Кітап оқу үшін ыңғайлы 7 уақыт
Кітап оқу үшін ыңғайлы 7 уақыт
5 жыл бұрын 8408
Индира ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Ақпараттар ағыны толассыз жан-жақтан құйылып жатқан ХХІ ғасыр адамының негізгі ұстанымы «ақпарат кімде болса, билік – сонда».  

Газет пен кітап қалың оқырманынан айырылғалы қашан? Дегенмен, «заманына қарай тазысы» демекші, баспа газеттің орнын сайттар, баспа табақ кітаптың орнын электронды кітаптар жоқтатпай отыр. Бірақ мұрныңнан шаншылып жүрген мына заманда соларды бір мезгіл уақыт бөліп оқуға қол жетпей-ақ қойғанын қалың көпшілік бірауыздан мойындайды деп ойлаймын. Десек те, адамның миына жүйелі, үздіксіз оқудан артық жаттығу жоқ. Оны ғылым әлдеқашан дәлелдеген. Ол жайында іздесеңіз ғаламтор кеңістігінен көптеген ақпарат таба аласыз. Біз тек сауатты кісі мен сауаты аз адамның миының жұмыс істейтін көлемін анық көрсететін мына төмендегі суретпен ғана шектелейік. 

110210

Онан бөлек, Алланың соңғы Пайғамбарға (с.а.у.) жіберген алғашқы үкімі «Оқы» болғанын бәріміз білеміз. Сонымен бірге, Алланың кәламында «Білетіндер мен білмейтіндердің терезесі тең бе?» деу арқылы білімнің артықшылығын тағы бір еске салады. Ал, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) үмметіне мирас болған білімге ие болу үшін кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

«Қураған жапырақтың жанғанынан да жылдам» өтіп жатқан қазіргі уақытта қысқа әрі тез оқылатын жаңалықтар мен мәтіндерге ғана көз жүгіртеміз. Сонымен күнделікті рухани азығымызды алғандай тоқмейілсіп жүреміз. Ал, шындығында басынан соңына дейін оқылған көркем-әдеби шығармадан алатын рухани, эстетикалық, эмоционалдық ляззатты қысқа ғана жазылған жазбалар бере алмайтынын мойындағымыз келмейді. 

Айта кетейік, кітап оқу тек мидың жұмысын жақсартып қана қоймайды, сонымен бірге күнделікті күйзелістен арылуға да көмектеседі. Сондай-ақ, миы зақымданған кісілерге де кітап оқудың пайдасы көп. Ал, халықаралық зерттеу институттарының мәліметінше дүниежүзіндегі ең табысты кісілердің бәрі күніне кем дегенде 1 сағат кітап оқиды. Бәсекеге қабілетті болу үшін күнімізде үнемі даму, жетілу, ескірген біліміңізді жаңарту қажеттілігі бар. Заманның өзі тудырып отырған бұл қажеттіліктің өтеуі ең алдымен кітап оқу. Уақыт тапшы кезеңде кітап оқу үшін қайтпек керек деген орынды сұраққа жауап алғыңыз келсе, сізге бірнеше кеңес ұсынамыз.

  1. Кітабыңызды мүмкін болса жаныңызда алып жүріңіз. Егер электронды кітабыңыз болса, тіпті ыңғайлы. 2-3 кітапты қатар оқуды әдетке айналдырсаңыз тіпті жақсы. Ондайда үйіңізде бір кітап, жұмыста үстеліңізде бір кітап және сөмкеңізде бір кітап ұстап жүрсеңіз болады. Кітаптардың бір сарында болуы шарт емес, әр түрлі форматтағы кітаптарды таңдасаңыз да қиналмайсыз. Жаныңызда қысқа тақырыпшаларға бөлінген кітап алып жүрсеңіз қалаған уақытта ашып көз жүгірткенге өте  ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ, терең ойлануды қажет ететін кітапты үйге қалдырып, ал, жұмысқа жеңіл оқылатын әдебиетті таңдағаныңыз абзал.
  2. Кез-келген бос уақыт сіз үшін кітап оқу мүмкіндігі екенін есте сақтаңыз. Көлігіңіз кептелісте тұрғанда, дәрігерде немесе тағы басқа жерде кезекте тұрсаңыз, автобуста, тағысын тағы. Мұның бәрі кітап оқу үшін таптырмас мүмкіндік. Осы ретте жапондықтарда автобуста тұрып кітап оқу дағдысының көзге үйреншікті әдет саналатынан айта кетейін. Сонымен бірге, аудио-кітаптарды қолдануға болады. Мысалы қазақ тіліндегі аудио-кітаптарды https://kitap.kz сайтынан таба аласыз.
  3. Күніне осынша бет оқимын немесе осынша уақыт кітап оқимын деген межелі мақсатыңыз болуы керек. Және оның күнделікті орындалуын қадағалаңыз.
  4. Жұмыстан шаршағанда, керексіз ойлар мазалай бергенде кітап оқу арқылы миыңызды тынықтырып алуды ұмытпаңыз. 
  5. Әйелдер асүйдің көзге көрінетін жеріне бір-екі кітап қойып, ас қайнаймын дегенше, еті қуырылып болғанша деген сияқты сәл қолыңыз босаған сәттерде 1-2 бет болса да кітап оқуына немесе аудио-кітап қосып қоюға болады.
  6. Оқып жатқан кітабыңыздың қызықты, керекті жерлерін арнайы дәптерге көшіріп алыңыз. Суретке түсіріп алғаныңызды қайта оқисыз ба, оқымайсыз ба, белгісіз. Ал, дәптер көз көретін жерде тұрса, оқылады. Жазбаларыңызды оқыған сайын кітаптың мазмұны мен сол кітапта жазылған басқа материалдар да есіңізге түседі. Бұл сізге оқығаныңызды пысықтауға әрі есте сақтау қабілетіңізді жақсартуға көмектеседі. 
  7. Қай жерге келгеніңізді немесе кітаптың сюжетін ұмытып қалатындай ұзақ уақыт қараусыз қалдырмаңыз.

 

0 пікір