Тарауих намазын оқу қиынға соғып жатыр ма?
Тарауих намазын оқу қиынға соғып жатыр ма?
3 жыл бұрын 11992

Тарауих намазын бір оқып, бір оқымай, қиынға соғып жүрген болса, оны жеңілдететін біршама кеңестер бере кетелік:

1) Түстен кейін міндетті түрде бір-екі сағат ұйықтап алыңыз. Тіпті, жұмыстан келгеннен кейін болса да біраз мызғып алғаныңыз абзал. "Түнгі намазға түскі ұйқыдан жәрдем алыңдар" делінеді хадисте. Сергектік - тарауих оқуға үлкен көмекші.

2) Құптан уақыты кірісімен, кешіктірмей дәрет жаңалап намазға тұрыңыз. "Түн ұзақ қой. Намазды түнде тұрып оқимын" деген ойға еш алданбаңыз. Әдетте ондай кезде адам тарауих намазы тұрмақ, құптан намазының өзіне зорға үлгереді. Діңкеңіз қашпай тұрып, ерте бастасаңыз, тарауихты оқу да жеңіл болады. Лаж болса кейінге қалдырмаңыз.

3) Ауыз ашқаннан кейін теледидарға алданбаған жақсы. Теледидардағы көрсетіліп жатқан кинолар мен бағдарламалардың дені адамның ықыласын азайтады. Оның орнына, құптан кіргенше тәспі тартып, жүз рет «истиғфар» айтқан абзал. Тәспі тартумен ми демалады, жүрек тынышталады. (Истиғфар – астағфирулла деу).

4) Тарауих намазын тұрып оқып шаршаған болсаңыз, отырып оқыңыз. Тарауихты отырып оқуға болады[1]. Жиырма бастың бәрін тұрып оқу қиынға соғып жатса, бір төрт рәкәғатын тұрып оқып, келесі төрт рәкәғатты отырып оқып, осылай кезектестірсеңіз жеңіл болады. Дәлірек айтқанда, аттахият отырысында отырған күйі «Аллаһу әкбар» деп бастап, ретімен дұға-сүрелерді оқып, сосын рукуға отырған күйі иіліп, ал сәждені әдеттегідей орындайсыз.

5) Екі рәкәғаттан бөліп оқыған жеңілдеу болады.

6) Әр бөліміне ауызша ниет айту және ниетте рәкәғат санын айтып тұру шарт емес. Көкейіңізде тарауихты оқуға діттенуіңіздің өзі ниет саналады. Әр бөлімінде ниетті ауызша айтып тұрмай "Аллаһу әкбар" деп бастап кете берсеңіз болады.

7) Оқыған намазыңыздың ертең қабірде жалғыз жатқанда, қасыңыздағы жолдасыңыз болатынын ойлап оқыңыз. Ойлап қараңызшы: қараңғы қабірде жалғызсыз, дос-жаран, туған-туыс - ешкім жоқ. Сондай кезде, қасыңызда жарқырап, нұр шашып, оқыған Тарауих намазыңыз отырса, керемет емес пе?...

Айтқан кеңестерім пайдалы болады деген үміттемін. Алла Тағала ұстаған оразаларыңыз бен жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін! Уәлхамдулилләһи Раббиль аләмин. 

А. Қасым


[1] «Үзірсіз отырып оқу «жеңіл мәкруһ» санайтын ғалымдар бар, мүлдем мәкруһ емес дейтін Ханафи ғалымдары да жоқ емес, қалай болғанда да тарауих намазын "үзірсіз" болса да отырып оқу күнәға жатпайды, намаз саналады. («Раддуль Мұхтәр» - 2/499; Ибн Нүжейм: әл-Бәхр-2/111 бет; Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу – 2/296 бет).

0 пікір