Әке қарғысы
Әке қарғысы
10 жыл бұрын 5211
Ердос Кәрімбайұлы

                                                                                                 Әке қарғысы – оқ!

Халық даналығы

 

Иманбай бүгін ерекше шат-шадыман. Кеше кешқұрым ұлы Аңсаған  қаладан телефон соғып, ауылға келе жатқанын айтқан. Қуанышты  хабарды естіген ол  таңмен таласа   тұрып,  есіктің алдын, қора-қопсысын  тазалауға кірісті. Даладағы шаруаны  тындырып, ас  бөлмеге кірсе жары Әсемгүл сексеуілдің шоғына бұрқылдап қайнаған сара самаурынды дастарқанға енді қойғалы жатыр  екен. Иманбайдың әндете табалдырықты аттағанын байқаған бәйбішесі:

– Отағасы-ау,  таң  атпай  жүзіңнен нұр төгіледі ғой. Ұлымыздың  туған жеріне ат  басын тірейтіні  саған керемет   көңіл-күй сыйлаған сияқты, –деп күйеуіне мейірлене қарады.  Жарының жанын жадыратар  жақсы сөзінен қуат алған ол:

 – Әсемгүл! Мұндай жаңалыққа қалай ғана  тебіренбей  тұра аласың?  Артымда қалатын жалғыз  мұрагерім Аңсағанымды көрмегелі де 5-6 айдың жүзі болды. Оның үстіне сіздерге «тосын сый жасаймын» дегені тағы бар. Сонысы не екен деп те жаным жай таппай барады, – деді.

 Отағасының   «жалғызым» дегені  рас.  Иманбай мен Әсемгүл отбасын құрғаннан кейін біраз жылға  дейін  шаңырақтарында сәбидің  іңгәлаған  дауысы естіле қоймады.   «Денсаулығымызда  кінәрат бар шығар» деген оймен  келіншегінің қолынан жетектеп, аудан, облыс орталығындағы   ақ халатты абзал жандарды  жағалап,   біраз  ем-дом алды.  Бірақ нәтиже бола қоймады.  Қайран  уақыт  десеңізші  Осылай жүргенде  6 жылдың  да зулап өте шыққанын сезбей  қалды.  Жетінші жылға аяқ басқанда қолында азын- аулақ малын  пұлдап,  Алматы   қайдасың  деп  тартып тұрды.   Мұнда  еліміздегі  ең білікті деген дәрігерлердің  қабылдауында болып,  ақыл-кеңесіне құлақ тұрып,  емделіп қайтты.   Шалғайда жатқан  аядай ғана ауыл болғандықтан, сыпсың сөз мен өсек-аяң   жұртқа тез тарайды. « Иманбайдың қатыны бала көтере алмайды екен.  Дүниеге ұрпақ әкелмейтін  әйелмен  бар өмірін қор қылғанша, басқа бір шүйкебасты  алып, перзент сүймей ме?» деген сөздер  Иманбай  мен  зайыбының   жүрегін талай   тілгілегенін  қалай ұмытарсың?!     Сондай-ақ,  қолындағы ата-анасының немере сүюге деген құштарлығы сонша ұлы мен келінінің  ажырасуына іштей келіскендей сыңай да  танытып жүрген.  Бірақ,  Иманбай  жан-жарын еш кінәламай  шыдамдылық танытып, сабыр ете білді.  Жатпай-тұрмай  Құдайдан перзент  тіледі.   «Шын жыласа соқыр  көзден  де  жас шығады» деген тәмсіл бар емес пе?!  Жаратушы Ием   пендесінің жасаған  тілегін қабыл алып,   отбасылы болғандарына  10 -шы жылға аяқ басқанда  Иманбайдың  шаңырағы шаттыққа  кенелді.   Әсемгүл жарық дүниеге  шекесі торсықтай асықтай  ұл әкелді.   Ұзақ жылдар асыға күткен  баласына   Иманбай  Аңсаған деп есім қойды.  Аңсаған өте тәрбиелі, иманды азамат  болып ержетті.  Жалғызынан  ештеңесін аямаған  Иманбай  Аңсағанды  Алматыдағы  ең мықты деген жоғары оқу орнына оқуға түсірді.  Міне бүгін сол білім ордасын тәмамдағалы жатқан   ол  елге келе жатыр.  Мұндайда қалайша  шаттанбассың?  Бірақ көңілде күдік те жоқ емес.  Үшінші курсты а тәмамдап,  жазғы демалысында ауылға келген ұлының бойынан  өзгешелікті  әкесі бірден  байқаған болатын.  Сол кезде Аңсағанның намазға жығылғанына   қуанғанымен, кейбір  ойлары мен сөздерінен тіксініп қалған еді...

Ерлі- зайыптылар   таңғы  шайларын асықпай ішіп, күнделікті үй шаруасына кірісті.   Әсемгүл  қорадағы   ала сиырын саууға   бара жатып,   дарбазаның жанына бір жеңіл автокөліктің  тоқтаған дауысын  құлағы шалып,  кілт тоқтады. Жұдырықтай жүрегінің тарсылдата  қаттырақ соққанын  сезбей де қалды. Сөйтсе  ұлы Аңсаған түнделетіп жолға шығып,   таңертең   туған жеріне табан тірепті. Қуанышы қойнына сыймаған Әсемгүл қолындағы шелегін  тастай  сала  дарбазаға қарай құстай ұшты. Ұлына жете сала Аңсағанды бауырына басып, асықпай құшырлана  маңдайынан, екі бетінен кезек-кезек шөпілдетіп сүйе берді. Екі көзінен жас парылдап, өзін тоқтата алсайшы. Мұны көрген Иманбай да екі аяғын қолына алып тұра жүгірді. Ұлын кең құшағына алып,  сағынышын басқанша жібермей  тұрып алды. Алайда, перзентінің ата-анасына деген мейірімі мен махаббатын  Иманбай мен Әсемгүл сезіне алмай ,  дегбірлері  қашты.   Біртүрлі суықтау.  Аз-кем амандық  сұрасқаннан кейін автокөліктің  артқы есігінен  өне бойын қара матамен тұмшалап алған бір  бойжеткен  түсіп, амандасқандай сыңай танытып, ернін ғана  жыбырлатты.  Ештеңе  түсіне алмай қалған Иманбай:

– Балам-ау, бұл кім өзі? - деп Аңсағанға сұраулы жүзбен, отты жанарымен қадалды.

– Бұл менің... жұбайым Мәдина,–деді ұлы аз-маз кібіртектеп. Ерлі-зайыптылар  оның қара жамылып алғанына тіксініп қалды. Алайда, «тосын сый» жасап жатқан әзілі болар деген оймен Әсемгүл Мәдинаның  қасына барып,  жүзін тұмшалаған матаны шешуге оқталғанда:

– Апа! Ниқапқа тиіспеңіз...  Оны шешіп  тастау  харам!–деп баж ете қалды. Ұлының ащы дауысынан сескеніп қалған Иманбай  келінінің маңдайынан сүйіп, батамды беремін деген ойын да тез айныды.

Енді ғана мән-жайға түсінген Иманбай жүрегіне біреу  найза сұққандай күй кешіп, өзіне келе алмай  аз-кем  есеңгіреп  бір орында  тұрып қалды.  Дегенмен, «Айтқан сөзді ұғар, артымда қалатын жалғыз тұяғым емес пе?» деп  өзін- өзі жұбатып:

– Балам, адам үйленерде ата-анасына айтып,  келісімін  алады емес пе? Келіншек әкелетініңді ертерек  хабарласаң, бүкіл ауылдастарды, ағайын-туыс пен көрші қолаңды жинап, беташарға дайындалып отыратын едік ғой!» деді әліде ұлын жамандыққа қия  алмаған әкесі.

– Келіннің сәлем салуы ширк. Адам баласы тек Алла Тағалаға  ғана иіліп,  табыну керек, – деді түрі бұзылып кетккен Аңсаған.

Мұны естіген  Иманбайдың  төбесінен жай түскендей болды. Маңдайынан шарпып шыққан  ащы терді сүртіп,  автокөліктің жанына  елеусіз ғана  тізесін бүгіп,   ойға шомды: «Құдай-ау,  бұл  бәтшағар  не деп  көкіп тұр?!  О заман да бұ заман келіндердің үлкендерге  иіліп сәлем салуына  ешкім қарсы келмеп еді. Киелі қазақ даласында   қаншама  Ислам дінінің білгірлері мен  ғұламалары  өмір сүрді емес пе?  Олар сонда бұл мәселенің ақ қарасын ажырата алмағаны ма?– деп іштей  сұрақты қарша  боратып, жаны күйзелді. 

Бала адамның бауыр еті емес пе?!  Ал, қаншама жыл  Құдайдан  тілеп, сұрап алған жалғыз ұлдың орны тіпті бөлек.  «Сондықтан  Аңсағанмен  тағы да бір сөйлесіп,  уақыт өте келе мәмілеге келетін шығармын.  Ауыл имамына ертіп апарып   әңгімелестірсем  райынан  әлі-ақ қайтар»деген оймен:

– Балам, беташар мәселесін  бірдеңе етіп шешерміз.  Жүр, үйге кіріңдер. Дастархан  басында  отырып, асықпай әңгімелесейік.  Бір рет болар, –деп ұлына үмітпен  көз тікті.  

Ондағысы бір жағынан жан-жары  Әсемгүлдің  де жағдайын ойлағаны.  Жалғыз ұлын үйге кіргізбей қойғанда не таппақ? Анасының оған жүрегі шыдас бермейтінін Иманбай  жақсы түсінеді.  Бірақ,  Аңсағанның  икемге келер түрі  көрінбейді. Шешесінің қолқалауымен табалдырықты аттағанымен,  қабағы қатулы. Үйге кіргенімен, Мәдина екеуі ішкі бөлмеге  қойып кетті де есіктерін тарс етіп жауып,  шықпай қойды.

Иманбай ұлының бұл оғаш әрекетіне қатты ренжігенімен, ашуын сыртқа шығармай, қорада бордақылауда тұрған  семіз  ісекті  союға кірісті.  Мақсаты  ауыл ақсақалдарын шақырып, батасын алу. Реті келсе беташарды да өткізіп жіберу ойында бар. Ал, Әсемгүл  жылағанын қойып, бетін сүртті де  «бәрі  жөнге келер»  деген оймен  жаңа сойылған ісектің жұмсақ етінен ошақтағы  қара қазанда әдемілеп қуырдақ әзірлеп, буын бұрқыратып  дастарханға әкелді. Ұлын дауыстап шақырды. Анасына құлақ асып, ас бөлмеге кіргенімен Аңсаған мен Мәдинаның үстел басына жайғасар түрлері байқалмайды. Состиып тұр. Осы кезде Иманбайдың да қарасы көрінді.   Олардың дастарханға жақындамай тұрғанын байқап:

– Тағы да не болды, отырмайсыңдар ма? – деді. Екеуінде үн жоқ.  Мүлгіген тыныштық.  Не істерін білмей сасып қалған Әсемгүлдің:

– Мәдина, айналайын, ұялмасаңшы, – деген  дауысы әрең  шықты.  Тағы да үнсіздік. Бір кезде барып Аңсаған:

– Апа, біз сіз дайындаған асты жей алмаймыз. Өйткені, сіздер намаз оқымайсыздар, Алла Тағаланы танымайсыздар. Сондықтан.., – дей бергені сол еді Иманбай:  

– Аңсаған! Сен не деп лағып кеттің, – деп бар дауысымен гүр ете қалды. – Біз де білеміз дінді. Ата-анасын ренжітсін деп қай жерде айтылыпты ә..! Түсіне білсең Құдайдың разылығы – ата-ананың разылығында. Ей, оңбаған неме, Құдай төбеңнен ұрғыр, желкең қиылсын, – деп тұтыға сөйлеп,  өкініштен өзегі өртенген  Иманбай өкіре барып, төсекке құлады...

Әкесінің айқайынан үйден атып шыққан олар апыл-ғұпыл автокөлікке отырып, қаланы бетке алды. Бірақ, әке қарғысы оларды алысқа ұзатпады.   Әсем Алматыға жақындай бергенде бір қырдан құлдилай бергенде қатты жылдамдықтан рулге ие бола алмай қалып, жол жиегіндегі жартасқа жанаса  берді... Үсті-басы малмандай қан болған екі жасты кездейсоқ көріп қалған жүргізушілер  жақын маңдағы аудан орталығындағы аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізді. Құдай  қолдап екеуі де тірі қалғанымен, бірнеше жерден аяқ-қолдары сынып,  жарты жылдай аурухананың  тар төсегіне таңылды...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
1.9
318 дауыс
1479 пікір
  • Бұл дүниеге Аллаһ жіберген соң, жаманнан жиреніп, таза жолмен жүрген ең дұрысы. Ал, дін осы екен деп, айналаңдағыларды қаралап, ақыры бауыр-туысқаннан айырылғаннан бір Алла сақтасын!
    10 жыл бұрын
  • Мен ешкімін
    10 жыл бұрын
  • Қоғамда күйіп тұрған тақырыптардың бірі. Авторға респект!
    10 жыл бұрын
  • Аллам осындайлардан сақтай гөр! Аллам ұлдарымызды Иманды, қыздарымызды ибалы етсін!!!
    10 жыл бұрын
  • Әңгімеңіз казіргі уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі. Біз еш уақытта, қандай жағдай болмасын, алтын дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды,көзіміздің карашығындай сақтап, оны ұмытпауымыз керек! Келешектегі ұрпақтарымызға да саналы түрде ұғындырып,тәрбиелеуіміз қажет. Сіздің жазған мақалаңыз өте ұнады, тағы да осындай қызықты мақалалар күтеміз.
    10 жыл бұрын