Отбасылық түйткілдер шаш – етектен
Отбасылық түйткілдер шаш – етектен
11 ай бұрын 3377

Барша адам бұл дүниеде жеке басы мен отбасына қатысты ұлы сынақтан өтуде. Жеке адамға жүктелген діни міндеттерге жеткілікті көңіл бөлінбеген соң, бүгінгі қоғамда отбасыларға қатысты мәселелер ерекше көбеюде. Осындай отбасылық ұрыстардың аясында бала-шаға қараусыз, тәрбиесіз қалады. Перзенттерінің ішіп-жеп жүргені адал ма, қандай фильмдер көріп жүр, достары кім, рухани азығын қалай алып жүр? Бала түгіл үйдегі бір гүлдің өзі уақытылы қаралып, түбі қопсытылып, су құйылмаса, ол да көп ұзамай шіріп кететіні белгілі. Ал бала қараусыз қалса, онда отбасындағы рухани ұрымтал тұстың қолдан берілгені. 

Жалпы алғанда, отбасындағы әйел мен еркек, перзент пен әке, ана мен бала арасында туындап жатқан түйткілдер аз емес. Көбінесе, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей жабулы қазан жабулы күйінде қалып, шешім шығаруға жеткілікті мән берілмей келеді. Бұл отбасы құрылғаннан кейінгі мәселелердің бір парасы ғана. Ал енді шаңырақ көтерілгенге дейінгі мәселелер одан да көп. Жастардың кеш үйленуі, бала санының азайып кетуі, өмірлік жар таңдау ісінің аса қиындауы, карьера, қызмет, мансап мәселесінің отбасы маңызынан да жоғары тұруы, еркектің еркек ретіндегі, әйелдің әйел ретіндегі қасиеттерінің жойылуы ұлттың ұсақталып, рухани солғындауына ұрындырар апат. Мұндай сансыраған ойлармен жүрген жанның қоғамға тигізер зияны атан түйе көтере алмастай ауыр. Нан зауытында жұмыс атқаратын адам басындағы қайғысын ойлап тұрып нан жапса, пісірген нанына бойындағы бүкіл жағымсыз биоқуаты сіңіп қалатынын, ал оны жегендердің әжептеуір әлсіреп, ауруға бейім болатынын ғылым дәлелдеді.

Жоғарыда атап өткен мәселелердің негізгі себебі – біздің Ислам дінімізден, сенімімізден, дәстүр-салтымыздан соншалықты алыстап кетуіміз. Оларды жеке адамдық, отбасылық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік деңгейде шешкіміз келсе, мұсылмандығымыз бен иманымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Еліміздегі ажырасқан отбасыларды қайта табыстыру үшін мемлекеттен миллиардтаған қаражат бөлінсе де, Алланың дініне тиісті көңіл бөлінбейінше, мәселе оң нәтиже бермейді. Негізгі себеп шешілмей, жанама себептерді шешу ауада тал қармау секілді пайдасыз іс. Материалдық байлығын үдете берсек те, мәселеге ислами, рухани тұрғыдан келмеген соң, одан зәредей де пайда тимесі анық.

Әйел бір күннің ішінде қаншама рет құбылып, түрлі рөлге кіруі керек. Егер ұстанып жүрген ақиқат діні мен сенімі болмаса, ол жүкті дұрыс көтере де алмасы анық. Мысалы, таңертең оянған әйел үй ішінің іші-сыртын ретке келтіруге міндетті. Өйткені ол − әйел. Бала-шағасының таңғы асын дайындап, мектепке шығарып салады. Өйткені ол ана. Күйеуінің қажеттіліктерін орындап, мүлкіне иелік етеді. Өйткені, ол − жар. Ата-енесінің қас-қабағына қарауы керек. Өйткені ол − келін. Содан соң жұмысына барып балаға дәріс береді. Бұл кезде ол − мұғалім. Жұмыс арасында құрбыларымен сөйлеседі. Өйткені, ол − дос. Солардың арасын- да уақыты келген намазын оқып, Аллаға дұға етіп, мұсылмандық міндеттерін орындауға тиіс. Өйткені ол − Алланың құлы. Көрдіңіз бе, әйел бір күн ішінде ана да, жар да, дос та, қоғам қызметкері де болады. Міне, мұның бәрінің сәтті жасалуы үшін міндетті түрде оның иманының күштілігі, мұсылмандығының беріктігі қажет. Мұсылмандығы кемшін тартса, бұл істер адамды шаршатып қалжыратып, ал егер Аллаға шын берілген иманды жан болса, керісінше адамға рухани ләззат сыйлайды. Оның ішкі руханияты әрбір рөлін ауыстырған сайын жаңарып, сергіп, тазарып отырады. Пенденің ішкі әлемі бұлақ секілді, аққан сайын тазарады.

Асылбек Әуезханұлы, "Даналық ойдан дән ізде"

 

 

0 пікір