Дос таңдау жайында Құран тағылымы
Дос таңдау жайында Құран тағылымы
10 жыл бұрын 22804
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим!

«Досыңның көзі соқыр болса, бір көзіңді қыса жүр» демекші, өзінің бойына жақсы қасиеттер қалыптастырғысы келген адам, ең алдымен досының кім екенін ойлануы керек. Өйткені, аралас-құралас болып жүрген жолдастарыңыздың сіздің мінезіңізге де, әдебіңізге де, өмірге деген көзқарасыңызға да әсері тимей қоймайды.  Осыны ұғындырғысы келген ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап береді:

«Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де одан шыққан жағымсыз иісті сезесің»[1].  

Бұл жерде мынаны ескере кетелік: хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) «темір ұстасын» жамандайын деп тұрған жоқ. Бұны салыстырмалы түрде берілген мысал ретінде түсінгеніміз жөн.

Құрметті оқырман, жолдасы жаман болса, соның ықпалымен жаман жүріске түсіп, адасып, ақыры орны толмас өкінішке, қайғыға тап болып жатқандарды күнделікті өмірімізде кездестіріп жатамыз. Қасындағы жолдасының кесірінен қыз зорлау, кісі тонау, ұрлық жасау сияқты қылмыстарға барып, темір тордың арғы жағынан шығып жатқандар қаншама? Осы қателіктерін кеш ұғынып «әттең-ай» деп бармақтарын тістеп жатады. Алайда бұл өкініштің пайда бермесі анық. Осындай өкінішке тап болмау үшін, адастырар адамдарға ілесуден бойымызды аулақ ұстауымыз керектігін  Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде былайша ескертеді:

وَيَوْمَ يَعَضُّ الظَّالِمُ عَلَىٰ يَدَيْهِ يَقُولُ يَا لَيْتَنِي اتَّخَذْتُ مَعَ الرَّسُولِ سَبِيلًا ﴿٢٧﴾ يَا وَيْلَتَىٰ لَيْتَنِي لَمْ أَتَّخِذْ فُلَانًا خَلِيلًا ﴿٢٨﴾لَّقَدْ أَضَلَّنِي عَنِ الذِّكْرِ بَعْدَ إِذْ جَاءَنِي ۗ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِلْإِنسَانِ خَذُولًا ﴿٢٩﴾

«Ол күні (Қиямет күні) Залым бармағын шайнап: «Әттеген-ай! Пайғамбар жолын тұтпаған екенмін. Әттеген-ай! Пеленшені дос  етпеген болсам ғой.  Құран келгенде мені аздырған сол пәленше еді», - дейді. Ал Шайтан, сөз жоқ, адамды аздырушы»[2].

حَتَّىٰ إِذَا جَاءَنَا قَالَ يَا لَيْتَ بَيْنِي وَبَيْنَكَ بُعْدَ الْمَشْرِقَيْنِ فَبِئْسَ الْقَرِينُ ﴿٣٨﴾ وَلَن يَنفَعَكُمُ الْيَوْمَ إِذ ظَّلَمْتُمْ أَنَّكُمْ فِي الْعَذَابِ مُشْتَرِكُونَ    

«Олар біздің алдымызға келген шақта (өз досына): «Әттең, екеуіміздің арамызда шығыс пен батыстай алшақтық неге болмады екен? Сен қандай ғана жаман жолдас едің!, - дейтін болады. «(Енді өкін, өкінбе) Ол сендерге ешқандай пайда бермейді. Өйткені сендер сол уақытта зұлымдық істегенсіңдер, енді азапты да бірге тартыңдар», - делінеді оларға»[3].

Олай болса, жаман дос деп кімдерді айтамыз, оларды қалай тануға болады?
Осы жайында Алла тағала не деп бұйырады екен, соған құлақ түрелік:

إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ ﴿٧﴾ فَلَا تُطِعِ الْمُكَذِّبِينَ ﴿٨﴾ وَدُّوا لَوْ تُدْهِنُ فَيُدْهِنُونَ ﴿٩﴾ وَلَا تُطِعْ كُلَّ حَلَّافٍ مَّهِينٍ ﴿١٠﴾ هَمَّازٍ مَّشَّاءٍ بِنَمِيمٍ ﴿١١﴾ مَّنَّاعٍ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ ﴿١٢﴾ عُتُلٍّ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ ﴿١٣﴾ أَن كَانَ ذَا مَالٍ وَبَنِينَ ﴿١٤﴾ إِذَا تُتْلَىٰ عَلَيْهِ آيَاتُنَا قَالَ أَسَاطِيرُ الْأَوَّلِينَ ﴿١٥﴾

«Күдіксіз Жаратушы Иең оның жолынан кімнің адасқанын, кімнің адаспағанын жақсы біледі. Ендеше, өтірікшілерге бойұсынба. Олар сенің босансуыңды қалайды, сонда олар да бейқам жүрер еді. Көп ант ішкіш, кәззәптарға да бойұсынба, өте міншіл, өсекшіге де, жақсылыққа кедергі жасаушы, шектен шығушы күнәһарға да бойұсынба. Бұлардан бөлек: қатыгез-жауыз, тексізге де бойұсынба. Өздері дәулетті мен әулетті болса-дағы. Біздің аяттарымыз оқылғанда, олар: «Баяғының ертегісі ғой», - деседі»[4].  

Тағы бір аятта:

مَا سَلَكَكُمْ فِي سَقَرَ ﴿٤٢﴾ قَالُوا لَمْ نَكُ مِنَ الْمُصَلِّينَ ﴿٤٣﴾وَلَمْ نَكُ نُطْعِمُ الْمِسْكِينَ ﴿٤٤﴾ وَكُنَّا نَخُوضُ مَعَ الْخَائِضِينَ﴿٤٥﴾ وَكُنَّا نُكَذِّبُ بِيَوْمِ الدِّينِ ﴿٤٦﴾ حَتَّىٰ أَتَانَا الْيَقِينُ

«(Қиямет күні) Күнәһарлардан:"Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?", - (деп сұрайды). Олар: "Біз намаз оқушылардан емес едік. Әрі міскінді тамақтандырмайтын едік. Бұзықтыққа кірісушілермен бірге кірісіп жүрген едік. Қиямет күнін өтірік деген едік. Өзімізге өлім келгенге дейін (осындай едік) ", - деп жауап береді.»[5]

Ал, "Кәһф" сүресінде былай делінген:

وَلَا تُطِعْ مَنْ أَغْفَلْنَا قَلْبَهُ عَن ذِكْرِنَا وَاتَّبَعَ هَوَاهُ وَكَانَ أَمْرُهُ فُرُطًا 

«...Сол сияқты, Бізді еске алудан қаперсіз, әуесіне ерген және ісі (қияметте) босқа кететінге ілесіп кетіп жүрме»[6].

Демек ағайын, жоғарыда келтіріп өткен аяттардан байқағанымыздай өмірде адаспай тура жолда жүремін деушілерге осындай жаман сипаттардағы кісілермен достық қарым-қатынас жасамау, олардың дегендеріне ілеспеу (теріс істеріне), олардың іздерімен жүрмеу ләзім. Әйтпесе,  орны толмас өкініш, жазылмас қайғы-қасіретке  душар болуымыз мүмкін екендігін еске салуда Жасаған.

Аталмыш аяттарда баян етілген жағымсыз сипаттағы кісілерді былайша тізбектеуге болады:

  1. Өтірікші
  2. Үнемі уәдесінде тұрмайтын (көп ант ететін)
  3. Аса міншіл
  4. Өсекші
  5. Жақсылыққа кедергі жасаушы
  6. Күнәһар
  7. Қатыгез-жауыз
  8. Тексіз
  9. Намазы жоқ
  10. Басбұзар
  11. Қиямет күніне сенбейтін
  12. Алланы танымайтын
  13. Әуесіне ерген
  14. Құранды мойындамайтын
  15. Сараң

Ендеше өмірімізде жақсы адамдармен аралас-құралас болып, олармен достық байланыс құруымыз - бізді екі дүниеде де өкіндірмейтін шешім. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтпақшы: адам өз досының дінінде[7]. Сондықтан әрқайсысымыз өзіміз жақын тұтқан жолдастарымыздың кім екендігін бір електен өткізуіміз шарт. Әйтсе де, бұрыс жолда жүрген таныстарымыз болса, бұрыс тұстарын дұрыстауды, оларға тура жолды сілтеуді ұмытпағанымыз да жөн.

[1] Бухари мен Муслим.
[2] Фұрқан – 28-29 аяттар.
[3] Зухруф сүресі – 38-39аяттар
[4] Қалам сүресі – 7-15 аяттар.
[5] Муддасир сүресі– 42-47 аяттар.
[6] Кәһф сүресі – 28 аят.     
[7] Әбу Дәуід, ӘДӘБ.

3 пікір