Адамдармен сөз таластырып, дауласып отыру жайында
Адамдармен сөз таластырып, дауласып отыру жайында
3 жыл бұрын 5322
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Адамдармен сөз таластырып, дауласып отыру күнә. Өйткені ол нәрседе қарсы адамға зәбір көрсету бар, әрі оны надан орнына көру бар және мінеу бар. Сондай-ақ, талас-тартыста өзін керемет санаушылық басым, өз-өзін ақтап, зеректік пен білгірлік жөнінен өзін артық санау бар.

Сонымен қатар, талас-тартысу, ол – көңіл-күйді бұзу деген сөз. Егер әпенді наданмен сөз таластырған болсаңыз, міндетті түрде ол сіздің жаныңызды жаралайды. Ал жұмсақ, сабырлы адаммен сөз таластырсаңыз, оның көкейінде сізге деген жеккөрініштік пен кек туындайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Кімде-кім өзінікі қате болып тұрып, таласуды қойса, ол үшін Алла Тағала пейіштің шеткі жақтарынан үй тұрғызады. Ал кімде-кім өзінікі дұрыс бола тұра таласудан бас тартса, Алла Тағала оған арнап пейіштің төрінен үй соғып береді».

Ендеше, шайтанның азғыруына алданбау керек. Шайтан былай деуі мүмкін сізге: «Ақиқатты тіке айт. Жалпақтама» деуі мүмкін. Оған алданбаңыз. Шындығында, шайтан қу тілді. Ақымақтарға қайырлы нәрсені ұсына отырып, оларды жамандыққа жетелейді. Сондықтан да, шайтанға күлкі болмаңыз. Ол сізді мазақ қылады. Әрине, ақиқатты айту – жақсы нәрсе, бірақ кімге? Ақиқатты сенен қабыл ететін адамға айту жақсы. Онда да, талас-тартыс арқылы емес, байсалдылықпен насихат арқылы айту керек.

Насихат айтудың да, өзіндік жолы, сипаты бар және ол жұмсақтық пен сыпайылықты қажет етеді. Олай болмаған жағдайда, насихат – ұрысқа айналады, ол кезде оның пайдасынан зияны көп болмақ.

Кім қазіргі заманғы фиқһ ғалымдарымен аралас-құралас боп жүрсе (Имам Ғазали бұл жерде өзінің заманындағы кейбір фиқһ саласының мамандарын айтуда), оның болмысында  таласу, дауласу басым болады. Оған үндемеу қиынға соғатын болады. Өйткені, жаман ғалымдар, ол нәрсені оған «жақсылық» деп нандырып қойған. Олардың назарында кім таласқыш, кім дәлелді көп келтіреді, сол мақтауға лайықты. Ондайлардан – арыстаннан қашқандай қашыңыз. Біліп қойыңыз! Таласу – Алланың да, адамдардың да жеккөрінішін тудырады[1].

Аударған: А. Қасым


[1] Имам Ғазали: «Бидаятуль Һидая»

0 пікір