"Үйленудің бес пайдасы және үш қатері бар"
"Үйленудің бес пайдасы және үш қатері бар"
21 күн бұрын 11577

Некенің бес пайдасы төмендегідей:

1). Балалы болу.

Некелесудегі негізгі мақсат – ұрпақ қалдыру. Осылайша әлемдегі адам нәсілінің түгесілмеуін қамтамасыз ету. Шын мәнісінде құмарлық - үйленуге талпындырушы себеп ретінде жаратылған. Негізгі мақсат – ұрпақ өрбіту.

Ұрпақ өрбіту – біршетінен, Алланың ризалығын табу, өйткені адам нәсілін жалғастыру Алланың мақсатына сәйкес іс болғандықтан, Ол разы болатын іс ретінде есептеледі. Екіншіден - Пайғамбардың (с.а.у.) сүйіспеншілігіне қол жеткізу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде өзінің үмбетінің көптігімен мақтанатынын айтып өтеді. Үшіншіден – артынан Құран оқып, Алладан жарылқау тілеп тұратын біреу болады. Хадистің бірінде: "...ол үшін дұға жасап жүретін салиқалы бала" – делінеді.[1] Төртіншіден – кейде балалардың жастайынан шетінеп жататын кездері болады. Ондай сәбилер қиямет күні ата-анасына шапағатшы болады екен. Алла елшісі (с.а.у) бір хадисінде: «Қиямет күні сәби ата-анасын пейішке қарай сүйрелейді» - деген.   

2). Некенің екінші пайдасы – Шайтаннан қорғану, нәпсіні сабасына түсіру, құмарлықтың зиянынан сақтану, бөтен әйелге қарамау, зинаға бармау. Бұған байланысты Алла елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: «Үйленген адам дінінің жарымын қорғаған болады, ал қалған жарымында Аллаға тақуа болсын» - дейді. Егеряки, өзінің құмарлығын ноқталауға бір әйел жеткіліксіз болса, төрт әйелге дейін алуға рұқсат етілген. Сахабалардың кейбіреулерінде үш-төрт әйелден болған, ал кейбірі екі әйелмен шектелген.

3). Некенің үшінші пайдасы – өмірлік серігімен жолдастық құрып, онымен ойнап-күліп нәпсісін демалдырады, және де жүрегі тыныштық тауып, құлшылыққа көбірек ден қоюына септігін тигізеді. Шынында адамның нәпсісі – жабырқаулы, ақиқаттан үркуші. Өйткені ақиқат оның табиғатына теріс. Егер оған теріс нәрсені әрдайым мәжбүрлі түрде жүктей берсе, ығыры шығады, шаршайды, сондықтан кей уақыттарда оған да ләззәттық сыйлап, оны рахаттандырып тұрса, ол (нәпсі) көңілденіп, сергектік табады. Ал әйелімен әңгімелесу және онымен сырласу жүректі тыныштандырып, көңілдегі мұңды жояды. Сондықтан да, нәпсісін де мубах (рұқсат) жолдармен рахаттандырып тұру керек. Әзіреті Әли (р.а.) бір сөзінде былай деген: «Жүректерді бір сәт демалдырып тұрыңдар. Егер оған күш салынса, көр бола бастайды».  

4). Некенің төртінші пайдасы - үй ішін жинау, тамақ істеу, кір жуу, ыдыс-аяқ жуу т.б. осы сияқты үй шаруаларынан өзін босатқан болады. Кісі бүкіл уақытын үй шаруасына жұмсаса, өзге нәпіл ғибадаттарын орындауға, қосымша құлшылықтарын жасауға уақыт таппай қалуы мүмкін. Осы жөнінен қарағанда да салиқалы әйел күйеуіне жәрдемші болмақ. Бұған байланысты Сүлеймен әд-Дәрими есімді әулие кісі былай деген: «Салиқалы әйел – ол дүниелік қана емес. Ол сені ақыреттік істеріңмен айналысуыңа да жәрдем етуші». Осыған мазмұндас мынадай бір хадис те бар: «Шүкір етуші жүректерің, зікір етуші тілдерің және ақыреттеріңе жәрдем берер салиқалы мүмін жарларың болсын» - делінген. (Тирмизи).  

5). Некенің бесінші пайдасы – нәпсімен күресіп, нәпсісін тәрбиелейді. Жанұсына қарау, оларға қамқорлық жасау, әйелінің алдындағы міндеттемелерін атқарып, оның мінезіне сабыр ету, оның кей еркелігін көтере білу, оны дұрыстауға талпынып, оны дін жолына бастау, жанұясы үшін адал табыс табуға ыждыһаттану, балаларына жақсы тәрбие беруге күш сарп ету - бұлардың бәрі бір шетінен өз нәпсісімен күресу болып табылады. Өйткені нәпсі ауыртпалықты қаламайды. Ал кісі өз жанұясының ауыртпалығын көтеру арқылы, нәпсісін тәрбиелеген болады.

Қамқорлықтың сауабы – орасан зор. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Әділ қамқоршының бір күні – ғибадатпен өткізген жетпіс жылынан абзал» - дейді. Басқа бір хадисінде: «Бәрің - шопансыңдар. Әрбірің өз отарларыңа жауаптысыңдар» - деген. Әйел, бала-шағасының ауыртпалығына шыдау – Алла жолында соғысумен пара-пар делінеді. Ертеректегі ғалымдар: «Кейбір күнәлар бар, оны тек жанұясы үшін қам жеу ғана өшіреді» -деген. Осыған мазмұндас мынадай риуаятта да былай деп айтылады: «Сондай күнәлар бар, оларға тек қана нәпақа іздеу жолындағы қам жеу ғана кәффәрат болады» - делінеді. (Табарани).

Некенің үш қатері

Ал енді некенің үш қатеріне келер болсақ, олар төмендегідей:

1). Неке кейде арам табыс табуға себепші болуы мүмкін. Жанұясы бар адам бала-шағасының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін кей кездері ұрлық жасап немесе біреудің ала жібін аттап жататын кездері болады. Оның үстіне, егер зайыбы қанағатсыз, тапқан табысын азсынып тұратын біреу болса, күйеуі арам жолдардан да табыс табуға ұмтылуы мүмкін. Осылайша өзін де, отбасын да құрдымға жетелеген болады.

2). Екінші қатер – әйелі мен бала-шағаларының алдындағы міндеттемелерін сәйкесінше орындамай, зұлымдық жасап қоюы мүмкін. Сондай-ақ, әйелінің мінезіне сабырлығы жетпей, ұрып-соғып оған жапа шектіріп жататын кездер де кездеседі. Отбасына көркем түрде мәміле жасау, олардың алдындағы міндеттемелерін ойдағыдай орындау әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Әрине, бұл бірінші қатерден жеңілірек. Дегенмен, ол өз отбасының шопаны және ол өзінің жанұясы үшін сұралады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай деген: «Кісіге жанұсының алдындағы міндеттемесін орындамауы күнә ретінде жетеді» - деген. («Әбу Дәуід). Тағы бір риуаятта: «Өз жанұясынан қашқан адам – қашқын құлдың деңгейінде. Оның намазы да, оразасы да, оралғанға дейін қабыл болмайды» - делінген. Отбасының алдындағы міндеттемесін орындамай, олардың ақысын жеу де қашумен тең. 

Адам өзіне дұрыс қарай алмай жатқанда, үйленгеннен соң жауапкершілігі екі есеге артатыны мәлім. Жауапкершілігін ойдағыдай атқармаса, күнә арқалайды. Осы жөнінен қарағанда некенің де қатері бар.  

3). Үшінші қатер – бұл алдыңғы екеуінен жеңілдеу. Үйленгеннен соң кісі өзінің әйел, бала-шағасына көбірек көңіл аударып, дүние табумен, бала-шағасының тұрмысын реттеумен, олардың жақсы өмір кешуіне жағдай жасаумен айналысып кетеді де, Жаратушысын ұмыт қалдырады. Оған деген құлшылықтарын ойдағыдай орындамауы мүмкін. Жанұясының жағдайын ойлап, ақыретін ойлауды да ұмыт қалдырып жататын кездер болады. Ал жаратушысын ұмыттырып қоятын барлық нәрсе - қатерлі. Жанұясы үшін жүгірген жаман демеймін, қайта сауапты іс. Бірақ есіл-дерті соған ауысып, Раббысын ұмыт қалдырып жатса, сол қатерлі.

Алла Тағала барша отбасыға баянды өмір берсін!


[1] "Адам өлгеннен кейін жасаған амалы тоқтайды (сауабы бармайды). Бірақ, мына үш нәрсенің сауабы тоқтаусыз барып тұрады: "Садақа жария, пайдаланылатын ілім және ол үшін дұға жасап жүретін салиқалы бала". («Сахих Мүслім»).

Абдусамат Қасым
 
0 пікір