«Мәснәуиден» бір хикая: Бәдәуи мен философ
«Мәснәуиден» бір хикая: Бәдәуи мен философ
2 жыл бұрын 3100
Мәуләнә Ж. Руми, «Мәснәуи шәриф».

*(Бәдәуи - сахара шөлінде көшіп-қонып, көшпенді өмір салтын ұстанатын араб).

Бір бәдәуи араб түйесінің екі жағына екі қап артып, өзі ортасына отырып келе жатыр еді. Бөгде біреу жол-жөнекей бәдәуидің елін, жерін сұрап, оны сөзге тартты. Сөз арасында әлгі адам жаңға-жайлы сөйлемдер құрып, әдемі нақыл сөздер сөйледі. Одан кейін ол бәдәуиге:

- Шыныңды айтшы! Мына екі қапта не бар? – деп сұрады.

- Бірінде бидай, екіншісінде жай құм, жейтін нәрсе емес, - деп жауап берді бәдәуи. Әлгі кісінің «Неге құм салдың?» деген сұрағына бәдәуи:

- Бидай салынған қап бір өзі ауыр басып кетпей, екі жағы тең болсын деп, бір қапқа құм салдым, - дейді. Сонда әлгі адам:

- Аздап ақылыңды қолданып, бір қаптағы бидайдың жарымын екінші қапқа салсаң, жақсырақ болмас па еді? Сонда қаптың салмағы жеңілдейтін еді, түйеге де артық жүк болмайтын еді, - дейді. Бәдәуи оның айтқан ақылын құп көріп:

- Уа, ақылды адам! Уа, еркін ойлы философ! Осыншама зерек бола тұра, осыншама керемет ақыл иесі бола тұра, неге жалаңашсың? Неге жаяусың? – дейді де, ақкөңіл бәдәуи түйесінен түсіп, оны түйеге міңгізбекші болады. Артынан қайта оған:

- Уа, керемет сөзді философ, өзің жайлы да айта отыр. Мұндай ақылыңменен сен, не уәзірсің, не болмаса, патшасың. Жасырмай, ашығын айта бер! – дейді бәдәуи.

-  Екеуі де емеспін. Мен қарапайым халықтың бірімін. Үсті-басыма қарамайсың ба! – дейді философ.  

- Қанша түйең, қанша өгізің бар? – деп сұрайды бәдәуи.

- Көбейтпей-ақ қой. Не оған, не бұған ие емеспін, - деп жауап береді философ.

- Тым болмаса, сауда дүкенің бар шығар. Онда не сатасың? Нең бар, соны айт, - дейді бәдәуи қоймай.

- Менің дүкенім тұрмақ, тұрақты мекенім жоқ, - деп жауап береді философ.

- Олай болса, ақшаңды сұрайын. Қанша ақшаң бар? Сен жалғыз өзіңсің. Керемет өсиет сөздерің бар. Осыған қарағанда, жер әлемдегі мыстарды алтынға айналдырар кимия білімі сенде шығар? Ақылды,білімді адамдарда қазына жетеді! - дейді бәдәуи.

- Ей, араб қауымының мақтанышы! Менің бар байлығым – бір кешкі асыма да жетпейді. Жалаңаяқ, жалаңбас қаңғып жүрмін. Кім бір үзім нан берсе, сол жерге барамын. Мұнша даналық пен артықшылықтың және өнердің маған қиял мен бас аурудан басқа пайдасы болмады, -  деп жауап береді философ. Сонда Бәдәуи ашуланып оған:

- Кет, әрімен. Сенің сәтсіздігің маған да жұғып кетеді. Бақытсыз даналығыңды маған жолатпа. Сенің сөздерің халыққа сәтсіздік әкеледі. Не сен былай жүр, не мен былай жүрейін. Немесе сен алдыға түс, мен кейін жүрейін. Менің бір қабымда бидай, екінші қабымда құм болуы - сенің қайырсыз даналығыңнан жақсырақ. Мен ақмақ болсам, берекелі ақымақпын. Өйткені рухым азыққа толы, ал жаным тақуалыққа. Егер сен де қайыршылықтан құтылып, бейшаралықтан арылайын десең, жұмыс істе, әрекет жаса, осылай (бос) хикметіңді, фәлсәфи көзқарастарыңды азайт» - дейді бәдәуи».

"Табиғаттан және қиялдан туған хәкімдік (философиялық ойлар) – ұлы Алла Тағаланың нұрының фейзінден мақұрым хәкімдік болып табылады. Дүниелік хәкімдік (философия), тек күмән мен күдікті арттырады. Ал дін (Ислам) хәкімдігі (діннен сусындаған даналық, философия) болса, адамды көктерге көтеріп, шыңдарға шығарады".  


Алынар ғибрат:

  • Адам қанша көп білсе де, егер білгенімен амал етпесе, оның бейшара адамнан айырмашылығы болмайды, өйткені білгені оның дүние және ақыретіне пайдасы тимеген.
  • Дін білімін теориялық тұрғыда біліп, алайда оны өмірінде қолданбаса, философияны оқыған философтан айырмашылығы болмайды.
  • Білім маңызды. Зеректік қымбат. Алайда, иләһи білімнен сусындамаған зеректік және Ұлы Жаратушыға деген сенім шеңберінде оқытылмаған білім - адамды адастыруы мүмкін, оны бос қиялдарға жетелеп, шықпас тығырыққа тіреуі мүмкін. Қазіргі таңда қаншама білім оқып, неше планеталарды ашып жатқан білім адамдары бар. Бірақ сонша зерек болса да Құдайды жоққа шығарып, өзінің көзі жетіп тұрған таңғажайып әлемді кездейсоқ жаратылған деп адасуда. Керісінше зеректігінен құдайды танып, хақ жолы Ислам жолына түсіп жатқандар да аз емес. 
  • Құдай Тағала үшін имансыз зерек адамнан, Құдайды бір деуші, иманды қарапайым мүмін-мұсылман артық. Зерек әрі иманды пенделер екі дүниеде де бақытты!
  • Ақылды болу жеткіліксіз. Әрекет те керек.

Абдусамат Қасым

0 пікір