Неге Алла Тағала адамдарға үйленуді жүктеген?
Неге Алла Тағала адамдарға үйленуді  жүктеген?
4 күн бұрын 3095
Нұғман Тұрғын

Бисмилләһир рахманир рахим

Ислам дінінде үйлену қасиетті ұғым. Құран Кәрімде үйленуге қатысты айтылған көптеген аяттар бар. Сондай аяттың бірінде Алла Тағала пенделеріне былай тапсырады: «Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер...! Егер олар кедей болса, Алла өз кеңшілігінен оларды байытады...». (Құран, 24 сүре).

Дініміз үйлену ісін әркімнің өз еркіне қалдырса да, үйленбей өтуді құп санамаған. Өйткені, үйленіп, шаңырақ көтеру арқылы отбасы құрылады. Ал отбасыдан қоғам пайда болады. Алла Тағала о баста Адам атаны топырақтан жаратқаннан соң, ұрпағы көбейсін деген мақсатта қабырғасынан Хауа анамызды жаратты. Бір сөзбен айтқанда үйлену – адамзат үшін «болмаса болмайды» дейтіндей табиғи заңдылық.  

Ендігі жерде, Алла Тағаланың біздерге үйленуді тапсыруының мән-мағынасын келесі пункттарда топтастыруға болады:

1) Адам нәсілін сақтау. Адам нәсілінің сақталып, жер бетінде өз барлығын жалғастыруының бірден-бір жолы – үйленіп, үй болу екендігі даусыз. Қасиетті Құран Кәрім мына аят кәримада осы аталмыш хикметке ишара етуде: «Ей, адамдар! Сендерді бір жаннан жаратып және ол жаннан жұбын жаратып, сөйтіп, ол екеуінен көптеген ер адамдар мен әйел адамдарды өрбіткен Раббыларыңнан қорқыңдар!...»[1]. «Алла Тағала өздеріңнен жұптар жасап және жұптарыңнан сендер үшін балалар мен немерелер жасады»[2].

Пайғамбарымыз да (с.а.у.) үйленудегі мақсаттың ұрпақ өрбітіп көбею екендігін мына сөзімен меңзеп өткен: «Үйленіңдер, ұрпақ өрбітіңдер, көбейіңдер. Шынында мен қиямет күні өзге үмбеттерге сендермен мақтанатын боламын» - дейді (саллаллаһу алейһи уә сәлләм).[3]

2) Текті сақтау. Алла Тағала заңды қылған үйлену ісі арқылы балалардың тегі белгілі болады, олар да өз кезегінде заңды әкелеріне тән екендіктерін мақтан тұтатын болады. Өйткені, адамның болмыстық маңыздылығы да, адамдық абыройы да, ішқі жан дүниесінің бақыты да, сол текте жатыр. Қазақта көргенсізді «тексіз» деп атаған. Егер үйлену ісі болмағанда, қоғам тегі белгісіз, абыройдан жүрдай ұрпаққа толы болар еді.

3) Қоғамдағы моральдық құндылықтардың жұтауынан аман сақтау. Үйлену арқылы қоғам өзінің тәлім-тәрбиелік құндылығын жоғалтпайды және әрбір жеке бас бүлінуден аман болады.  Өйткені, қарсы жынысқа деген құштарлығы адал үйленумен, адал байланыспен қанағат тапқан. Үйленудің осы жөнін Алла елшісі (с.а.у.) жастарға айтқан бір сөзінде баяндап өтеді. Ол (с.а.у.) былай дейді: «Ей жас буын! Сендерден кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Өйткені үйлену көзді харамнан сақтайды, нәпсіге қорған. Ал кімнің шамасы жетпесе, ораза ұстасын. Ораза оның нәпсісін басады».

4) Отбасы құру үшін екі жұптың бір-біріне көмекші болулары. Үйлену арқылы жұптар отбасы құрып, шаңырақ көтеруде, ұрпақ тәрбиелеп, өмірдің ыстық-суығына шыдас беруде бір-біріне жәрдемші болады. Өйткені, жұптар - бірін-бірі толықтырушы. Әйелі өзіне тән міндеттерін атқарса, күйеуі өзіне тән міндеттемелерін атқарады.

5) Қоғамның түрлі аурудан аман болуы. Үйлену - қоғамда түрлі жыныстық жолмен жұғатын аурулардың жайылуына тосқауыл болады. Өйткені, зина жайлаған қоғамда спид, мерез (сифилис) т.б. басқа аурулардың етек алатыны да сөзсіз. Үйленген жұптарда мұндай аурулардың болмайтындығы анық. Мұның өзі қоғам үшін адал некенің маңызды екендігін көрсетеді.

6) Ер мен әйелдер үйлену арқылы жандары жай тауып, жүректері тынышталады. Бұл өз алдына қоғам мүшелерінің бақытты өмір кешуін туғызады. Өйткені үйлену арқылы ер мен әйел рухани тыныштыққа бөленіп, ішкі жан-дүниелері рақат табады. Құранда бұл шындыққа қатысты былай делінеді: «Өздеріңнен жұптар жаратып, сол арқылы тыныштыққа бөленулерің және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірімділік жаратуы Алла Тағаланың белгілерінен...»[4].  

Міне осы сияқты үйленудің пайдалары мен хикметтерін тізе беруге болады. Оның бәрі - адал некенің қоғам үшін және әрбір жеке бас үшін қаншалықты маңызды екендігін ұғындырады. Негізінде, адам баласын өзге мақұлықтардан айырып тұратын тағы бір тұсы - үйлену болса керек. Өйткені, некеге тұрып, арнайы үйлену - хайуандарға тән емес. Адам баласына ғана тән дүние. Осыдан келіп, үйлену ісінің - адам болмысының қадірін арттыратын, өзге жаратылыстардан айрықша етіп, адамдық қасиетін жоғалтпауына септігін тигізетін бірден-бір ерекшелік деуге болады. Алла Тағала әрбір отбасыға бақыт пен баяндылық нәсіп еткей! Әмин. 


[1] «Ниса» сүресі, 1.
[2] «Нәхл», 72.
[3] Имам Бәйһақидің хадис жинағынан.
[4] «Рум» 21 аят.

0 пікір