838
Абдусамат Қасым

Имам Мұхаммедтің толық аты-жөні - Мұхаммад бин әл-Хасан бин Фарқад әш-Шәйбәни. Күниясы – Әбу Абдулла.

Хижри жыл санағы бойынша 132 жылы (миләди 749 ж.) Ирак жеріндегі «Уасыйт» қаласында бақуатты әскери отбасында дүниеге келген. Ата-бабасының туған жері Сирия өңіріндегі «Хараста» ауылы. Сол себепті әкесін «Әл-Хасан бин Фарқад әл-Харастауи» деп атаған. Умейяттар дәуірінің соңғы кезеңінде әкесі отбасымен бірге Ирак еліне қоңыс аударады. Сөйтіп Уасыйт қаласында Имам Мұхаммад дүниеге келеді.

Алайда көп ұзамай ата-анасы Куфа қаласына көшеді. Куфа қаласы ол кезеңде ғылым орталығы саналатын. Бұл қалада Имам Ағзам Әбу Ханифа сынды көптеген ғұламалар өмір сүрді. Көптеген медреселер бой көрсетіп, ғылыми мәжілістерден шәкірт үзілмейтін. Осындай қалада тұрып, жас Мұхаммедтің ғылымға бет бұрмауы мүмкін емес еді. Ол кішкене күнінен бастап Құран жаттап, араб тілі дәрістері мен хадис риуаяты дәрістерін оқыды. Ол өте зерек, алғыр әрі қабілетті тұғын. Бұнымен қатар, мінезі де көргем болған. Осы ерекшеліктердің арқасында ол өзге шәкірттерден үнемі көш алда жүретін.

Әбу Ханифаға шәкірт болуы

Мұхаммед ибн Хасанның бүкіл Ислам әлеміне танымал, көптеген ғұламаларға ұстаздық еткен Имам Ағзам Әбу Ханифамен кездесуі былай басталады:

Бір күні жас Мұхаммед Куфа қаласының «Бәну Харам» атты шағын ауданына барады. Имам Ағзам сол жердің мешітінде дәріс жүргізіп отыр екен. Жас Мұхаммад өзге балалар сияқты есіктен сығалап, ұстаздың сөзін тыңдайды. Ғұлама дәріс беріп тұрып, бір сөзінде: «Егер балиғатқа толмаған бала құптан намазын оқып ұйқтап, ұйқысында ихтилям болса (түс көріп, ұйқыда шәуеттің бөлінуі, бұл – балиғатқа толғандығының белгісі) және мұнысын құптан намазының уақыты шықпай жатып байқаса, ол жігіт оқыған намазын қайта оқуы керек», – дейді. Сол сөзден кейін жас Мұхаммед мешітке кіріп, құптан намазын қайта оқиды. Бұны көрген Имам Ағзам: «Қазір оқыған намазын қай намаз», – деп сұрайды. Мұхаммед Имам Ағзамның жаңа айтқан сөзіне амал еткендігін айтады. Сонда Ұлық Ұстаз жас баланың жаңа ғана естіген үкімді іс жүзіне асырғанына сүйсініп: «Балақай, сен біздің дәрісімізді бұдан былай жіберме!» – деп Мұхаммедті өзіне шәкірт етіп алады.

Осылайша жас Мұхаммед Ұлық Ұстаздың дәрісіне қатыса бастайды. Кейде дәріс барысында ұстазымен бір мәселенің үкімі жайында келіспей қалатын кездері де болатын. Ұстазы жас шәкірттің алғырлығы мен қабілеттілігін бірден байқап, оған бұрыннан да қатты көңіл аудара бастайды. Өйткені, оның қойған сұрақтары мен талқыға салған мәселелері өте күрделі әрі шетін еді. Қойған сұрағының маңыздылығына тәнті болып Әбу Ханифа одан: «Бұл сұрақты біреу үйретті ме, әлде өзіңнің сұрағың ба?» деп сұрайтын. Шәкірт өзінен екенін айтқанда Имам Ағзам: «Қойып отырғаның үлкен кісілердің сұрағы. Сен пікірталастарға да келіп тұр», – дейтін. Сол уақыттан бастап ұстаздың соңынан еріп, лық толған дәріс алқаларынан қалмай, Имамның әр сұраушыға берген жауабын көкейге түйіп, одан қала берді қағаз бетіне түсіріп жүретін болды.

Ол Ұлық Имамға төрт жыл шәкірт болды. Әбу Ханифа қайтыс болғаннан соң оның орнына шәкірті ғұлама Имам Юсуф дәріс бере бастады. Имам Мұхаммад ары қарайғы ілімін осы ғалымнан жалғастырды.

Имам Мұхаммедтің өзге де ұстаздары

Кейінірек Имам Мұхаммад Мәлики мәзхабын құрушысы Имам Мәлікке де шәкірт болды. Ол – Имам Мәліктің қасында үш жыл жүріп, Мәлики мектебінің фиқһ жүйесін меңгеріп, Имам Мәликтен жеті жүзден астам хадис риуаят етеді. (Имам Мәлик қайтыс болғанда Имам Мұхаммәд елу жасқа таяп қалған еді. Сегіз жылдан кейін өзі де о дүниеге аттанады).

Бұнымен қатар Имам Мұхаммед заманының ғалымдары аталатын Абдуль Малик бин Абдиль Ғазиз, Имам Абдур Рахман бин Амр әл-Әузағи, Имам Зуфар бин әл-Һузайли, Суфянус Сәури сынды хадисші, фақиһ ілім иелерінен де ілім үйренді.

Шәкірттері

Имам Мұхаммед тапжылмай ғылым үйренудің арқасында өзі де ғалымдық дәрежеге жетеді. Оны ғұлама ретінде өзге мамандар мойындай бастайды. Ұзақ ізденістен кейін ол Куфа қаласына оралып, алған білімін халыққа үйретеді. Көптеген шәкірттер тәрбиелейді. Алыстан келетін шәкірттері одан ілім үйреніп, үйренгендерін өз елдеріне таратады. Оның ғылым мәжілісіне қатысу үшін Ирак, Харасан, Мәғриб сияқты алыс жерлерден шәкірттер ағылып жататын. Имам Мұхаммадтің қолынан бірнеше ғұлама, бірнеше мүжтәһид тәрбиеленді. Олардың арасыда Шәфиғи мәзһабын құрушы мүжтәһид Мухаммәд бин Идрис әш-Шәфиғи (150-204 ж), Яхя бин Муғин әл-Бағдади (158-233ж), Мүхаммәд бин Самаға әт—Тәмими (130-233 ж) бар.

Жазған еңбектері

Имам Мұхаммад Куфада көп қалмай Бағдад қаласына көшеді. Ғылымын сол жақта жайып, көптеген еңбектер жазады.

Ғұлама Бурхануддин әз-Зәрнужи ол жайында былай деген: 

«Мұхаммад бин әл-Хасан (р.а.) түнде ұйықтамайтын еді. Жазып жатқан жазбалары алдында үйіліп тұратын. Бірін бітсе, екіншісіне ауысатын. Және қасына бір шөлмек су қойып қоятын. Ұйқысы келген жағдайда сумен ұйқысын қашыратын. «Ұйқы ыстықтан туындайды» деуші еді». 

Бар ынтасымен ғылымға берілген Имам артында баға жетпес еңбектер қалдырып кетті. Оның еңбектері ханафи мәзхабының қайнар көзі саналады. Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Юсуфтың құқықтық жүйесін, ол екеуінің шығарған пәтуаларын, жалпылама Ханафи мектебі негіздемелерінің мұсылмандар арасына таралуында Имам Мұхаммедтің рөлі орасан зор. 

ХХ ғасырда өмір сүрген ғалым Мұхаммад Әбу Заһра бұған қатысты былай деген:

«Әлемге кеңінен таралған Әбу Ханифа мәзхабы және жалпы Ирак құқықтың мектебі Мұхаммәд бин әл-Хасанның кітаптарына борыштар». Өйткені, соның жазған еңбектері арқасында Ирак ғұламаларының қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды.

Имам Мұхаммедтің жазған еңбектерін мамандар екі топқа бөледі.

Бірінші топтағы еңбектеріне мыналар жатады:

1.әл-Мәбсут (Асл),

2. әл-Жәмиғус Сағир,

3. әс-Сиярус Сағир,

4. әс-Сияруль Кәбир,

5. әл-Жәмиғуль Кәбир

6. әз-Зиядат.

Бұл кітаптар топтамасын Ханафи мәзхабында «Захирур Риуая» деп атайды. Өйткені, олар келер ұрпаққа көптеген шәкірттері арқылы «мүтәуәтр» және «мәшһур» жолмен жеткен. Бұл еңбектер топтамасы – Ханафи мәзхабының іргелі-негізді кітаптары саналады. Ханафи мәзхабында бір нәрсенің үкімін білу үшін әуелі «Зәхирур Риуая» еңбектерінен яғни бірінші топқа жататын кітаптардан іздестіріледі. 

Аталмыш топқа мына үш еңбегін де кіргізсе болады:

1. «Китабуль Муатта» атты хадис кітабы. Мұнда Имам Мәликтен естіген хадистері жазылған.

2. «Мәдинә ғалымдарына қарсы айтылған дәйектер» кітабы.  

3. «Китабуль Әсәр» деген еңбегі.

Екінші топтағы еңбектері:

Бұл топқа «Захирур Риуаядан» өзге жазған еңбектері кіреді. Олар:

1.«Зиядатуз Зиядат»,

2. «Китабуль Кәсб»,

3, «Китабун Нәуадир»,

4, «әр-Рақият»,

5, «Әл-Кәйсаният»,

6, «Әл-Журжаният»

7, «әл-Харуният».

Бірінші топтағы кітаптардан бұлардың айырмашылығы – бұлар келер ұрпаққа аз ғана шәкірттері тарапынан жеткен, яғни, мүтәуәтр не мәшһур жолмен жетпеген.

Имам Мұхаммедтің ғылыми дәрежесі

Ғылыми дәрежесіне келер болсақ, Имам Шафиғи ол тұралы: «Мен одан ақылды адам көрмедім. Ол араб тілін жақсы білгендігі соншалықты: Құран Мұхаммад бин әл-Хасанның тілімен түскен еді дер едім», – деп оның араб тілін өте жетік меңгергендігін білдірген.

Сондай-ақ, Имам Шафиғи тағы бір сөзінде: «Менің мына екі көзім Мұхәммад бин әл-Хасан сияқты адамды көрмеді. Ол заманда ешбір әйел оған ұқсас адамды дүниеге әкемеді», – деген.

Ибн Тәймияның мынадай бір сөзі деректерде айталады:

«Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед – Әбу Ханифаның шәкірттері. Ол екеуінің Әбу Ханифамен салыстырғандағы дәрежелері - Имам Шәфиғиді Имам Мәликпен салыстырғандағы дережемен тең».  

Әл-Хасануль Хажуи әл-Мәлики былай дейді: 

«Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад және Имам Зуфәр мен Ибн Зияд мүжтахид болып есептеледі».   

Ғұлама Шаһ Уалиуллаһи әд-Дәһләуи: 

«Әбу Юсуф та, Мұхаммад та өз алдына мүжтәхид ғалымдар».

Ғұлама Әбу Ғабдулла Қасым бин Сәлләм была дейді: 

«Алланың кітабын Имам Мұхаммадтан артық білетін адам көрмедім». 

Имам Мұхаммедтің хадистегі дәрежесі 

Хадис ғалымы Имам Даруқутни Ол жайында: «Мұхаммадтың айтқан хадистері мен үшін сенімді», – деген.

Имам Әбу Дауід те ол жайында: «Оның риуаяты жерде қалмайды» дейді.

Имам Мұхаммад хижри жыл санауы бойынша, 189 жылы (миләди 805 жылы) Рей қаласында дүниеден озады. Алла одан разы болсын!

0 пікір