Пітір садақасын не үшін береміз?
Пітір садақасын не үшін береміз?
1 жыл бұрын 6525

Аллаһ тағала сауабы мол қасиетті рамазан айында, өзінің сүйікті елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқылы мұсылман жұртшылығына пітір садақасын беруді міндеттеді. Арап тіліндегі «фитр» сөзінің тілдік мағынасы "жаратылыс", "оразада ауыз ашу" дегенді білдіреді. Қазақ тілінде «пітір» деп қолданылысқа еніп кеткен. Сондай-ақ рамазан айындағы оразасын тамамдау және біліп-білмей істеген қате-кемістіктеріне төлем ретінде берілетін немесе әр адамның жеке басы (пендеге құлшылық етуге күш-қуат берген Аллаһ тағалаға шүкіршілік) үшін берілетін садақа. Пітір садақасы һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз болған жылы шариғатқа енген.

Омар ибн Абдулазиз халыққа пітір садақасын беру жайлы сөз қозғағанда Құрандағы:

«Әлдекім тазарса (пітір садақасын берсе), мақсат-мұратына жетеді»1, – деген аятты оқып, пітір садақаның міндеттілігін түсіндіретін.

Ибн Аббас (р.а) Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пітір садақа жайлы айтқанын былайша бізге жеткізеді:

«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ораза ұстаған адамды тазартатын пітір садақасын беруді міндеттеді. Пітір беру ораза ұстаған адамды жағымсыз іс-әрекеттерінен туындаған күнәларынан тазартады. Әрі кембағалдар үшін бойына күш-қуат береді. Кімде-кім пітір садақасын намаздан (айт намазы) бұрын берсе, онда зекеті (пітір садақасы) қабыл болады. Ал намаздан кейін берсе, жай садақаның үкіміне жатады»2.

Яғни, ораза ұстаған адам кейбір дүниелік істерге бола көңілге келетін жаман сөздер айтып, жағымсыз әрекеттерге барып басқаларды ренжітіп қоюы мүмкін. Мұндай істер оразаны бұзбаса да оразаның сауабын кемітіп, ораза ұстаушының көңіліне күдік салады. Пітір садақасы осындай күдіктен айықтырып, кемшілігінің орнын толтырады.

Пітір садақаның пайдалары

1) Қате-кемшіліктерді толықтырады. Ораза айында тілімен, ойымен, көзімен істеп қойған қате кемшіліктерді өшіреді. Осылайша оразада жасалған кейбір кемшіліктерден тазарып, ақыретте оразаның толық сауабын алуына пітір садақасы себеп болады. Уақиғ ибн Жарраһ: 

«Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жерін толықтыратын болса, пітір садақа, тұтқан оразаның кемшіліктерін толықтырған болып саналады»3, – деген.

2) Оразаның қабыл болуына септігін тигізеді. Жарир риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Адамның оразасы жер мен көктің арасында асулы тұр. Пітір садақа бергеннен кейін ол орнына жетеді» дейді. Яғни оразаның кемшіліктері пітір садақасымен толықтырылып, кемел түрде оразаның қабыл болуына септігін тигізеді1154.

3) Кедейлерді қуантады. Айт күні тек жағдайы бар байлар ғана қуанбай, кедей, мұқтаж адамдар да қажеттерін алып мол қуанышқа кенеледі. Осылайша дініміздегі ұлық мейрамда барша мұсылман баласының нұр жүзінен шаттықтың лебі еседі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):  «Осындай күнде кембағалдарды садақа сұрауға мұқтаж етпеңдер», – дейді.

Сондықтан пітір садақасын беру арқылы кедейлердің мұң-мұқтажын өтеп, бұл күннің шындығында қуанышты күн екендігін сезінеді. Жанымыз бен тәніміздің зекеті деуге болады. Аллаһтың адам баласына сыйлаған сансыз нығметтері мен ден саулығына шүкіршілік ретінде беріледі. Сондықтан пітір садақасы сәбиге де, ораза тұтушыға да, ораза тұтпағанға да міндеттелді. 

Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, «Ораза – теңдесіз құлшылық».


 

1«Ағла» сүресі, 14-аят. Тафсирул табари 30т/156б; Кашфул хақайқ ан нукатил-аяти уа дақайқ, 3т
2Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә
3Имам Науауи, Мажмуьа, 6т
4Ибн Шаһин, Тарғиб; Файдул Қадир 4/167

0 пікір