Сүлеймен пайғамбар мен балаға таласқан екі әйелдің оқиғасы
Сүлеймен пайғамбар мен балаға таласқан екі әйелдің оқиғасы
4 ай бұрын 1693

Бұл қиссаны біздерге Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) әңгімелеп берген. Оны біздерге жеткізген - сахаба Әбу Һурайра (р.а.). Хадисте былай делінеді:

«(Дәуід пайғамбар заманында) екі әйел болды (бірі жастау, екіншісі үлкендеу). Екеуінің екі (сәби) баласы болды.

(Күндердің бірінде) бір қасқыр келіп, екі әйелдің бірінің баласын алып кетті. Одан соң, әйелдің бірі екіншісіне:

- Қасқыр сенің балаңды алып кетті! - деді. Ал екіншісі болса біріншісіне:

- Жоқ. Қасқыр сенің балаңды алып кетті, - деді. Екеуі осылай дауласып, даудың шешімін Дәуід ғалейһиссәләм айтсын деп барады. Дәуід ғалейһиссәләм дауды үлкенінің пайдасына шешеді.

(Даудың шешіміне риза болмай) екеуі Дәуідтің ұлы Сүлейменге шығады (ғалейһиссәләм).

Екеуі Сүлеймен пайғамбарға келіп оған мән-жайды айтып береді. Сонда Сүлеймен пайғамбар (қасындағыларға):

- Маған пышақ әкеліңдер, мына баланы екі бөлейін! - деді.

Сонда әйелдің жасы кішілеуі Сүлеймен пайғамбарға:

- Құдай ақыңызды берсін, олай істемеңізші! Мына бала - оның баласы» - деп, баланы жасы үлкендеу әйелге беруге келіседі.

Алайда Сүлеймен пайғамбар баланы жасы кіші әйелге береді» деп ардақты Пайғамбар сөзін аяқтапты.

Осы хадисті риуаят етіп отырған сахаба Әбу Һурайра (радияллаһу анһ): «Мен бірінші рет пышақты «сиккин» деп аталатындығын (осы хадистен) естіп отырмын. Біз оған дейін «мүдия» (الْمُدْيَةَ) деп атайтынбыз» дейді ардақты сахаба1. 

Атам қазақ айтқандай: «Бір бала әкеден өте туар, бір бала әкеге жете туар, бір бала әкеден кете туар» демекші, Дәуід пайғамбар дана, әрі темір ұсталығының шебері болған. Оған таулар бағындырылған. Сүлеймен пайғамбар (ғалейһиссәләм) әкесінен өте туып, Алла Тағала оған да даналық берді, бүкіл мақұлықаттың тілін түсіне алатын ерекшелік сыйлады. Осы бір оқиғада да Сүлеймен пайғамбардың амалына сүйсінуге болады. Өйткені, шыннан да жасы үлкен әйел баланың анасы болса, баласын өлімге қимайтын еді. Сондықтан да, сондай амалға барып отыр.

Сондай-ақ, бұл хадистен - бір қазының шығарған үкімін, келесі қазының қарауына жіберуге болады дегенді де ұғамыз. Себебі, біреудің тағдыры шешіліп жатқанда, асығыстық жасамай, әбден зерттелу керек.

Және де бұл жерде Сүлеймен пайғамбардың ісі - әкесінің шешіміне қарсы шығушылық емес, керісінше әкесінің шешімін нақтылау болып табылады. Егер расында да жасы үлкен әйелдің баласы болса - мақұл, ал бала жасы кіші әйелдің баласы болып шықса, онда оған әділетсіздік жасалған болады. Сондықтан да, мұндай зәру мәселелерді бір жақты емес, жан-жақты қарастырып, әбден көз жеткізу керек. Осыны түсінген Сүлеймен пайғамбар жас та болса, осындай амалға барып отыр. «Ақыл - жастан шығады, асыл - тастан шығады» демекші, жас демей, кейде жастардың да үніне құлақ түрген жөн екен. 

А. Қасым


1Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №6769 хадис.

0 пікір