Құштарлық
Құштарлық
10 жыл бұрын 4787
Алпамыс Файзолла

Кеше ғана қара суық болып тұрған Алматы бүгін күрт жылынды. Күні кеше қабағы қарс жабылып, түнеріп тұрған күзгі аспан да шайдай ашылды. Құстардың жарыса сайрағанына қарап, бүгін күз емес, көктем күні ме дейсің. Мен алабөтен көңілдімін. Өйткені, бүгін қасиетті жұма күні. Күндердің сұлтаны болған бұл күнді ерекше жақсы көремін. Сол себепті, түскі он екі жарымда сабақ бітісімен, университеттен жатақханаға барып, дәрет алдым. Содан соң, бір курста оқитын жолдас жігіттерді жұма намазын оқып сауапқа кенелейік деп, мешітке баруға шақырдым. Бірақ әрқайсысы «шаршап тұрмын», «қолым бос емес», «жұмыстарым бар», «ұйықтаймын» деген секілді әртүрлі сылттау айтты. Амал жоқ, мешітке қарай жалғыз өзім беттедім. Мешітте бір сағаттай уағыз айтылып, жұма намазы оқылды. Бүгінгі намазда сапта бір мүгедек жігітпен қатар тұрдым. Жиырма бес жас шамасындағы сүңғақ бойлы, аққұба, қазақтың сымбатты, көрікті жігіті. Екі балдағын оң жағындағы қабырғаға сүйеп қойыпты. Екі аяғы да тізеден төмен кесілген екен. Екі ағында тізеден төмен екі протез бар. Рүкұғқа, сәждеге барғанда теңселіп, құлап қала жаздап, әрең қимылдап, тепе-теңдігін зорға сақтайды. Бірақ сонда да жасымай, намазды соңына дейін орындауға бар күш-жігері мен қайрат-қауқарын жұмсап жатқаны көрініп-ақ тұр. Сүннет намазын оқып тұрғанда, жан-жағынан қаумалап, көмектеспек болғандардың қолдарын қағып жіберіп, «қажеті жоқ!» деген ишарат білдіреді. Мен әлгі жігіттің иманының күштілігіне, Аллаға деген риясыз пейіліне, қалтқысыз сеніміне, сабырлылығына қатты сүйсіндім. Жолдас жігіттердің қылықтары еріксіз есіме оралды. Он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін олар Жаратқан Иелеріне құлшылық ету үшін мешітке бір сағатқа келіп-кетуге ерінеді. Ал мына жігіт тағдырының сынына мойымай, Алланың жазмышына бойұсынып, маңдайын сәждеге тигізуге құштар...        

 

Жақсылар мен жамандар

Бүгін жұма күні. Нұржігіт әдеттегідей университетінен жиырма минуттық жердегі мешітке жұма намазын оқуға барды. Жұма намазы сағат екіден кете толықтай оқылып болды. Нұржігіттің түстен кейінгі екі жарымда сабағы басталады. Сол себепті, мешіттен шығысымен университетке қарай асыға адымдай бастады. Халық ығы-жығы. Жамағат мешіттен қайтып барады. Алла үйінің аумағынан шықпай жатып, абайсызда бір ағаның аяғын басып кетті. Жасы қырық-қырық бестер шамасындағы жігіт ағасы Нұржігіт ғафу өтінгенше, «Кешіріңіз, байқамай қалдым» деп айтып үлгерді. Ол не дерін білмей, абдырап қалды. Әкесіндей адамның «сіз» деп сөйлеуі, оның үстіне Нұржігіт айыпты жерде оның кешірім сұрауы жүрегін елжіретіп жіберді.

Иә... Егер адамдардың барлығы Исламды берік ұстанып, Аллаһ Тағаланың бұйрықтарына бойұсынса, қоғам мүшелері арасында осындай сыйластық пен бауырмалдық болар еді...

Нұржігіттің екі жарым мен бес жарымның арасындағы үш сабағы лезде өте шықты. Ол жатақханаға келіп, жатығуға жинала бастады. Спорттық киімдерін, бокс қолғабын, дулығасын рюкзагына салып, бокс залына қарай аяңдады. Жолда Нұржігітті ұялы телефонмен сөйлесіп, айналасындағы өзге ештеңені байқамай келе жатқан бір жігіт қағып өтті. «Көзің көрмей ме, ей?! Байқамайсың ба?!» - деп дүрсе қоя берді ол. Содан соң іле-шала: «Айып етпе, бауырым. Байқамай қалдым. Телефонмен сөйлесіп келе жатыр едім...» - деді. Шамасы, рюкзагына сыймай, жартылай сыртқа шығып тұрған бокс қолғабын енді көрген болу керек... Нұржігіт «Ештеңе етпейді» деді де одан әрі кете берді. Ол ойға шомды. Адамдар неге бір-бірін иманына, адамгершілігіне, ақылына қарап сыйламайды?! Көпшілігі өзгелерді не билігі, не байлығы, не күші болса ғана құрметтейді. Ал олар болмаса таптап өтуге әзір.Нұржігіт мырс етіп күліп жіберді. Өмір деген бір күрделі нәрсе ғой. Осыдан бірнеше сағат бұрын тура осындай жағдай мешіт аумағында болып еді. Бірақ ол кезде бір ағаның аяғын Нұржігіт басып кетсе де, әлгі аға кешірім өтінген болатын. Ал қазіргі орын алған жағдай мынадай... Өзінің айыпты екенініне қарамастан, әлгі жігіт оған дауыс көтереді. Иә, адамдар әртүрлі. Он ақымақтың ісіне қарап күйінесің. Бірақ бір ақылдының жақсы ісі, өнегесі он ақымақтың жамандығын  ұмыттырады. 

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.2
126 дауыс
13 пікір
  • 5
    10 жыл бұрын
  • МашаАллаh! "Жаннаттың жолы напсiге ауыр келетiн, қиын көрiнген нарселермен көмкерiлген, жаhаннам жолы напсiге ұнамды, жағымды нарселермен көмкерiлген." Напсiмiздi бiраз бос қалауларынан тыйып, қиын келсе де Аллаhтың қалауларын орындамасақ "Жан қиналмай жаннат қайда жарқыным" деп кете баруы да әбден мүмкiн. Жанымызға мангiлiк өмiрде не керек екенiн қазiрден ойлап соған қарай әрекет етейiк! Аллаh тура жолда табанымызды берiк қылсын!!!
    10 жыл бұрын
  • Екі дүниенің нығметін бәрімізге сыйласын! Шығармаңыз жақсы екен. Шабытыңыз шарықтасын!
    10 жыл бұрын
  • Өте әсерлі жазылыпты! Аллаһ разы болсын, шығармаңыз ойландырды...
    10 жыл бұрын
  • Тамаша. Өмірде көп кездесетін жағдайлар...
    10 жыл бұрын
  • Өзіміздің кемшіліктерімізді көрдік. Рахмет. Алдағы уақытта да, құдай қаласа, осындай шығармалар жазып тұрыңыз.
    10 жыл бұрын
  • Өмірлік мәні бар әңгімелер...
    10 жыл бұрын
  • Қазақтың Айтматовтары мен Шекспирлері өсіп келеді. Жер-Жаһан күт. келеді әлі олар. Міне белгісі, міне Шекспир мен Айтматовтың бүгінгі ұрпағы!
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын
  • Әңгімелеріңіз өте жақсы жазылған. Біз секілді жастардың басынан жиі өтетін жағдайлар. Иә... Айналамыздағы адамдар ақиқатты түсінбегенде, мен де осылай қынжыламын. Аллаһ разы болсын сізге!
    10 жыл бұрын