Кімдерге зекет ақшасын беруге болмайды?
Кімдерге зекет ақшасын беруге болмайды?
11 ай бұрын 3273

Зекет дегеніміз, шариғат белгілеген мөлшерге жеткен мал-дүниелерден белгілі мөлшерін алып, кейін оны кедейлерге тапсыру қайырымдылық шарасы. Зекет - Исламның бес парызының бірі. Ауқатты бай мұсылмандардың жылда бір рет мал-дүниелерінің зекетін беріп тұрулары парыз. 

Зекеттің дүниесі Құранда айтылған сегіз орынға беріледі. Олардың басында - кедейлер мен түгі жоқ міскіндер тұрады1. Ал зекеттен жиналған мал-дүниелер кімдерге берілмейді? - дегенге айтар болсақ, Зекет ақшасы мына төмендегі орындарға жұмсалмайды. Олар:

  1. Зекет ашқасы діні бөтен кәпірлерге берілмейді, бірақ садақа берсе болады. Өйткені зекет ақшасы тұрмышы нашар мұсылман адамдардың ақысы.
  2. Байларға берілмейді.
  3. Бай балаға да берілмейді.
  4. Һәшим ұлдарына және олардың азат еткен құлдарына берілмейді. Һәшим ұлдарына - Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) жатады. Мұхаммед пайғамбарға және одан тараған ұрпақтарына зекет ақшасын алуларына болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Бұл зекет малдары - адамдардың өздерін және дүниелерін тазалау үшін берілген дүниелер. Ол - Мұхаммедке және оның отбасысына адал емес» деген2.
  5.  Зекет ақшасы зекет берушінің әке-шешесіне, ата-әжесіне, нағашы ата-әжесіне берілмейді.
  6.  Сондай-ақ, зекет беруші кісі өзінің балаларына, немерелеріне, шөбере, шөпшектеріне, неменелеріне де зекетін бере алмайды. Бірақ өзінің бірге туған бауырларына зекет ақшасын бере алады.
  7. Зекет беруші кісі зекет ақшасын өзінің әйеліне бере алмайды. Сондай-ақ, әйелі зекетін өзінің күйеуіне бере алмайды.
  8. Мешіт, медресенің құрылысына, жол, көпірдің құрылысына т.б. қоғамдық нысаналарды тұрғызуға немесе жөндеуге зекет ақшасы жұмсалмайды.
  9. Мәйіттің кебінін сатып алуға немесе мәйіттің қарызын өтеуге зекет ақшасы жұмсалмайды.

Аталмыш орындарға зекет ақшасын жұмсамаудың себебі - зекеттің бір шарты болып табылатын «тәмлик» талабы жүзеге аспайды, сондықтан аталмыш жерлерге зекет ақшасын беруге болмайды делінген. Тәмлик деген, зекет ақшасын мұқтаж адамның иелігіне тапсыру деген сөз3.


1Құран Кәрім: «Тәубе», 60 аят.
2Имам Мүслім, «Сахих Мүслім».
3ән-Нәдуи: «әл-Фиқһуль-Мүәссәр». 192 бет.

0 пікір