Алланың үйін тазалаған ізгі әйел
Алланың үйін тазалаған ізгі әйел
6 жыл бұрын 4976 islam-risalyat.ru
Аударған Меруерт Бақдәулетқызы

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның дәуірінде Мединеде Умму Михджан есімді бір кедей, қарт әйел өмір сүрді. Сезімі мен ойлары көк аспандай тұнық әрі адамдық қасиеті биік болған ізгі әйел бірде: «Егер Ұлы Алла мені  күнә, күпірден тазалайтын болса, онда мен де Алланың үйін таза ұстаймын»,-деп ойлап, күн сайын пайғамбардың мешітін тазартуға шешім қабылдады. Осыдан кейін ол күн сайын Алла Елшісінің (с.а.у.) мешітіне келіп, Пайғамбарымыз мұсылман жамағатымен сұхбат жүргізіп, мүміндер ғибадат еткен мешітке күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізіп, мешітті мұнтаздай тазалап отырды. Умму Михджан өте кедей болғанымен, оның жан дүниесі ізгілікке толған байсалды да парасатты әйел еді. Мешітті әр уақыт тазалаған сайын әрдайым өзінің жан әлемінде жарқын қуаныш пен әдемі шаттықты, рухани тыныштықты сезінді. Бір күні Умму Михджан  қатты науқастанып, төсегінен тұра алмай қалды. Ол Алла Расулымен (с.а.у.) бір мешітте намаз оқу бақытынан айрылды. Науқас денесі төсекке таңылса да, бүкіл ойы мен жан дүниесі Алла Елшісіне (с.а.у.) асыққан игі ниетті әрі тақуа, таза адамдармен бірге болатын.

  Умму Михджан мешітте атқаратын сауапты, ізгі амалдарын жалғастыру үшін сүйікті міндетіне тезірек оралғысы келді, бірақ күн сайын меңдеген дерті оған қайтадан қауышуға ешқандай мүмкіндік бермеді. Құлағына келген Расулулланың (с.а.у.) дауысынан жанына қуаныш самалы есіп, жүрегінде Алланыңқұзырына жақындап, ыждағатпен  бас иіп, бойұсынуды қалайтын ыстық ықылас пайда болды. Бірнеше күн мешіттен көре алмаған Мұхаммед (с.а.у.) Умму Михджанды сұрастырды. Оның сырқаттанып қалғандығы жайында хабар алған Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мединенің шетінде тұратын әйелдің үйіне бет алып, жағдайын білмекші болды. 

  Дәл осы сәтте сырқат әйелді қуанту мақсатында біреу жүгіріп барып, былай дейді:

- Умму Михджан, қуанышты хабар! Алла Елшісі сенің қалахуалыңды білу үшін мұнда келе жатыр. Бұл шуақты хабарды естіген ізгі әйел қатты толқығанынан не істерін білмей қалды. Аурудан әлсізденген жүрегінің қағысы жиілеп, маңдайынан тер сорғалады. Бірқыдыру мерзімнен кейін Расулулланың (с.а.у.) жұмсақ дауысы да естілді.

 — Ассаламуалейкум, —деп амандасты Алла Елшісі...

  Умму Михджан өзінің жағдайын білгелі үшін келгеніне  үлкен алғысын білдіріп:

— Уағалейкумәссәләм, о, Алланың Елшісі!-деп әлсіз дауыспен амандасты.

 Пайғамбарымыз (с.а.у.) онда біраз уақыт бөгелді, алайда осы сәттер қарт әйелдің өміріндегі өте қымбат кезеңдер болатын. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) қашанда жетімдер мен әлсіздердің қамқоршысы болған әлемдегі ең мейірімді жан, науқас әйелдің де жүрегіне қуаныш пен жылылық ұялатып, мұңымен бөлісіп, жағдайын білді. 
   Алла Елшісінің (с.а.у.) былай деп айтқаны келтіріледі: «Алла таза, таза адамды жақсы көреді» (Термизи, Адаб, 41). Сондықтан ол таза жүректі шынайы мұсылмандарды жақсы көрді,  өз денесінің тазалығы мен жан дүниесіне, айналасына тазалық орнатып, мұқият қарап, қамқор болушыларды өте жақсы көрді. 

 Ардақты Алла Расулы (с.а.у.) бұдан кейін де Умму Михджанның денсаулық жағдайын біліп, жиі келіп тұрды. Тіпті бір келгенде оның көршісіне:

—Егер Умму Михджан дүниеден өтетін болса, маған хабар айтпай жерлемеңдер,-деп ескертті. 

  Келесі күні кешке Умму Михджан  Алла мен Елшісіне бойұсынған түрде  жан тапсырды. Көршілері бірден денесін жуып, оны кебінге орады. Барлығы дайын болғанда, Умму Михджанды соңғы сапарға шығарып салу үшін барлығы тысқа шықты. Олар Расулланың(с.а.у.) үйіне қарай беттеді. Алайда мейірімді Алла Елшісі (с.а.у.) түнгі намазы аяқталып, ұйықтап қалған еді. Бұл жағдай мұсылмандарды қайғыға батырды.

  Умму Михджан өзінің көршілері тарапынан  айырықша құрметке бөленді, әсіресе Алланың Елшісінің (с.а.у.) келуінен кейін оның мәртебесі арта түскен болатын. Оған енді Расулулла(с.а.у.) жерлеу рәсімін өткізбестен  ол қара жер қойнына түседі жәнелайықты марапатқа ие болмайды.

  Умму Михджанның көршілері өзара былай деп тіл қатысты:

— Амал не? Бұл тағдыр ...

—Алла Елшісін (с.а.у.) мазалағанымыз бұрыс болар...

—Мүмкін қазір оған Алладан уахи түсіп жатқан шығар. Оны ояту арқылы біз қателік жасауымыз да әбден мүмкін.

—Ендеше, Алланың Пайғамбарын(с.а.у.) мазаламай-ақ қояйық!

  Осындай қорқынышқа байланысты Умму Михджанның мәйітін пайғамбарға хабардар етпестен зиратқа жерледі. Жерлеу рәсімі орындалды, оның денесі жер қойнына тапсырылды. Мүміндер Умму Михджанға дұға етіп, Алладан оған рақым етуін сұрап, қабір басынан оралды.

  Таңертең Расулулла(с.а.у.) Алланың үйін тазалаған ізгі әйелдің денсаулығы туралы сұрады. 

—Оның денесі  кеше жерленді,  уа, Алланың Пайғамбары!  Біз, әрине, сізге келдік, бәрі жерлеу рәсіміне дайын болды, алайда сіз осы уақытта ұйықтап жатқандықтан,  сізді оятуды дұрыс емес деп санадық.

—Менің соңымнан еріңдер!-деген Расулулланың(с.а.у.)бұйрығы бойынша  серіктері Баки зиратына  қарай жүрді.

  Көршілері Умму Михджанның қабірін көрсетті. Алланың Елшісі (с.а.у.) қатысқан барлық мұсылмандармен  бірге Умму Михджанға қайтаданжаназа намазын оқыды. Әлемнің рақым нұры Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Ұлы Жаратушыға Умму Михджанға мейірімділік пен рақымдылық танытуын сұрап, дұға етті. 

Пікір білдірілмейді.