«Алла ғапыл, немқұрайды жүректің дұғасын қабыл етпейді...»: Хадис дұғаның қабыл болу шарты жайында
«Алла ғапыл, немқұрайды жүректің дұғасын қабыл етпейді...»: Хадис дұғаның қабыл болу шарты жайында
1 ай бұрын 3985

Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

أبي هريرة أن رسول الله قال ادْعوا اللهَ وأنتم موقنون بالإجابةِ ، واعلَموا أنَّ اللهَ تعالَى لا يستجيبُ دعاءً من قلبٍ غافلٍ لاهٍ 

«Алла Тағалаға дұға еткенде «қабыл болады» деген яқин сеніммен дұға етіңдер. Біліп қойыңдар! Шынында Алла тағала ғапыл әрі немқұрайды жүректің дұғасын қабыл етпейді». (Имам Тирмизи, «Сүнән», №3479). 

Аталмыш хадис, жасаған дұғаларымыздың қабыл болуы үшін жүректің маңыздылығына назар аудартуда. Жүректегі сенімнің дұғаның қабыл болуына бірден-бір себеп екендігін баса айтып отыр. Яғни, Алла Тағалаға дұға еткенде көкейде «қабыл болады» деген сенім болуы шарт екен. Бұл Құдай Тағаланың мына кәләм шәрифімен де ұштасады: «Раббыларыңа бағыныштылықпен және жасырын түрде дұға етіңдер». («Ағраф», 55). Атақты Құран тәпсіршісі Ибн Жәрир ат-Табари (р.а.) бұл аяттағы «бағыныштылықпен» деген сөзді: «күңкілсіз, көңгіш күйінде» деп тәпсірлесе, «жасырын» деген сөзді - «жүректің құлшынысы (хүшуъ) және яқин сенімнің дұрыстығы» деп тәпсірлеген.

Дұғаның қабыл болуына қатысты сенім, бір шеті - жүректегі иман саламаттылығын білдіреді, екіншіден - пенденің Аллаға деген ойының көркемдігін және Алладан үмітті екендігін білдіреді. Сондай-ақ, жүректегі яқин сенім - дұға-тілек тілеуші мұсылманның Алланың уәдесіне нық сенетіндігін білдірмек. Ол - Алла Тағаланың «Менен тілеңдер, жауап беремін» («Ғофир», 60) - деген қасиетті сөзіне күмәнсіз иман ететіндігінің нышаны. Жаратушы Иесі пендесі қол жайып сұраса, қолын бос қайтармайтынына кәміл сенетіндігінің белгісі. Бұнымен қатар, дұғаның қабыл боларына сенушілік - Аллаға мұқтаж екендігінің белгісі. Құдай Тағала «өзін Құдайға мұқтажсыз санайтын» пендені ұнатпайды: «Сондай маған дұға жасауға тәкәппарланатындар бар емес пе, олар тозаққа бейшара болған күйі кіреді» - деген. («Ғофир», 60). 

Демек, дұғаның қабыл болуының бірден-бір шарты - «яқин сенім», яғни, дұғаның қабыл боларына нық сену керек. 

Ғапыл жүрек дұғасы

Алла елшісі әріқарай сөзін жалғастырып: «Алла тағала ғапыл әрі немқұрайды жүректің дұғасын қабыл етпейді» деп отыр.

Құдайды еске алмайтын, одан ғапыл қалушы жүректің дұғасы қабыл емес. "Ғапыл жүрек" деген, Алла Тағаланы еске алмайтын, оның шексіз құдіреті мен шеберлігін пікірлемейтін, қысқасын айтқанда - Құдаймен байланысын жоғалтып алған жүрек. Адам Алла Тағаланы ұмытып, бір Жаратушысын еске алмаса, тоқшылықта Оның барлығын, бірлігін ойлап, пікірлемесе, әріберіденсоң оның Ұлы барлығына күмән келтіріп жатса, оның қиналғанда, басына іс түскенде «Құдайым» деуінің не пайдасы бар? Мәуләнә Жәләлуддин ар-Руми айтқандай: «Кеңшілікте Раббым десең, таршылықта Ол «пендем» демей ме!» дейді абыз дана. Қандай керемет сөз! Жайшылықта жүрегіміз Алла деп соғып тұрса, қиналғанда жәрдемшіміз де бір өзі болмай ма! Әйтсе де, Жаратушы Иеміз ғапыл пендесін қиын-қыстау сәтінде де мейірімін төгері сөзсіз. Қаншама тығырыққа тірелген пендесіне жол көрсетіп, қаншама пендесін өмір мен өмір арпалысы сәтінде аман алып қалып жатады. Бірақ бәрі артта қалғаннан соң, көбіміз «есегім судан өткенше» дегеннің кебін келтіріп жататынымыз өкінішті.

Демек, Құдайды ұмытқан жүректің дұғасы қабыл болмайды екен. Сондықтан да, пенде жиі зікір тартып, Құдайға истиғфар айтып, оған сыйынып жүрмегі ләзім екен.

Немқұрайды, селқос жүректің дұғасы

Хадистің жалғасында Пайғамбарымыз (с.а.у.) «...әрі немқұрайлы жүректің дұғасы қабыл емес» деп отыр. Бұл жерде Құдайдың тыйымдары мен бұйрықтарына селқос қарайтын пендені айтуда. Мәселен, пенде табысының арам-адалына мән бермесе, кісі ақысына мән бермесе, намаз оқымаса, ораза ұстамаса, ата-анасына тіл тигізсе, жәбір көрсетсе т.б. сол сияқты тыйымдарға селқостық танытса, оның дұғасы қалай қабыл болмақ? Сондықтан да, дұғамыз қабыл болсын десек, намазымызды уақытымен оқып, оразамызды уақтылы ұстап, харам істерге жоламай, тақуалық танытсақ, Құдай Тағала да біздің тілеген тілегімізді орындайды екен, бастысы дұғамыздың қабыл боларына шын жүректен сенсек болғаны. Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым

0 пікір