Әтірші мен бір адам (тәмсіл)
Әтірші мен бір адам (тәмсіл)
3 жыл бұрын 3326

АДАМ БОЛ, АДАМ!

Бір адам бір үлкен қалаға келеді. Көше аралап жүріп, жұпар сататын әтіршілердің көшесіне тап болады. Дүкендерден гүл, жауқазын иістері жан-жаққа таралып жатты. Адам бірнеше қадам басты. Хош иістен басы айналды. Артық шыдай алмай, есінен танып, құлап қалды. Халық есінен танған адамның басына жиналды. Кейбіреуі жүрегін тыңдап, білектерін уқалап, кейбірі гүл суымен бетін жуып жатты. Не істесе де, адамның есін жиғыза алмады. Хош иістер, гүлдің сулары босқа төгіліп, адам бір түрлі есін жия алмады. Одан бетер есінен айырылды. Шаралары таусылды. Жан-жаққа хабарлап, туыс-туғанын іздестірді. Адамға ешбір ие табылмай, қанша сағат өтсе де адам есін жинай алмады.

Кешке қарай сол жерден өтіп бара жатқанбір тері илеуші адам оны таниды да көпшілікке: 

«Оған гүл суын сеппеңдер! Мен оның қандай аурумен ауырғандығын білемін. Сендер оған тиіспеңдер, мен біраздан соң келемін» - деп, кетіп қалды. 

Бір күркеге кіріп, біраз тері иін уыстап алады. Әтіршілердің көшесіне келіп, жасырын тері иінін есінен танған адамның мұрнына ұстайды. Ғажап! Ол адам есін жинай бастайды. Біраздан соң орнынан тұрып, тері илеушімен бірге кетіп қалды. Өйткені, есінен танған адам да тері илеуші еді. Жылдар бойы сасыған терілердің арасында жағымсыз иіске үйренгендіктен, әтіршілер көшесіндегі тамаша иістерге шыдай алмай, сондықтан есінен танып қалған еді. 

Ғибрат:

«Қоңыз үнемі нәжістерді арқалайды. Сондықтан да гүл суының иісінен есінен танады. Оның дәрісі - нәжіс иісті нәрселер. Өйткені соған үйренген, сонымен біте қайнасқан. Насихат етушілер де қараңғы адамды, оған есік ашып, жақсы қарап, шипа табуы үшін даналыққа толы жылы сөздермен, жұпар иіспен, гүл суымен емдегісі келеді. Егер біреуге насихаттың хош иісінен пайда болмаса, әрине ол жағымсыз иістерге үйренген деген сөз. Сен де нұрдан, үгіттен, ізгілік пен әсемдіктен нәсібіңді ал! Мұрныңды нәжіске тығып, дүние қоңызы болма! АДАМ БОЛ, АДАМ!»[1].


[1] О. Н. Топбаш: «Мәснәуи бақшасынан бір шоқ гүл»

 

0 пікір