Пайғамбарымыз науқасты неге қинап тамақтандырмауды бұйырды?
Пайғамбарымыз науқасты неге қинап тамақтандырмауды бұйырды?
6 жыл бұрын 5287
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Тирмизи мен Ибн Мәжәнің хадистер жинағында Хазіреті Ұқба ибн Әмир (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Науқастарыңызды ішіп-жеуге қинамаңыздар. Себебі, оларды Аллаһ Тағаланың өзі ішіп-жегізеді», – дейді (Тирмизи, «Тыбб», 4; Ибн Мәжә, «Тыбб», 4).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл хадисінде науқастардың тәбеті тартпаса, адамды қыстап тамақтандыруға болмайтындығын біздерге өсиет еткен. Әр сөзі мен сүннетінде хикмет жатқан Пайғамбарымыз не себепті бұлай деген? Мұнда қандай хикмет бар?

Біз, керісінше, науқастарымыздың тәбеті тартпаса да «әлсіреп кетесің, күш жинап ал» деп аузына ас тығып әлек боламыз ғой. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұнымыздың әсте дұрыс емес екендігін ескертеді.

Хадистер жинағының «Медицина» бөліміне жатқызылған бұл хадисті мұғжизалардың бірі дей аламыз. Сөйтсек, ауруға ұшыраған жандарды тәбеті тартпағанына қарамастан зорлықпен тамақтандыру ол үшін пайдалы емес, зиянды боп тиеді екен.

Оразамен емдеу (ашығу жолымен емдеу) тәсілін зерттеген «америкалық» Эдуард Дьюи (Edward Dewey) есімді дәрігер өзінің зерттеулерінің бірінде: «Адамның дене температурасы 38 градустан асқан кезде ас қорыту жүйесіндегі бездер ас қорытатын ферменттерді бөлуді тоқтатады.  Бұл жағдайда асқазанда жаңа сығылған жеміс шырынан басқа ештеңені қорытатындай фермент қалмайды. Нәтижесінде науқас жанның жеген асы қорытылмағандықтан бырши бастайды. Бұл өз кезегінде улануға әкеп соғады. Бұдан адам зиян тартпаса, пайда көрмейді», – дейді.

Сондай-ақ, ол (Эдуард Дьюи) қызуы көтерілген науқастың аш қалған кездегі салмақ жоғалтуы тамақтандырған кездегісінен артық емес екенін де дәлелдеген. Оның үстіне ас қорыту үшін жұмсалатын энергия дененің ауруға қарсы күресу үшін қажетті биологиялық күшті азайтатындығын анықтаған. Яғни, Алла Тағала адамның ас қорытуға жұмсалатын барлық энергиясын аурумен күресуге бағыттау үшін ас қорыту жүйесін уақытша тоқтатады екен. Бұның есесіне, ағза асқазанға азық түспесе де, өзіне қажетті қоректі бұған дейін адамның бойында деполанған азықтардан алады екен.

Доктор Эдуард Дьюи бұл пікіріне айғақ ретінде кислота ішіп қойып, асқазаны күйіп, ас қорыту жүйесі бұзылған екі баланың біреуі – 75 күн, екіншісі 90 күн еш тамақтанбастан өмір сүргендігін мысал келтіреді.

Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Алла Тағаланың өзі қоректендіреді» деп қысқа қайырған сөзі осындай тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болып тұр.

Бұл да Алла Тағаланың құлына деген «әр-Раззақ», яғни, рызық несібемен қамтамасыз етуші екендігінің жарқын бір көрінісі. Жаратушы иеміз тамақ ішуге дәрменсіз қалған құлына да мейірім-шуағын төгіп, оған ырзығы мен қорегін тамақтан өткізбей-ақ та береді екен.

 

0 пікір