Ибн Жәузи (М. ХІІ-ХІІІ ғ). Өмірді сүй!
Ибн Жәузи (М. ХІІ-ХІІІ ғ). Өмірді сүй!
12 күн бұрын 1868 islam.kz
А. Қасым

Орта ғасырда өмір кешкен дін ғұламасы Абдуррахман ибн Жәузи рахимаһуллаһ (1116-1201ж.) өмірден түнілудің орнына, білім мен біліктілігін арттыра түсу үшін және ақыреттік азығын одан сайын көбейте түсу үшін өмірдің ұзақ болғандығын абзал санайды. Ғұлама, ойшылға сөз берелік: 

«Күндердің бірінде Құдай Тағалаға былай деп дұға еттім:

«Уа, Алла, ілім мен амалда мақсатыма жеткіз! Ілімнен жақсы көрген нәрсеме қол жеткізуім үшін менің өмірімді ұзарт!» деп тіледім. Сол заматта шайтан малғұн азғырынды ойлар салып маған былай деді:

- «Одан соң не болады? Одан соң бәрібір өлу емес пе? Олай болса, ұзақ өмір сүрудің керегі не?!» 

Мен айттым:

- «Ей, ақымақ! Менің тілегімнің астарындағы мәнді түсінген болсаң, бекер айтпағанымды ұғар едің! Менің күн сайын білімім мен танымым артып жатқан жоқ па? Отырғызған көшетім жеміс беріп, астық жинау күні шүкірімді айтып қуанбаймын ба? Осыдан жиырма жыл бұрын қайтыс болып кеткенімде не болар еді? Бақытты болар ма едім? Әсте! Өйткені ол өткен күндері - Алла жайында бүгінде білген ондаған білімді білмейтін едім. Оның бәрі өмір сүргендігінің арқасында. Осынша жастағы өмірімнің ішінде Алланың бірлігіне қатысты көптеген дәлелдер жинадым. «Тақлидтің» төменінен, даналықтың төбесіне көтерілдім. Ілімге кенеліп, абыройым артты. Рухым асылданды.

Және де көшеттерім ахыретім үшін де артты. Талабалардың (шәкірт) салған инфестициясын құтқара алатындай (ақыреттік) саудам да күшейді. Алла Тағала пайғамбарлардың мырзасына:

«Раббым ілімімді арттыр деп айт!» - деген еді.

«Сахих Мүслім» жинағында Әбу Һурайры радияллаһу анһудан Алла елшісі саллаллаһу алейһи уә сәлләмның былай дегендігі келтіріледі:

«Мүміннің өмірін тек ізгі іс арттырады». («Сахих Мүслім»).

Және де Жәбір ибн Абдулла радияллаһу ъанһудан жеткен хадисте Алла елшісі саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай деген:

«Пенденің өмірі ұзарып, Алла Тағала оған мол жалбарынуды нәсіп қылған болса, сол бақыт». («Имам Ахмад», «әлХәким»).

Әттең, Нұх пайғамбардың жасындай жасым болса ғой - ілімім одан да молайып, өнімін алған сайын (Алланың алдындағы) абыройым артып, (ақыреттік) пайдам арта түсер еді!»1 


1  Абдуррахман Ибн Жәузи (1116-1201ж.) рахимаһуллаһ: «Сайдуь Хатыр».66 бөлім. Араб тілінде.

0 пікір