«Рас, намаз оқу керек екенін білемін, бірақ, шынымды айтсам, менің уақытым жоқ»
«Рас, намаз оқу керек екенін білемін, бірақ, шынымды айтсам, менің уақытым жоқ»
4 ай бұрын 2233

«Рас, намаз оқу керек екенін білемін, бірақ, шынымды айтсам, менің уақытым жоқ»

Ең сорақысы, кейбір адамдардың Аллаһтың құзырына шығып, көркем сұхбат құруға деген «уақыттарының жоқтығы». Дүниелік қызықтар мен ұшы-қиыры жоқ бітпейтін бос тірліктерге уақыт табылғанда, күллі жаратылыстың Иесіне он бес минут уақытын қия алмау қандай өкінішті! Аллаһ тағала бізге тегіннен тегін жиырма төрт сағатты беріп, «осы жиырма төрт сағаттың бірін маған бер, есесіне мен саған жұмақ дейтін мәңгілікке тұрақтайтын ғажайып мекеннен орын сыйлаймын» деуде.

Ал біз ақымақтықпен орынсыз сараңдық танытудамыз. Мына бір мысалды тілге тиек етейік; бізге бір адам күнделікті жұмсауымыз үшін белгілі бір мөлшерде ақша беріп отырса, және осы ақшаны ол адамнан күн сайын өзіміз барып алып тұрсақ, онымен кездесуге уақыт жоқ деп айта аламыз ба? Құлға тіл бітірген бір уыс алтын сықылды, жоғыңды өтеп беретін осы бір қағаз байлықты күнде барып алып кетуге уақытым жоқ десеңіз, айналаңыздағы жұрттың не ойлайтынын кім білсін? Олай болса, Аллаһ тағала бізге күндік тыныс алуымыз үшін ауаны, күллі ғаламшарларға нұрын шашқан алып күнді, тіршілік кешуіміз үшін алып сарайдай түрлі кереметтерге толы жұмыр жерді, түрлі қажетімізді өтейтін сыйын табақпен тартқандай алдымызға сыйлады. Қалайша осының бәріне көзді тарс жұма қараймыз? «Намаз оқуға уақытымыз жоқ» деп айтуға қалай ғана аузымыз барады? 

Ар-ұжданымызды бір мезгіл тыңдап көрелікші?! Ұждан өтірік айтпайды. Жүрек қалауы не дейді екен? Жүрек алдамайды. Егер бұлар тыныш болмаса, демек болашағымыздан бірдеңе сезіп жатыр деген сөз. Бәлкім, алдын-ала ескертуі шығар?! Әлі де кеш емес. Ендеше, неге ақыретіміз үшін қам қылмаймыз? 

Нұрлан Сайлауұлы, Еркбұлан Ыбырайымұлы, «Намаз діннің тірегі». 

0 пікір