«Ғылым – мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!»
«Ғылым – мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!»
1 ай бұрын 1529
А. Қасым

«Ғылым – мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар». Әзіреті Әли

Кейбір адамдардың ойлағаныдай "мұсылман" деген, мұрнының ұшынан арғысыны көрмейтін, бұйығы, дамуға жабық, белгілі шеңберден шықпайтын көр біреу емес. Керісінше, мұсылман деген – қоғамға ашық, үнемі ізденіс ішіндегі, жаңа дүниелерді білуге құштар, әрдайым даму үстіндегі адам. Оның өмірлік ұстанымы: «Екі күні бірдей болған - зиянда» дейтін хадис.

Білімді тек мұсылманнан үйрену керек пе?

Дүниелік ғылым-білімді үйрену мәселесінде Ислам діні кәпір-мұсылман деп бөлмейді. Мұсылман адам ғылымды және сол сияқты пайдалы дүниелерді діні бөтеннен де үйренуі мүмкін. Оның ағаттығы жоқ. Өйткені, маңыздысы - кімнен үйренгенің емес, нені үйренгенің («فالعبرة بما قيل، لا بمن قال»).

Тіпті, адам тұрмақ, үйренері болса - хайуаннан да үйрену ағат саналмайды. (Бүгінде кейбір хайуандарға қарап көптеген техникалар жасап шығарып жатыр). 

Бұған дәлел ретінде, Құрандағы Әбіл мен Қабылдың оқиғасын алсақ болады. Қызғанышқа бой алдырған Қабыл, өзінің інісі Әбілдің қанын төккеннен соң онысына өкініп, бауырының өлі денесін не істерін білмей дал болады. Сонда Алла Тағала оған бір қарғаны жібереді. Қарға жерді қазып, оған інісінің өлі денесін жерге қалай көму керектігін көрсетеді[1]. Осылайша, адам баласы өлілерін жерге көмуді ең алғаш рет қарғадан үйренген болды.

Сондай-ақ, мұсылман адам қанша білгіш болса да, өзінен кішіден немесе өзінен білімі төменнен бір нәрсе үйренуді намыс көрмейді. Бұған мысал - Құранда баян етілген Сүлеймен пайғамбар мен арапша «Һүд-һүд» деп аталатын бәбісек құсы жайындағы оқиға. Сол оқиғада бәбісек құсы Сүлеймен пайғамбарға «Сен білмейтін нәрсені, мен білдім» деп, Оған «Сәбә» халқы жайында баяндап береді[2]. Сүлеймен пайғамбардың бұл оқиғасы – үлкеннің кішіден, ұстаздың шәкірттен, әкенің баладан тәлім алуы мүмкін екендігін көрсетеді. Өйткені маңыздысы – кімнен үйренгенің емес, нені үйренгенің.

Әзіреті Әлиден мынадай бір сөз жеткен (осыған мағыналас хадис те бар):  

 العلم ضالة المؤمن، فخذوه ولو من أيدي المشركين

«Ғылым – мүміннің жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!».  

Бұл жердегі ғылымнан мақсат – дүниелік ғылымдар. Дүниелік ғылымның мұсылман-кәпірі жоқ. Ол бәріне ортақ. Мысалы: есеп-қисап ғылымы, астрономия ғылымы, техникалық ғылым, құрылыс, соғыс стратегиясы т.б. Ал діни ғылымды арнайы дін маманы мұсылманнан алу керек. Діни пәтуаны да мұсылман ғалымы бере алады. Діні бөтендерден пәтуа алынбайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) соғыста тұтқынға түскен кейбір сауаты бар мүшріктердің бас бостандығының кепілі ретінде сахабаларға оқу-жазуды үйретуін шарт қойған. Мұсылмандарға оқу-жазуды үйреткен тұтқын, бостандыққа қауышатын. Осындай жолмен оқу-жазуды үйренгендердің бірі сахаба Зәйд ибн Сәбит (р.а.) еді.

Демек, Ислам мұсылмандарға үнемі ізденуді бұйырады. Жай іздену емес, жоғалтқан затын іздегені сияқты іздену. Білім алғанда да, білім иесінен, маманынан алу маңызды. Осы жолда кімнен үйрене алса, содан үйренеді. Мейлі мұсылман болсын, мейлі христиан болсын. Жасы өзінен кіші болсын, мейлі кешегі шәкірт болсын, егер үйренері бар болса, үйренуді намыс көрмейді. Бір әлсіз хадисте былай делінген: 

 «الكلمة الحكمة ضالة المؤمن أنى وجدها، فهو أحق الناس بها»

"Даналық сөз - мүміннің жоғалтқан заты. Қай жерден тапса да, ол оған - адамдардың ең лайықтысы!". Хадис. Тирмизи, "Сүнән". Ибн Мәжә: "Сүнән".

[1] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 31 аят.
[2] Құран Кәрім: «Нәмл» сүресі, 20-22 аяттар.

0 пікір