«Мәдина конституциясы»
«Мәдина конституциясы»
10 жыл бұрын 7871
Мұхан ИСАХАН

Ислам мемлекеттілігінің пайда болуы мен қалыптасуында 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясының» құқықтық рөлі ерекше. Мұсылман мемлекеттанушылары және құқықтанушылары арасында бұл құжат кеңінен танымал және олардың белді ғалымдарының пайымдауынша Ислам мемлекеті тарихындғы тұңғыш конституциялық сипаттағы құқықтық акт. Бұл хақында пәкістандық ғалым М.Хамидуллаһ: «Мәдина құжатын» ислам мемлекетінің конституциясы деп атауымызға толық негіз бар» деген болатын. Ал, сириялық зерттеуші Р.Бути бұл құжатты: «Мәдина декларациясы»  деп атап, келісім негіздерінің Ислам мемлекеттілігінің қалыптасуына ерекше ықпал еткеніне тоқталған еді. Сондай-ақ, 1951 жылы Пәкістанның Карачи қаласында өткен халықаралық конференцияда «Мәдина конституциясы» туралы ғалымдардың қабылдаған қарарлары да осы байламға саяды.

622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясында» бірнеше дін өкілдерінің бір мемлекетте қатар өмір сүріп, өзара құқықтық мәміле орнатып, Мәдина қаласының ішкі, сыртқы мәселелерін реттеуде ортақ міндеттер жүктеуіне қол жеткізілді.

Сондай-ақ, осы құжатта алғаш рет дінаралық диалогтың негіздемесі қалыптасты. Яғни, «Мәдина конституциясы» қабылданған кезеңдегі араб қоғамындағы дінаралық келісімге негізделген қал-ахуалдың бүгінгі көптеген мемлекеттердің ішкі жағдайымен белгілі-бір ұқсастықтарының болуы, «Мәдина конституциясындағы» құндылықтардың актуальдығын арттыратыны анық.  

Бүгінгі күнге дейін «Мәдина конституциясын» көптеген ғалымдар зерттеді. Бірақ, бұл құжаттың әзірленуі, қабылдануы және іске асу кезеңіндегі саяси, құқықтық реформалар туралы зерттеушілердің көзқарастары мен тұжырымдарында бір тектілік жоқ. Ислам елдерінің ішінде Мысыр, Сирия, Сауд Арабия, Пәкістан, Түркия ғалымдарының алғашқы ислам мемлекетіндегі саяси және құқықтық реформалар туралы көзқарастары әртүрлі. Сондықтан, осы көзқарастардағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді екшеп, зерделеп, діни, саяси, құқықтық ілім тұрғысынан тереңдете зерттеу, сондай-ақ, «622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясындағы дінаралық диалог мәселесіне талдау жасау аса маңызды саналады. 

Араб қоғамындағы діни ахуал

Нағында, Исламға дейінгі дәуірде негізінен араб тайпалары мекендеген Арабия түбегі территориясында бірнеше мемлекеттік құрылымдардың болғандығы байқалады. Олар – Хумейр мемлекеті (қазіргі Иемен аймағы), Гассаниттер мемлекеті (Сирия аймағы), Хире мемлекеті (Ирак өңірі), Киндилер мемлекеті (Оман, Хадрамут) деп аталды. Сондай-ақ, бірнеше қала-мемлекеттер немесе белгілі бір қала территориясында орналасқан мемлекеттілік деңгейіне көтерілген қоғамдық саяси құрылымдар болды. Оларға Мекке, Ясриф, Тайф, Хайбар сияқты қала-мемлекеттер жатты. Сонымен бірге, шөл және шөлейт аймақтарда мекендеген әлеуметтік-саяси құрылымдары жете танылмаған көшпелі бәдәуилер қоғамдары да орын алды. Егер, бастапқыда төрт мемлекет (Хумейр, Гасаниттер, Хире, Киндилер) өзге мемлекеттерге тәуелді отар мемлекеттер болса (сәйкесінше – Эфиопия, Византия, Сасаниттер мемлекеттеріне), ал қалған мемлекеттер егемендіктері бар тәуелсіз саяси құрылымдар еді. Отар мемлекеттер метрополиядан наместниктер, өкіл билеушілер арқылы басқарылды. Ал, тәуелсіз мемлекеттік құрылымдар әскери-демократиялық сипаттағы саяси жүйелер еді, cондай-ақ, олар арнайы басқару органдар арқылы шура-кеңестер, әскербасылар, рубасылар (шейх, рейс) арқылы басқарылды.

Исламға дейінгі Аравия түбегін мекендеген араб тайпалары арасында ең көп тараған сенім – пұтқа табынушылық (көп құдайшылық) еді. Христиан діні Византия мен Эфиопия мемлекеттерінің қол астына кірген аумақтарда, иуда діні – яһуди тайпалары шоғырланған аумақтарда басым болды. Осы үш діннің арасындағы бәсекелестік кейде қанды соғыстарға да ұласатын. Яғни, діни шиеленісті ахуал саяси жағдайдың өзгеріп отыруына әсер ететін. Сонымен бірге, Араб түбегінде Алланы бір деп білетін Ибрахим пайғамбар с.ғ.а-ның ханиф дінін ұстанушылардың да болғандығы туралы деректер бар.

Діни бостандық - Хақ діннің ең басты қағидасы

610 жылы Мекке қаласында Абдулла ұлы Мұхаммед с.ғ.а-ға Құран аяттарының түсе бастауы, соған байланысты оның с.ғ.а өзін пайғамбар деп жариялауы және діни уағыз жүргізе бастағандығы мұқым ғаламға мәлім. Бұл уағыздардың сол кездегі араб қоғамы мүшелеріне ерекше пәрменді әсер етіп, томаға-тұйық, бір қалыпты өмір сүріп жатқан қоғамға ерекше қозғалыс әкелгендігі тарихи фактілермен дәлелденген. Ислам діні жаңа дүниетаным мен адамтаным соған сай жаңа биліктаным мен жаңа құқықтықтаным алып келді. Бұл діннің негіздері бойынша бүкіл әлемді жаратқан – бір Жаратушы, Ол хақ және барлық билік пен құқықтық негізі әрі иесі. Адам – Алланың жаратқаны, адамның басты мақсаты – жаратқанын танып және мойындап, Оның жіберген үкімдеріне (сөзіне, Кітабына) сай Құдайға қызмет ету (ғибадат ету) болып табылды. Пайғамбар с.ғ.а және оның уағызына ергендер өз діндеріне сай Аллаға құлшылық жасауға құқылы және олар өзге адамдарды дінге шақыруға құқылы болды. Дінде зорлық жоқ. Өйткені, дінге қабылдайтын бір Алла. Адам адамды дінге шақыруға құқылы, бірақ ешкім ешкімді дінге зорлап кіргізе алмайды.

Адамның ең басты құқығы - діни-сенім бостандығы құқығы. Адам қоғамындағы биліктің басты мақсаты – дін бостандығын қамтамасыз ету. Ең жақсы қоғам және мемлекет дін бостандығын қамтамасыз еткен қоғам және мемлекет. Ал мұндай қоғамды құрудың басты жолы – діни ақиқатты және қүндылықтарды еркін уағыздау құқығының қамтамасыз етілуі және дінге кіргендерідің осындай қоғам құру туралы келісімі. Яғни, дінге шақырудың басты жолы – оны уағыздау, сұхбат құру (диалог) болса, діни құлшылықты еркін іске асырып, діни қудалауға жол бермейтін қоғам құрудың басты жолы  - дін бостандығын басты құндылық деп есептейтін және осы қағидат айналасында бірігетін қоғамдық келісім жасау деп есептеледі. Қоғамдағы барлық билік қатынастар да осындай келісім не келісімдер арқылы жүзеге асуы тиіс еді. Мұхаммед с.ғ.а келісім туралы қағида-концепцияға ерекше көңіл бөлгенін «Мәдина конституциясынан» ғана емес, өзгеде жасаған келісімдерден байқауға болады. Мысалы, бір қарағанда мұсылмандық мүдде үшін тиімсіздеу болып көрінген «Хұдайбия» келісімін жасаған Мұхаммед с.ғ.а болашақта осы келісімнің негізінде Мекке қаласын бағындырып, Ислам мемлекеттілігінің аясын кеңейте түсті. Осы себептен де Оның с.ғ.а уағыздауынша келісім (шарт) адамаралық қатынастарды реттейтін ең басты құрал. Сондықтан қоғамдық қатынастардың барлық салалары, әсіресе, кикілжің туған мәселелер ең алдымен тек келісім жасау негізінде ғана шешілуі тиіс. Себебі, адамның дінді (исламды) қабылдауы ол адамның Алламен келісім жасауы деп есептелінді. Демек, келісіммен және келісім арқылы өмір сүру Алла жолы деп танылды. Сондықтан, Алла атымен жасалған кез-келген келісім бұзылмас қасиетті заң, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ деп есептелінді. Ал, мұндай келісімді бұзған тараптар заңды бұзушы ретінде бағаланып, егер ол өз райымен қайтпаса оны күшпен мәжбүрлеу, оған қарсы қарулы күш қолдануға (соғыс жариялауға) да рұқсат етілді (Мумтахина 8-9).

Ислам мемлекетінің құрылуына баспалдақ болған – Ақаба келісімдері

Ислам діни-сенім бостандығын паш еткенімен, Мұхаммед с.ғ.а өмір сүрген орта Ислам дінінің емін-еркін таралуына мүмкіндік бермеді. Осы кедергіден өту үшін Мұхаммед с.ғ.а Араб түбегіндегі саяси күштермен одақтасу амалдарын жасады. Осындай уағдаластықтардың санатына жататын Ақаба келісімдері (620-622 жж) «Мәдина конституциясының» дайындалуы мен пайда болуындағы орны ерекше. Ақаба келісімдерін «Мәдина құжатының» пайда болуына алып келген алғашқы баспалдақтар, құнды тәжірибелер, дайындық-репитициялар немесе ұйымдық-мәтіндік, құқықтық-мәтіндік үлгілер деуге болады. Ақаба келісімдері формасы жағынан діни-нормативті, діни-құқықтық сипаттағы келісімдер еді. Ақаба келісімдері нәтижесінде тарихта алғаш рет мұсылмандардың құпия діни одағы (ұйымы) пайда болды. Бұл одақтың басты мақсаты – ислам дінінің пайғамбары Мұхаммед с.ғ.а-ның өмірінің қауіпсіздігін және оның пайғамбарлық іс-әрекеттерінің емін-еркін іске асуын қамтамасыз ету еді. Ақаба келісімі Мұхаммед с.ғ.а-ды өз пайғамбарлығын ендігі жерде Мәдинада іске асыруға сендірді.

Ақаба келісімдері – пайғамбар (с.ғ.а) мен оның дінін қабылдаған Мәдина қаласы мұсылмандары арасындағы ауызша жасалған шарттар еді. Тарихта Ақаба келісімдерінің үш дүркін жасалғаны белгілі.

І Ақаба келісімі бойынша (620 жылы) оған қатысушылар (пайғамбар (с.ғ.а) және 6 мәдиналық тұрғын) жаңа дінді қабылдаймыз (ант ету) және оның пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.а)-ды мойындаймыз, өзге жұртты осы дінге шақырамыз деп келісті. Яғни, бұл келісім таза діни мазмұндағы және бағыттағы келісім болса (ант келісімі, мойындау келісімі, дінге шақыру келісімі), ІІ Ақаба келісімінде (621 жылы) қарастырылған мәселелер одан кеңірек болғанын байқаймыз. ІІ Ақаба келісімі бойынша І Ақабадағы үш мәселемен қоса, тағы алты мәселе бойынша келісімге келді.  Олар: 1) шариғат мәселелері бойынша Мұхаммед с.ғ.а-ға бағыну; 2) өтірік айтпау; 3) зинақорлық жасамау; 4) жаңа туған балаларды өлтірмеу; 5) ұрлық жасамау; 6) Бұл келісімді бұзса жауапкершілікке тартылу. Мазмұны жағынан ІІ Ақаба келісімі таза діни  келісім емес, діни-рухани, діни-әлеуметтік келісім деуге болады. ІІІ Ақаба келісімі (622 жылы) мазмұны жағынан діни-әскери келісім еді. Себебі, пайғамбар с.ғ.а өміріне қауіп төнген жағдайда және оның пайғамбарлық іс-әрекеттеріне қауіп төнсе, одақ мүшелері (75 адам) оларды қарулы күш қолданып қорғауға міндетті болды. Яғни, ІІІ Ақаба келісімі мұсылмандардың діни-әскери одағының құрылғандығын көрсетті.

ІІІ Ақаба Мекке және Мәдина мұсылмандарыныңбіріккендігін, бұл одақтың діни-рухани, саяси-әскери көсемі әрі басшысы болып пайғамбар с.ғ.а сайланғандығын және одақ орталығы Мәдина қаласына көшетіндігін, соған сай пайғамбар с.ғ.а-ның сонда қоныс аударатындығын бекітті.

«Мәдина конституциясының» пайда болуының алғышарттарына мұсылмандар арасындағы діни-әскери одақтан Мәдина қаласы және өңір тұрғындары арасындағы әлеуметтік-саяси одаққа өту қажеттілігі жатты. Бұл қажеттіліктің туындауының негізінде ІІІ Ақаба келісімінің толық орындалуы, пайғамбар с.ғ.а-ның Мәдинаға көшіп келуі, қала тұрғындарының ислам дініне көптеп кіре бастауы, пайғамбар с.ғ.а-ның беделінің артуына қарай жаңа дін иелеріне келер сыртқы қауіптің алдын-алу мәселелері жатты.

«Мәдина конституциясын» кімдер қабылдады?

«Мәдина конституциясының» дайындалу барысы, талқылануы және соған байланысты туған пікірталастар, құжаттың қабылдануы жайлы тарихи деректер өте аз. Тіпті жоқтың қасы. Дегенмен, бұл келісімнің дайындалуына Мәдина қаласының барлық беделді ру-тайпалары, олардың көсемдері, жақтастары мен қарсыластары қатысқандығы байқалады. Келісімді дайындап, қабылдауға Мұхаммед с.ғ.а-ның өзі, мұхажірлер (Меккеден Мәдинаға қоныс аударған мұсылмандар), ансарлар (Мәдинадағы Әус және Хазреж тайпасының мұсылмандары), Мәдинадағы яһуди руларының басшылары қатысты. Бұл келісім 622 жылы қабылданды.

«Мәдина конституциясы» Араб түбегіндегі жаңа ислам мемлекеттілігінің пайда болғанын көрсетті. Осы құжаттың қабылдануы және іске асуы аясында пайғамбарлық басқаруға негізделген алғашқы ислам мемлекеттілігі пайда болып қалыптасты және пайғамбарлық басқару мемлекеттілігі 11 жылдай уақыт өмір сүрді деген қорытынды жасалынады. Бұл мемлекет – пайғамбарлық басқару нысаны толық орныққан, құқықтық жүйесі тікелей Құран сүрелері мен пайғамбар (с.ғ.а)-ның сүннетіне арқа сүйеген және пайғамбар с.ғ.а-ның өзі тікелей билік жүргізген ең ерекше және уникальді (қайталанбас) саяси-құқықтық жүйе және мемлекеттік билік жүргізудің озық айырықша құбылысы саналады.

«Мәдина конституциясы» тарихта тұңғыш рет ресми түрде ислам дінін, оның пайғамбары деп Мұхаммед с.ғ.а және оның діни, зайырлық билігін ашық мойындаған алғашқы саяси-құқытық құжат еді. Бұл құжат конституциялық құқықтық сипатқа ие болды. Оның қабылдануы және іске асуы барысында тікелей пайғамбарлық басқару нысанында болған тұңғыш ислам мемлекеттілігі өмірге келді. Бұл келісім - дін бостандығын жариялады. Яһуди дініндегілер өз дінін сақтауға құқылы болды. Келісімнің іске асу барысында христина дінін ұстанушылар да осындай құқықты пайдаланды. «Мәдина конституциясы» бойынша алғашқы ислам мемлекетінің құрылымдық жүйесі федерацияға негізделді. Себебі, Мәдинадағы ислам мемлекеттілігі пайғамбар с.ғ.а-ның басқаруындағы мемлекет бола тұра, «Мәдина құжатын» түзуге меккелік мұсылмандар және ансарлар, яғни, Мәдинадағы Әус және Хазреж тайпасының рулары және осы рулармен дос болып табылатын Қайнұқа, Нәдір, Құрайза атты яһуди тайпалары қатысты.

Әус пен Хазреж өз ішінен 8 руға бөлінетін, ал, яһуди тайпалары 20 рудан тұратын. Бұдан басқа Әус тайпасынан Хатм, Уакиф, Уайл, Умайй сынды әулеттері мұсылмандықты қабылдамай, пұтқа сенушілікті жалғастырды. Келісімде осы тараптартың мүддесінің түгел ескерілгенін негізге алсақ, «Мәдина конституциясын» жазуға барлығы 30-дан астам субьектінің қатысқандығын көре аламыз. Келісімнің 3-11 баптарында әрбір субьекті өзінің ішкі мәселерін өз заңдары бойынша шешуіне мүмкіндік алды. Тек шешімін таппаған мәселелерге ғана соңғы үкімді пайғамбар с.ғ.а шығарды. Сондай-ақ, әрбір субьекті өз аумағының қауіпсіздігін  өздері сақтауға міндет алды, Бұл пайғамбар с.ғ.а–ның басқаруындағы ислам мемлекеттілігінің құрылымы федеративтік жүйеден тұратынын көрсетеді.

Конституциясының негізгі бағыттары

Жалпы, «Мәдина конституциясындағы» құқықтық нормалар мынадай мәселелерді реттеуді жүзеге асырды:

  1. Мәдина Ислам мемлекетінің саяси доктринасын;
  2. Жаңа мемлекеттің әкімшілік бөлінісін;
  3. Мәдина Ислам мемлекетінің әскери базасын қалыптастыру;
  4. Мәдина Ислам мемлекеті азаматтарының мәртебесі мен құқықтары;
  5. Қылмыстық құқық және жаза тағайындау негіздері;

6. Діндер аралық қарым-қатынасты реттеу негіздері.

«Мәдина конституциясы» құқықтық нормаларының іске асуы кезінде әртүрлі қайшылықтар орын алды.  Оның ішкі-сыртқы түрлі себептері болды. Дегенмен, «Мәдина конституциясының» құқықтық нормалары шартты түрде екі бағытта өрбіген деуге болады. Бірінші бағыт бойынша ислам дінінің бейбіт түрде уағыздалуы және таралуы. Осыған сай мұсылмандық мемлекеттік басқару нысандары мен қоғамдық қатынасты реттеу нормалары орнықты. Мұсылмандар әскери күшті тек ислам қауымына қарсы соғыс ашқан тайпаларға қорғаныс мақсатында пайдаланды. Екінші бағыт бойынша пайғамбар с.ғ.а басқаруындағы мемлекетке бағынбай, бүлік шығарған ішкі субьектілер әскери жазаға тартылды. Ал, сыртқы саясатта Мәдина Ислам мемлекетіне дұшпандықтарын ашық білдіріп, әскери  күшпен жоюға әрекет жасаған мемлекеттерге алдын-ала әскери жорық жасап, соғысты болдырмау, сөйтіп мемлекетте бейбітшілікті сақтау доктринасы негізге алынды.

Жалпы алғанда, Ислам мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңіндегі әкімшілік, халықаралық қатынастар, экономикалық, отбасылық, қылмыстық жаза мен міндеттемелік құқық салаларындағы оң өзгерістер, ислам мемлекетіндегі мұсылман шурасы (кеңес) мен қазы (сот) және әкімдерді (амр) сайлау жүйесінің қалыптасуына «Мәдина конституциясының» құқықтық нормалары баспалдақ болды. Сөйтіп, жаңа діни танымның нәтижесінде Исламдық мемлекеттілік және мұсылмандық өркениеттік құқық негіздері қалыптасты

Қорытынды

«Мәдина конституциясына» жасалған талдаулар сипаты жөнінен теориялық және тәжірибелік маңызға ие. Ғылыми маңызы жөнінен 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясы» араб қоғамында пайда болған жаңа мемлекеттің ішкі, сыртқы функциясындағы реформалардың діни, саяси, құқықтық мәнін ашып, ондағы пайғамбарлық мемлекеттік құрылым мен діни құқықтық түзім негіздерін теориялық тұрғыда тұжырымдауымен ерекшеленеді. «Мәдина конституциясының» негізінде пайғамбарлық басқарудағы мемлекет нысаны қалыптасқандығы туралы тұңғыш рет ғылыми байлам жасалынады. Сондай-ақ, діндер аралық сұқбаттастық құрудың негіздемесі алғаш рет «Мәдина конституциясында» көрініс берген. Діндер аралық қатынастарды реттеуде және ғаламдағы зайырлықты одан арықарай дамытуда «Мәдина конституциясына» құқықтық прецедент ретінде қарауға толық негіз бар.

1 пікір
  • Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) саясаткерлік қырын таныдық. Мұқан аға Алла разы болсын. Пайғамбар сирасына (өмірбаяны) басқа қырынан қарасаң шынында әсері бөлек болады екен. Жақсы әсер алдым оқып. Біз көбінесе Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тұлғасына біржақты қарайтын секілдіміз. Асылында Ол иләһи қолдаудың аясында әр салада мәселелердің шешімін дөп басатын, болжамдары айнымай келетін көшбасшы болған ғой. Лайым бізді Оған лайықты үмбет қылғай...
    10 жыл бұрын