ТАҚУАЛЫҚ ЖАЙЫНДА
ТАҚУАЛЫҚ ЖАЙЫНДА
3 жыл бұрын 5821

Тақуалық – жүректі Аллаһ Тағаладан ұзақтататын барлық нәрселерден тазарту арқылы Оның көркем сипаттарының көрінісіне айналу. 

Тақуалық – мүминнің Аллаһтың  қорғанын  паналай  отырып, ақыретте өзіне зияны тиетін нәрселерден ұқыптылықпен сақтануы және күнәлардан бойын аулақ ұстап, ізгі амалдар істеуі.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хазірет Әбу Зәрге (р.а.) тақуалықтың Алла Тағаланың құзырында амалдардың мәртебесі мен қабыл болуының бірегей өлшемі екендігін түсіндіре отырып былай деген:

«Тыңда! Сен қызыл нәсілдіден де, қара нәсілдіден де  артық  емессің! Олардан тек тақуалықпен ғана жоғары бола аласың». (Ахмед V, 158).

Тағы бір хадисінде:

«Сендердің іштеріңдегі ең тақуаларың – менмін» (Бұхари,  иман, 13; Мүслим, Сиям, 74) - деген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірінің  әрбір  кезеңінде  тақуалықпен  әрекет  еткен. Сондықтан, тақуа мүмин болу үшін Аллаһтың Елшісінің сүннетіне көңіл бөліп, оны үлгі-өнеге тұту қажет.  

Хазірет Исаның (аләйһиссәләм) тақуалыққа берген мына анықтамасы қандай тамаша десеңізші: Бір кісі иса Пайғамбарға (аләйһиссәләм) келіп:

«Ей, жақсылықтарды  үйретуші ұстаз!  Аллаһтың тақуа құлы болуы үшін не істеу керек?» - деп сұрады.

Хазірет Иса (ғаләйһиссәләм):

– Бұл өте оңай нәрсе. Әуелі Аллаһ Тағаланы шын көңіліңмен жақсы көріп, Оның разылығы үшін қолыңнан келгенше салих (ізгі) амалдар жасайсың. Сосын өзіңе жаның ашығандай бүткіл адам баласына жанашырлық танытып, рақымдылық пен мейірімділік көрсетесің, - деп жауап берді. Сонымен қатар:

- Өзгенің  саған  істеуін қаламайтын нәрсені сен де басқаларға істеме! Міне, сол уақытта Аллаһтың нағыз тақуа құлы боласың! – деді. (Ахмед, Зүһд, 59 б.).

Хазірет Омар бір күні Убәй бин Кағб радиаллаһу анһудан тақуалықтың не екендігін сұраған еді. Сонда Убәй радиаллаһу анһу:

– Ей, Омар! Сен өміріңде тікенді жолмен жүріп көрдің бе? - деді.

Хазірет Омар:

– Иә, жүрдім, - деп жауап берді.

Убәй радиаллаһу анһ оған:

– Сол кезде не істедің? - деді.

Хазірет Омар:

– Киімімнің етегін түріп алдым да, тікендерді баспау үшін барынша сақтықпен жүрдім, - деді.  

Сол кезде Убәй бин Кағб:

– Міне, тақуалық деген де осы, - деп жауап берді. (Ибн Кәсир, Тәфсирул-Құранил-Азим, Бейрут 1988, I, 42).

Тақуалықтың басы – күпірлік  пен  ширктен отқа түсуден қашқан сияқты қашу. Мұның көрінісі – парыздарды толық орындап, бүткіл күнәлардан сақтану. Пайғамбарымыз  (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм)  былай  деп бұйырады:

«Қай жерде жүрсеңде, Аллаһтан қорық (тақуа  бол)! Істеген жамандығыңның артынан дереу жақсылық жаса, жамандығыңды жойсын! Адамдармен көркем ахлақпен (әдеппен) мәміле жаса!» (Тирмизи, Бирр, 55/1987).  

Тақуалықтың заңғар шыңы – жүректі Ұлы Аллаһтан ғапыл қылатын барлық нәрседен ұзақ ұстап, ішкі жан дүниемен Аллаһ Тағалаға бет бұру. Бұл мәртебенің соңы жоқ, шексіз. Міне бұл құран Кәрімнің:

«Ей, иман еткендер! Аллаһтан қалай қорқу қажет болса, солай қорқып, (әмірлеріне  қарсы  келуден)  сақтаныңдар да, тек мұсылман болған күйде жан беріңдер!» (Әли имран сүресі, 102-аят) - деген аятында әмір етілген, ол - хақиқи-шынайы тақуалық.

Тақуалықта кемел дәрежеге жету үшін күмәнді нәрселерден алыс тұру шарт. Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм) бір хадисінде былай дейді:

«Пенде тыйым салынған нәрселерді істеп қоюдан қорқып, кейбір тыйым салынбаған нәрселерді тастамайынша шынайы тақуалық дәрежесіне жете алмайды». (Тирмизи, қиямет, 9/2415; ибн Мәжә, Зүһд, 24).

Осы жайында Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһу) мынадай ескерту жасаған:

«Адам жүрегін кеміріп, ішкі жан дүниесін мазалайтын нәрселерді тәрк етпейінше тақуалық дәрежесіне жете алмайды». (Бұхари, иман, 1).

Пенде тақуалық  дәрежесіне  жету  үшін  әрдайым нәпсісімен  есептесіп отыруы керек. Өйткені, жүректің ең үлкен дұшпаны болып табылатын «нәфс әммараның» (үнемі әмір етіп тұратын нәфсі) тілек-қалауларына қарсылық көрсетіп, оның апаттарынан сақтану - тек тақуалық сезімді күшейтіп-қуаттандыру арқылы ғана мүмкін болмақ.

Пайғамбар Юсуф (аләйһиссәләм) алдына жайылған нәпсіге жағымды, тартымды дүниелердің арбауынан сақтану үшін «маазаллаһ» (Алладан пана тілеймін) дей отырып, олардан құтылудың жалғыз жолы – шынайы тақуалықпен «Аллаһқа сыйыну» екендігін көрсеткен. Бұл иләһи жәрдемнің келіп жетуі үшін міндетті түрде тақуалықтың қажет екендігін байқатады. Сүйікті Пайғамбарымыз да (с.а.у.) өзіне тақуалықты нәсіп етуі үшін Ұлы Жаратушыға былай деп дұға ететін:

«Аллаһым! Нәпсіме тақуалық беріп, оны тазарта гөр! Оны тазартушы тек Өзіңсің. Сен оның иесісің  әрі қожайынысың (уәлиісің және Мәуләсысың)». (Мүслим, Зикр, 73).

«Аллаһым! Сенен тура жол, тақуалық, абырой және көңіл байлығын тілеймін». (Мүслим, Зикр, 72).

Аллаһтың құзырында адамдардың ең мәртебелісі – ең тақуа болғандары. (Хұжұрат сүресі, 13-аят).

Аллаһ Тағала тақуа құлдарын жақсы көреді. (Әли Имран сүресі, 76-аят).

Тақуа құлдарға көк пен жердің кеңдігіндей жәннат уәде етілген. (Әли Имран сүресі, 133-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ Тағала тақуа құлына жақсылық пен жамандықты ажырата білетін қасиетті нәсіп етіп, оның күнәларын кешіреді. ( Әнфал сүресі, 29-аят).

Қиналған  сәттерінде  оған  шығар  жол  көрсетіп, ойламаған жерден ризық береді. Жұмыстарын жеңілдетіп, жамандықтарын кешіреді де көптеген сый-сияпат нәсіп етеді. (Талақ сүресі, 2-5 аяттар).

Әбу Зәр (радиаллаһу анһу) риуаят еткен хадисте Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні сахабаларына:

– Мен бір аят білемін. Егер адамдар сол аятты ұстанатын болса, барлық нәрсе үшін жеткілікті болар еді, - деді.

Сахабалар:

– Уа, Аллаһтың Елшісі! Ол қайсы аят? - деп сұрады.

Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«...Кім Аллаһтан қорқатын (тақуа) болса, Аллаһ Тағала оған шығар жол нәсіп етеді», (Талақ сүресі, 2-аят) - деген аятты оқыды. (ибн Мәжә, Зүһд, 24).

Пайғамбарымызға  рухани  тұрғыдан  ең  жақын  кісілер – тақуалар.  

Муаз бин Жәбәл (радиаллаһу анһу) былай дейді:

«Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мені Йеменге әкім етіп жіберіп жатқан кезде шығарып салу үшін Мәдинаның сыртына дейін ілесіп шықты. Мен ат үстінде, ал ол болса жаяу келе жатты. Маған біраз насихат айтты да кейін:

«Ей, Муаз! Бәлкім, осы жылдан соң мені көрмейтін де шығарсың. Мүмкін мына мешітім мен қабірімді зиярат етерсің» деді. Бұл сөздерді естіген соң Аллаһтың Елшісімен қоштасатыныма қатты қайғырып  жылай  бастадым. Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Жылама Муаз!» - деді де жүзін Мәдинаға қарай бұрып:

«Адамдардың ішінде маған ең жақыны қай жерде болса да, Аллаһтан қорқатын тақуа кісілер» деп дұға жасады. (Ахмед V, 235; Хайсәми, Мәжмаьуз-Зауайд, Бейрут, 1988, ІХ, 22).

Келесі бір хадисте сүйікті Пайғамбарымыз:

«Күмәнсіз, менің достарым тақуалар» - деген. (Әбу Дәуіт, Фитән, 1/4242).

Тақуалықта кемелдік дәрежеге жеткен жүрек, Аллаһтың назары түсетін орынға айналады әрі иләһи хикмет-сырлардың көрініс тапқан мекені болады.

ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР

Имам Ағзам, имам Шафиғи және Ахмед бин Ханбал сынды ғұлама ғалымдар өмірлерін тақуалықпен өткізген. Бұған мысал ретінде:

Бір күні киіміне тиген кішкене дақты тазалап жатқан имам Ағзамды көрген бір кісі одан:

–  Уа,  имам!  Берген  пәтуаңыз  бойынша  мына  кішкентай  дағыңыз намазға  кедергі  емес  қой,  оны  неге  тазалап  әуре  боп  жатырсыз?  - деп сұрайды.

Хазірет Имам Ағзам оған:

– Ол – пәтуасы. Ал бұл – тақуасы, - деп жауап берген екен.

Байқағанымыздай, тақуалық – Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарының алдында өте ұқыпты әрі мұқият болу.

Тақуалық  харам  істеп  қою  қаупімен күмәнді нәрселерден қашуды, тіпті кейбір мұбах нәрселерді де тәрк етуді қажет етеді. Бұған бір мысал:

Мемлекеттің қарулы күшін жоғары дәрежеге көтеріп, шебер саясат ұстанудың арқасында ішкі жанжалдарды ауыздықтаған әрі мемлекетті бұрынғы абыройлы деңгейіне жеткізе бастаған Сұлтан Абдулазиз Хан күллі әлемнің назарын өзіне аудартты. Сол себептен де, Франция және Англия сияқты алып мемлекеттер оны өз елдеріне сыйлы қонақ болуға шақырды. Абдулазиз хан өте діндар адам еді. Ол еуропалықтардың тағамдары ислам шариғатында тыйым салынған болуы мүмкін деген оймен өзімен бірге аспаздарын да ерте барған.

Абдулазиз хан діни ұстанымдарға  өте  берік, өмірін  бір  қалыпты жүйемен  өткізетін  салих  мұсылман  болатын. Бүткіл өмірі бойынша қарапайым судың орнына зәмзәм ішетіндей дәрежеде өте тақуа еді. Тіпті, еуропаға сапарға шыққан кезде өзімен бірге дәрет суын ала баратындығы жайында да деректер кездеседі. Намазын уақытылы өтеп, құран Кәрімді көп  оқитын. Дұшпандары тарапынан  аяусыз  шейіт  етілген кезде  де бөлмесіндегі үстелдің үстінен «Юсуф» сүресі ашық тұрған құран Кәрім табылған. Оның мүбәрак қаны жағылған сол құран Кәрім қазір Топкапы сарайында сақтаулы тұр. (Стамбул).

Бір хадис шәріпте былай делінген:

«Адам қалай өмір сүрсе  солай  өледі, ал қалай өлсе, солай тірілтіледі». (Мүслим, Жәннат, 83; Мүнауй, Фейзул-Қадир, Бейрут 1994, V, 663).

Аллаһ Тағала баршамызды нәпсінің қулығы мен сұмдығынан сақтап, ғапылдыққа мүмкіндік бермей, әрдайым жүрегіміз мен көкірек көзімізді ояу ұстауымызды және тақуалықпен құлшылық етуді нәсіп еткей! Әмин!..

"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітаптан ықшамдап алынды. 
Авторы: Осман Нұри Топпаш. ("Хикмет баспа үйі)

0 пікір