Спирт қосылған дәріні ішу мәселесі
Спирт қосылған дәріні ішу мәселесі
3 жыл бұрын 6474
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бүгінде спирт араласқан дәрілер, тек мұсылман емес елдерде ғана емес, соның ішінде мұсылман елдерде де кең етек алған келелі мәселе болып отырғандығы шындық. Осыған орай, халал-харамға мән берер діндар мұсылман жұртшылығын спирт қосылған дәрілерді ішу мәселесі жиі мазалап, тығырыққа тіреп жататындығы рас.

Десе де, Ханафи мәзхабында оның шешімі бар. Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф бойынша (рахимаһумулла), жүзім және құрмадан өндірілген спирттен өзге спирт түрлерін емдік мақсатта қолдануға рұқсат[1]. Бұлай болған жағдайда, қазіргі таңдағы дәрілерге қосылатын спирттердің басым көпшілігі жүзімнен немесе құрмадан өндірілмейді. Бүгінде спирттің көпшілігі – сульфаттан, күкірт қышқылынан, әсельден (бал), крахмалдың қантқа айналып үлгермеген сірнесінен, дәннен, тарыдан, қарабидайдан т.б. заттардан өндіріледі. Ендеше, қазіргі таңдағы дәрі-дәрмектердің құрамындағы спирттер жүзім мен құрмадан өндірілмеген болса, ол дәріні ішу – Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың тұжырымы бойынша рұқсат. Дәрі-дәрмекке деген қажеттілік себепті, бұл мәселеде қос ғұламаның тұжырымын негізге алған жөн.

Алайда, дәрі-дәрмектерге қосылатын спирттер жүзімнен немесе құрмадан өндірілген болса, оны тек әділ, яғни, күнә-сауапты түсінер мұсылман дәрігердің нұсқауымен: «одан өзге орнын басар емі жоқ» деп айтуынан кейін ғана пайдалануға болады, оны да айта кеткен жөн[2]. 

Өзге мәзхабтарда қалай?

1) Шәфиғи мәзхабында ішімдіктердің қандай жемістен жасалған болса да (біздің жағдайда "спирт"), емдік мақсатта қолданатын кезде тек өздерін ғана қолдануға болмайды, ол басқа дәрімен бірге араласқан болуы керек, сол кезде ғана емдік мақсатта қолдануға болады, онда да, егер нақты пайдасы бары білінсе және өзге орнын басар таза дәрі жоқ екендігі анықталса. Ендеше, Шафиғи мәзхабында спирттің таза өзі емдік мақсатта ішілмейді екен. Бірақ, басқа дәрімен араласқан болса, ішуге болады екен. Олай болса, дәріге деген қажеттілік себепті, спирт араласқан дәріні қолдану бүгінде - Шафиғи мәзхабында да рұқсат болмақ.

2) Ал, Мәлики мәзхабы мен Ханбали мәзхабында, қандай жағдай болмасын, хараммен емделуге болмайды. Тек мәжбүр жағдайда ғана рұқсат.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда спиртсіз дәрілер жоқтың қасы екендігі анық, және де дәрі-дәрмекке деген қажеттілік әрдайым болады, сондықтан да, бұл мәселеде Ханафи мәзхабы мен Шәфиғи мәзхабының тоқтамын алғанымыз дұрыс, яғни, құрамында спирт бар дәрілерді қабылдаудың ағаттығы жоқ деген тоқтамды алуымыз керек. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Осы орайда, мәселенің басқа бір қыры тағы бар, оны да айта кетелік:

Спирт басқа дәрілердің құрамына енген жағдайда, ол өзінің болмысын сақтай ма, әлде химиялық процесс кезінде реакцияға ұшырап, болмысы өзгеріске ұшырай ма? – осы жөні де анықтауды керек етер мәселе. Егер, дәрі жасау процесінде спирттің болмысы өзгеріске ұшырап, ол «спирт» болудан қалса, онда ол басқа нәрсеге айналғаны. Олай болған жағдайда, бүкіл мәзхаб имамдары бойынша, ондай дәріні қолданудың еш ағаттығы жоқ. Өйткені, мысалы, шарап сіркеге айналған жағдайда, ол өзінің болмысын өзгерткені үшін, оны қолданудың ағаттығы жоқ екендігін имамдардың бәрі бір ауыздан айтқан. Дәрінің құрамындағы спирт те реакцияға ұшырап, басқа нәрсеге айналар болса, үкімі - барлық мәзхаб бойынша, мубах болмақ.  

Мақала Шейх Мұхаммед Тақи Османидің (хафизаһуллаһ) жазбасы негізінде дайындалды,
дереккөз:
«Бухус фий Қодоя фиқһияти муъасыйро». 


[1] Өйткені, Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф бойынша (рахимаһумулла), жүзім және құрмадан өндірілген ішімдіктерді, егер: 1) Денеге қуат беру мақсатында ішсе, мысалы, бозаны және қатты ашыған қымызды ішу, ал арақ бұған жатпайды. 2) Немесе емдік мақсатта ішсе, мысалы, спирт араласқан сироптарды т.б. 3) Және онысы мас ететіндей мөлшерде болмаса, ішуге рұқсат. (Фәтхуль Қадир-8/160). Ал егер, мас ететіндей мөлшерде ішсе немесе аз ішсе де емдік мақсатта емес көңіл көтеру үшін ішсе, жүзім мен құрмадан өзге дақылдардан жасалса да Имам Ағзам бойынша харам болмақ. Сондай-ақ, Имам Мұхаммед бойынша, қандай мақсатта ішсе де, көп ішкенде масайтатын ішімдіктің қай түрін болмасын, аз ішу де харам. Ханафи мәзхабында ішімдік мәселесі Имам Мұхаммедтің пәтуасына негізделетіндігін айта кету керек – ауд.).
[2] Себебі, Ханафи мәзхабында хараммен емделу тек, орнын басар басқа дәрі табылмаған жағдайда ғана рұқсат болмақ. (Ибн Нүжәйм: «әл-Бахрур Раиқ. 1/116).

0 пікір