Баланы отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды
Баланы отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды
27 күн бұрын 2314
Асылбек Әуезханұлы

Біз бүгінгі тақырыбымызды бастамай тұрып бұрын құрметті ата-аналармен бір мәселенің басын ашып, келікен жөн секілді. Біз перзенттеріміздің дінімізге, ұлтымызға, отанымызға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра алдық па? Бүгінгі біз көріп отырған жағдай бізге ұнай ма? Бала-шағамыздан елім деп елжіреген елжанды азаматтар шығатын түрі бар ма? Алдағы күннен қандай үмітіміз бар? Жұртымыздың жарқын болашағы үшін қажыр-қайрат жұмсап жүрміз бе? Міне осы сұрақтар әрбір ата-ананы мазалауы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені әрбір адамның тегі мен түп тамырлары ұлттық ерекшеліктермен байланысып жатыр десек артық айтқандық емес. Ендеше, осы ұлттық тамырлардың қасиетті кітабымыз Құран мен Алла елшісінің сүннет жолынан нәр алуына, иман, сенім ақиқаттарымен қуаттануына жағдай жасауымыз керек. 

Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, тек бір күндік қызығымен жанының амандығына ғана көңіл бөлетін, ұлт, ел, отан деген қасиетті ұғымдарды ұмытқан кей жастарды көргенде қынжылатынымыз рас. Тым болмаса, тәуелсіз, азат отан болмаса, бүгінгідей жайбарақат күн кешу мүмкін болмай қалатынын да ойламайтын жас азаматтарға еріксіз қарнымыз ашады. 

Алайда сол отанның азаттығын армандаған небір асыл ерлеріміз еңіреп жүріп өмірден озып кеткеніне тарих куә. Мысалы, бір ғана кешегі Міржақып Дулатовтың мына бір шумағына назар аударып көрелікші:

Жапанға мен бір біткен аласа ағаш, 
Демеймін жемісі мол тамаша ағаш,
Соңғы жаңқам қалғанша мен сенікі
Пайдалан қажетіңе жараса алаш!

Иә, өзін соңғы жаңқасына дейін ел игілігіне атай білген нағыз ерліктің үлгісі осы болса керек. Ахмет Байтұрсыновтың «Қамауда малың, қанауда жаның, Аш көзіңді оянып» деп елдің рухын селт еткізетін сергек сөз жазғаны да мәлім. Енді ұлт, Отан ұғымдарына асыл дініміздің көзқарасы қандай? Бұл тұрғыда ең алдымен айтпағымыз, Алла тағала адам баласын жаппай бір-ақ ұл етіп жаратпаған. 

Ұлттар, рулар етіп жаратқан. Бұл жайлы Құранда былай делінген: 

«Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13 аят). 

Пайғамбарымыз көрген түсін сахабаларына баяндағанда, олар қатты қуанады. Өйткені мұһажирлер Меккеден Мәдинаға қоныс аударғалы да аттай алты жыл өткен. Осы уақыт аралығында үлкенді-кішілі істер тындырып, үлкен нәтижелерге қол жеткізгенмен отанға деген сағыныш көңіл түкпірлерінен терең орын алған. Туып-өскен ата мекеннің топырағына ат басын тірейтін үнді іштей аңсайтын. Аллаһ елшісіне туып-өскен мекенінен айырылу оңай болмады. Артына қайта-қайта қарайлап, мұңды жанарын Меккеге тігумен болды. Хәзрауа алқабына келгенде түйесін тоқтатып, көз ұшында қалып бара жатқан туған қаласына деген қимастық сезімін төмендегі сөздермен білдірді: 

“Уаллаһи, сен Аллаhтың жаратқан мекендерінің ішінде ең құттысысың. Аллаh сүйген орынсың. Мен үшін де сенен қайырлы, сенен әсем жұрт жоқ. Кетуге мәжбүр болмасам, басқа жерден қоныс іздеп көшпес едім. Қош бол, туған жер – атамекенім!” Хақ тағала осы сәтте сүйікті құлын жұбату мақсатымен төмендегі аяттарын түсірді: 

“Әрине, ол Құранды түсіріп, таратуды саған парыз қылған Аллаh сені қайтадан қауышар мекеніңе (Меккеге) оралтады”. (Қасас сүресі, 85-аят).

"Жанұя жарасымы".

 

0 пікір