Кітап оқудың пайдасы туралы Ислам не дейді?
Кітап оқудың пайдасы туралы Ислам не дейді?
7 жыл бұрын 12628
Құдайберді БАҒАШАР

Ғаламдық мəдениеттің бір бөлігін кітап құрайды. Кітап оқу-білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Күнделікті өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез байқауға болады. Кітап оқитын адам ақыл-парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мəдениеттілігі секілді бірсыпыра ізгі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады.

Иə, алғашқы бұйрығы ا ﻗ ﺮْ أَ ْ «Оқы!» деп келген Ислам діні оқуға қатты көңіл бөледі. «Құранда оқы деген мағынаны білдіретін «қирағат» сөзінен тарайтын 87, жазу мағынасына келетін үш бөлек сөзден тарайтын 336, ғылым деген мəндегі жəне сол мəннен тарайтын 780 cөздің кездесуі бізге ой салуы тиіс». Бұл Жаратушы иеміздің мұсылмандарды оқуға көңіл бөлуге шақыратындығын ұқтыруда. Бұған қоса, қалам мен сиясауытты (нун) жеке-дара атап серт беруі де осы мағынаны үстемелейді. «Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деп, күн сайын білімге білім жамап отырудың қажеттігін ескерткен сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің де (с.а.у.) оқуға, ілім үйренуге шақыратын хадистері көп. «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйретуі», «Көк пен жердің арасындағылар, илеуіндегі құмырсқа, теңіздердегі балықтарға дейін (бүкіл тіршілік иелері) ілім үйренушіге игі дұға тілейді», «Алла ілім арқылы бірқатар ұлттардың абыройын биіктетеді, жақсылықта басқаларға жолбасшы етеді, ел солардың ізіне еретін болады» деген хадистерін осылардың қатарында атап өтуге болады.

Х–XII ғасырларда Ислам əлемінде ғылым-білімнің шарықтап дамуымен кітап шығару ісі өркендеп, кітапханалар саны көбейді. əл-Мəмун дəуірінде (786-833) Бағдатта «Бəйтүл-хикма» (Даналық үйі) атты алғашқы кітапхана əрі обсерваториялар салына бастады. Бір Бағдат қаласының өзінде 36 кітапхана жұмыс істеген деген деректер кездеседі. Ең соңғы кітапхана он мың том кітабы бар уəзір Ибнул-Алқамаға тəн болған. Бірақ бұл кітапхана да 1258 жылғы монғол-татар шапқыншылығы кезінде қиратылып, Отырар кітапханасының кебін киген. Харұн Рашид дəуірінде араб тарихшысы Омар Уақидидің (736-811) жеке басында жүз жиырма түйеге жүк боларлық кітабы болған. Көне мəліметтерде Александрия кітапханасында 900 000 (тоғыз жүз мың) том қолжазба сақталғандығы айтылады. Иранда да халыққа арналған жалпы жəне жеке кітапханалар көп болған. Ең жақсы кітапханалары Шираз бен Мəру қалаларында еді.

Бұл ғасырларда жинақ шығару, кітапхана əдістемесі тұрғысынан Ислам əлемі Еуропа кітапхана жүйесінен үш-төрт ғасыр озып кеткен. Орта дəуір Еуропасы бұл кезде кітаптарды сөрелерге шынжырлармен байлап тізіп қоятындай əлі дамымаған еді. Оқырманға кітап осы шынжырымен бірге берілген. Тіпті ашық темір торға салып қойып, сыртынан парақтатып оқытқан кездері де кездескен. Бұл кезде мұсылмандардың мəдениет ошағы болған Андалусияда əл-Хакам атты халифаның кітапханасында 600 000 (алты жүз мың) кітап болса, ал одан төрт ғасыр кейінгі Еуропаның өзінде «Білімпаз Чарлз» деп аталған Франция королі V Чарлздың кітапханасы небəрі 900-ақ (тоғыз жүз) еңбектен аспаған.

Кітапқұмарлық тұрғысынан үш-төрт мұсылман ғалымның өмірін мысал ете кеткен де орынды. Айталық, 63 жасында қайтыс болған əйгілі мұсылман ғалымы Фахраддин ар-Рази артына ғылыми маңызы зор екі жүз еңбек қалдырған. Жазған кітаптарын қаттап тізгенде, кісі бойынан асатын деседі. Тəпсір саласында жазған еңбегінің өзі он екі мың бетті құраған. Бұны өміріне шаққанымызда, балалық шағынан бастап күніне 15-20 бет ғылыми зерттеу жазған болып шығады. Дастарқан басына отырғанда да ол бір жағы тамақ жеп, бір жағы кітапқа шұқшиюдан бас алмаған. Ал əл-Жахыз атты ғалым түнімен кітапханаларды жалға алып кітап оқыған көрінеді.

Кітапқұмар тағы бір кісі XI ғасырда Фатимидтер билеушісі Махмұддудəулə ибн Фатих еді. Ол медицина, математика жəне пəлсапа ілімдерін үйреніп, өзі де сол салаларда көп қалам тербейтін. Ибн Əби Ұсайбия: «Ол көп жазатын. Өз қолымен жазған көп еңбектерін таптым», – деген. Махмұд ибн Фатихтың жинаған кітабының есебі жоқ еді. Қызығы сол, Ибн Əбу Ұсайбаның жинаған кітаптарының көбі иістеніп, бүлініп, суға малынғандай əсер беретін. Кітаптардың бұл жағдайын Каирлік ғалым Шейх Садиддин былай түсіндірген: «Фатих билеуші ілімқұмар болғандықтан, бір кітапхана салдырған еді. Атынан түсе салысымен, кітапханасына жүгіретін. Оны ешкім кітаптан бас тартқыза алмайтын. Басқа көп ештеңеге көңіл бөлместен оқу-жазу ісімен айналысатын. Өйткені бұл істі өте маңызды деп санайтын. Əйелі де өзі секілді текті əулеттен шыққан кісі еді. Күйеуі қайтыс болысымен, əйелі жалшыларды ертіп барып, кітапханадағы барлық кітаптарды су толы кең хауызға тастатыпты. Күйеуінің қайғысына да қарамады. Өйткені ең жек көретіні осы кітаптар еді. Күйеуі осы кітаптарға шұқшиятыны соншалық – əйеліне де көңіл бөлмейтін. Кейіннен кітаптар судан шығарылады, алайда көпшілігі иістеніп, бүлініп қалған еді».

Рай қаласында Уəзір Ибн Амид (қ.ж. 971) та кітапқұмар ғалым кісі еді. 965 жылы Амидтың үйін бір мəзһабтың адамдары келіп қиратып, бүкіл дүниесін талан-таражға салады. Ибнул Амидтың кітапханасына қарайтын Ибн Мискауайх сол оқиғаны былай еске алған: «Ибнул-Амид үшін əлемдегі ең қымбат дүние – кітап еді. Ол бұл іске қатты налыды. Ғылым, пəлсапа, əдебиеттің барлық салалары жайында жүз түйеге жүк боларлық кітаптары бар болатын. Мені көргенде, басқа дүниесін емес дереу кітаптарын сұрады. Кітаптарының түгел екенін естігенде, қатты қуанып: «Сен бақытты адамсың. Барлық нəрсені жаңалауға болар. Бірақ қолға түсе бермейтін кітаптарды жаңалау қиын», – деді. Сөйтті де ол кітаптарды басқа жаққа апаруымды өтінді».

Бұл мысалдар тарихта мұсылмандардың кітап оқуға қаншалықты ынтамен қарағанын ұғуымызға жеткілікті. Кітапқа, білімге құмар болған кезде мұсылман əлемі дамыды. Ғылымда, білімде, мəдениетте ешкімге ат оздырмады. Күллі əлемді таңдай қақтырды. Демек, қандай да бір елдің болашағын сол елдегі кітап оқуға деген қызығушылықтың деңгейінен болжауға болады деуге толық негіз бар.

Өмірде кітап оқудың адамға берері көп. Шындап келгенде, əр кітап бір-бір тəжірибелі ұстазға, ақыл қалтаға ұқсайды. Басқалардың қанша жылғы білген-түйген нəрселерін, ізденісін біз сол кісінің жазған кітабын оқу арқылы-ақ үйрене аламыз. Демек, кітап оқу өмірде қателеспеу үшін басқалардың тəжірибесімен танысу дегенді де білдіреді. Кітап – адамға таптырмайтын пайдалы дос. Ол жай уақытта ешкімнің мазасын алмайтын, қажет кезде үнемі қасыңнан табылатын, кез келген сəтте кеңес беруге əзір, ақылына ақы сұрамайтын, жан сарайымызды серпілтіп, көңілге түрлі шабыт сыйлайтын, үнсіз тұрғанмен оқысаң өзінің сырлы əлеміне ертіп ала жөнелетін, дұрыс жолды көрсететін жанашыр əрі адамды жалықтырмайтын серік деуге болады. Кітап оқу – білімділікке баулиды. Ал білімсіздік – адамның опа бермес дұшпаны. Көп қателік білімсіздіктен туатыны даусыз. Білімді адамға өмірде қашанда жол ашық болады. Ел де білімді адамды құрметтейді. Өйткені білімді адам əрқашан елге пайдасын тигізеді. Оны маңайына жарық түсірген шамға ұқсатуға болады.

Айталық, ұлық имам Əбу Ханифа Құран мен сүннеттен бес жүз мың мəселенің үкімін айқындап, төрт мыңнан аса пəтуа берген деген деректер бар. Əрине, бұл көп оқудан, көп ізденістен туған пайдалы еңбек. Ал білімсіздің өзгелерді кері сүйрегеннен басқа берері болмайды. Өйткені, өзі ұйқыдағы жанның басқаларды оятуы мүмкін емес. Сол себепті Құранда «Білімділер мен білімсіздер тең бе?» – делінген. Мал екеш малдың өзі кей шөптерді жемейтінін ескерсек, адамға қандай кітап оқу керектігі де ойлануға тұрарлық. Бұл тұрғыда «Я, раббым, пайдасы жоқ ілімнен сақта!» деп тілеген адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегесі ерекше үлгі аларлық. Иса пайғамбар да (а.с.) бір сөзінде осы ақиқатты тілге тиек етіп: «Ағаштар көп, бірақ барлығы жеміс бермейді. Жемістер көп, бірақ барлығы дəмді бола бермейді. Ілімдер де көп, бірақ барлығы пайдалы бола бермейді», – деп ой салған. Сол себепті тарихта мұсылмандар не нəрсенің де жақсы жағына ұмтылып, оқылатын кітаптарға зор талғаммен қарап, білім-ғылымның да ақыретке пайдалысын, адамгершілік пен имандылықты арттырып, адамдық мінезді түзейтінін таңдауға ерекше назар аударған.

Кітап оқу – адамның өзін тануына жол ашады. Өйткені өзін таныған, бойындағы сан түрлі қасиеттердің астарына үңілген жан өзін қадірлеп, мінсіз етіп жаратқан Раббысының құдіретіне тəнті бола бастайды. Тіршілік ету үшін адамға ең керекті мүшелерді берген, бойына сансыз сезімді сіңірген, түрлі қабілет дарытқан Жаратушының асқан шеберлігін ұғынады. Сол себепті бұрынғы тақуа кісілерден «Өзін таныған адам Раббысын да таниды» деген нақыл сөз қалған. «Кітап – рухани сарқылмас қазына». Мұсылман үшін кітап оқу иманын жаңалап отыру үшін де керек. Өйткені бір хадистерінде Пайғамбарымыз: «Киімдерің ескіргенде оны жаңалағандарың секілді, көкіректегі иманды да тот басады. Оны да жаңалап отыру керек», – деп, осы шындықты меңзеген. Яғни мұсылман адам үнемі өзін рухани тұрғыдан жетілдіріп, жаңалап отыруға мəжбүр. Кері жағдайда иманы əлсіреп, босаңсып, ғапылдыққа ұрынады. Сол себепті күн сайын адамды рухани өсіріп, иманын арттырып, адамдық пен адалдыққа жөн сілтеп отыратын кітаптарды тұрақты түрде оқып отырудың берері мол. Бұл тұста «Оқымасаң, тоқырайсың» деген аталы сөзді есте ұстаған артық емес.

«Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан». Күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды əдетке айналдыра білу керек. Айталық, жол жүргенде, аялдамада немесе қоғамдық көлікте отырғанда, жұмыста, үйде т.б. қол қалт еткен кез келген сəтте өзіңмен бірге ала жүріп газет, журнал, кітап ашып оқып, сол уақыттарды да ұтымды пайдаланудың берері көп. Өркениетті елдерде халық бұл əдетті бойға жақсы сіңіре білген. Ғалымдардың айтуынша, кітап оқығанда, «Оқығанды көңілге ықыласпен тоқып» (Ы. Алтынсарин) сол кітаптың нəрін сарқып алуға тырысу керек. Қажет болса, кітаптың өзіне ең түсінікті жерінен бастау да сөкеттікке жатпайды. Кітап оқу барысында іштей мынадай сұрақтарға жауап іздеген жөн: «Кітаптың атауына ішкі мазмұны сай ма?», «Автордың ізденісі, баяндау мəнері қандай?», «Қай тұстары ерекше көңілге қонымды?», «Кітап қанша тарауға бөлінген?», «Жалпы алғанда мен өзіме не түйдім?» т.б. Бұл қолға алған кітапқа толық көңіл бөліп, мазмұнын жақсы есте сақтауға көмектеседі.

Иə, «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Адамгершілігін арттыру, шын мəнінде оқыған азамат, зиялы мұсылман болу жолында кітаптың берері мол. Тарихта əлі күнге есімі ел есінде келе жатқан тұлғалардың бəрі де жастай ерінбей-жалықпай оқуды өздеріне əдет еткендер. Айталық, «Артық ғылым кітапта ерінбей оқып-көруге» деген Абай атамыз жас кезінен қаладан ауылға қатынаған адамдардан қоржын-қоржын кітаптар алып оқуды өзіне əдет еткен. Абай атамыз оқыған кітаптар арасында батыстың да, шығыстың да ең озық əдебиеттері болғаны белгілі. Бүкіл пəлсапалық еңбектері Ислами дүниетанымға негізделгенін ескерсек, əрі аятхадистерден мол хабардар болғанына қарасақ, əлемдік классикалық еңбектермен қатар Абай атамыздың əсіресе рухани азық боларлық дүниелерге көбірек көңіл бөлгенін аңғару қиын емес.

Шəкəрім де кезінде Ыстамбұл кітапханаларына дейін барып, сарыла кітап іздегенін білеміз. Артына 30 томдық мол мұра қалдырған Мəшһүр Жүсіп бабамыз да жасынан зейінді, өте көп оқыған жан болған. «Ағаштың жемісі бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта». Осы орайда, бұрынғы дана, ойшылдармен сырлас, мұңдас болып, солармен əңгімелесіп, пікір алмасуға бүгінгі күні де жол ашық. Ол – сол кісілердің еңбектерін оқуда жатыр. Л.Н.Толстой бұл туралы «Жақсы кітап ақылды адамның əңгімесімен бірдей», – деген.

Шын мəнісінде, біз Алла тағаланы да қасиетті Құран арқылы, сүйікті Пайғамбарымыз бен сахабаларды да, небір тақуа құлдар мен ғалым, дана, ойшылдардың барлығын кітап оқу арқылы танимыз. Тіпті əдебиет, мəдениет, тарих, салт-дəстүр негіздерін де кітаптан үйренеміз. Өмірге керекті мамандығымызды да кітап арқылы игереміз. Ал кітап оқымау адамның зейінін тұмшалап, зеректік қабілетін төмендетеді. Д. Дидро айтқандай, «Кітап оқымаған адам тіпті ойлаудан да қалады». Ал ойлау адам болып қалудың басты қасиеті емес пе? Ойланбаған адам өмірдің мəнін қалай білмек? Жаратушыны қалай танымақ? Осы тұрғыда шығыста «Бар кітап бір кітапты түсіну үшін оқылады» дейтін даналық сөз бар. Яғни ғаламды алып кітап деп алсақ, соны түсініп, ондағы құдіреттің нақыштарын зерделеу үшін көп кітап оқу қажет. Түптеп келгенде, жерде қағаз жатса, Аллаһтың аты жазылған болуы мүмкін деп оны аяқасты етпейтін мұсылмандық ұғымда кітаптың қастерлі ұғым екені талассыз. Өйткені кітаптың тəрбие құралы екені де белгілі. Олай болса, кітап оқуды белгілі бір кезеңмен шектемей (мектеп я университет), оны өмірлік дағдыға айналдыра білудің адамға берері мол. 

0 пікір