Келешекті келешекке қалдыр!
Келешекті келешекке қалдыр!
21 күн бұрын 1464
Айыз әл-Қарни

«(Әй, адамдар!) Алланың әмірі келеді, оның тез келуін тілемеңдер (асығыстық жасамаңдар!)». («Нәхл» сүресі, 1 аят). 

Әлі болмаған нәрселерден озам деуші болма. Жатырдағы баланың ай-күні толмай жатып дүниеге келгенін қалайсың ба?! Ағаштағы жемісті піспей жатып жұлғың келе ме?! Ертеңгі күн - белгісіз. Күмәнді. Ол жоқ. Оның дәмі де, түрі де жоқ. Олай болса, неге өзімізді болашақпен әурелейміз?! Неге болашақта болатысы қиындықтардан күні бұрын қорқамыз?! Сонша неге болуы не болмауы ықтимал жағдайларға маңыз береміз?! Неге болашақтың белгісіз апатынан қауіптенеміз? Біз білмейміз ғой, оларды (болашақтағы қиындықтарды) кезіктіреміз бе, әлде біз бен оның арасында кедергі пайда бола ма. Мүмкін болашақ қуаныш пен шаттыққа толы болатын шығар?

Маңыздысы сол, болашақ – ғайып әлемінде. Ол әзір жер бетіне жеткен жоқ. Көпірге келмей жатып, одан өтпеуіміз керек. Кім біледі? Мүмкін көпірге жетпей жатып тоқтап қалатын шығармыз. Не болмаса, біз жетем дегенше көпір қирап қалатын да шығар. Немесе аман-есен көпірге жетіп, амандықпен көпірден өтуіміз де бек мүмкін.  

Расында, адамның зейінінде болашақты ойлау үшін кең алаң танып (болашақты шамадан тыс ойлап), ғайып әлемінің кітабын ашуға тырысып, одан соң болатысы қайғыларды ойлап жанын жеуі – дінде ұнамсыз іс. Өйткені ол нәрсе шамадан тыс дүниеге байлану болып саналып, ақыл тұрғысынан да әбес тірлік. Себебі ол нәрсе көлеңкемен күресумен тең.

Осы әлемдегі көбі болашағында: аш-жалаңаш қалып, ауру-сырқау болып, кедейленіп, басына әлдебір қиындық туатындай күн кешеді. Мұның бәрі - (адам зейініне салған) шайтанның мектеп программасы. Құранда былай дейді:

«Шайтан сендерге кедейлікті уәде етіп, сендерге арсыздықты бұйырады. Ал Алла болса, сендерге кешірімді және фазыл-берекені уәде береді». («Бақара» сүресі, 268 аят).

Көбіне жылайтындар солар (яғни, болашақтың қайғысымен көп қайғыланатындар). Өйткені олар(дың ойларынша) – ертең аш қалады, бір жылдан кейін ауырып қалады, жүз жылдан кейін өмір тоқтайды.

Өмірі өзгенің (Алланың) қолында болған кісінің ол нәрселерді (болашақтағы болатысы қиындықтарды) «жоқ» деп білуі керек. Қашан өлерін білмейтін адамның, күмәнді әрі жоқ нәрселермен басын қатыруы болмайтын іс.

Ендеше, «ертең» келгенге дейін, оны (ертеңді) жайына қалдыр! Ертеңнің жағдайларын қазбалама! Болашақтың келуін күтіп отырма! Өйткені сенің бүгінгі күннен қолың бос емес!

Егер таңғалып тұрсаң, (бұл айтылғандарға емес), қайғыны әлі күн сәулесін шашып үлгермеген және әлі күннің нұрын көрмеген күні бөліп төлеу үшін қолма-қол қарызға алғандарға таңқал (яғни, күні бұрын қайғыланып, кейін оның зиянын болашақта өтеушілерге таңқал-ауд). (Қысқасы) Келешектегі болатысы дүниелерге қайғырудан сақтан! 

Автордың "Лә тәхзән! (Қайғыланба)" атты кітабынан. Араб тілінде. 
Аударып, дайындаған: Абдусамат Қасым.

0 пікір