Қазақтағы ене мен келін сыйластығы
Қазақтағы ене мен келін сыйластығы
8 жыл бұрын 7279
Зира НАУРЫЗБАЕВА

Кеше балаларыммен кіндік қызым Көклен мен оның анасы Гүл Бекенге қонаққа барып келдік. Негізінде, қырқынан шықпайынша жаңа туған нәрестені мазаламайтынмын. Бұл салтқа берік едім. Қырқынан шықпаған сәбиді тек ет жақындары, туыстары, құрбылары ғана көріп, көмектесіп, қол ұшын беріп, әңгіме айтып, босанған ананың көңілін аулап кетуіне рұқсат бар. Былайғы жұрт қырқынан шыққан соң ғана көре алады. Алайда бұл жолы шыдай алмадым. Кіндік қызымды көргім келді. Босанған кезінде анасының жанында болған соң, оған деген көңілім алып-ұшты. 
Біз келгенде жас босанған ана қалың көрпе жамылып, төсекте жатыр екен. Екеуміз сөйлесіп отырдық. Біз үшін етін асып, шайын құйып енесі бәйек боп жүрді. Енесінің жасы жетпіске таяп қалған. Соған қарамастан таба нан пісіріп, немерелеріне қарап отыр. Үйін де өзі жинап, ыдысты да жуып, кірді де қолмен жуып жүр. Кір мәшіңкелері сынып қалыпты. 

Ол кісінің аты кім екендігін де білмеймін. Біз оны «апа» дейміз. Ербол Алшынбайдың өзі анасын «байдың қызы» дейді. Апамыз Қытай жерінде дүниесі тәркіленген байдың қызы болыпты. Текті жердің қызы екені білініп тұрады. Сүйегі асыл адамдар ғой. Этнолингвистикалық бөліністерді талқылаған кезде Ербол «апам біздің тыңдармандарға бола қылпығын да қисайтпайтын» бірден айтты, «ол байдың қызы ғой» деді. Апамыз айналасына байдың қызына тән тәкәппарлықпен қарап, сынап отырады. Бірақ сөйлескен кезде онысы түк сезілмейді. Дегенмен, баласы менімен кездескен сайын одан «өзі оқымысты бола тұра салтты неге сақтамайды?» деп сұрап отырады екен. Мәселен, ат тергеуді қолданбаймын. Бұл – келіннің күйеуінің туыстарына ат қою салты. 

Ежелгі мифологияны зерттейтін маман болсам да, өз өмірімде салт-дәстүрді көп қолдана бермеймін. Содан ұсталып қалып жатам. Апам бізге шай құйғанда бір қолымен шәугімді ұстап тұрды да, екінші қолымен шәугім ұстаған білегін тіреп ұстады. Бастапқыда қолы ауырып қалған екен деп ойладым. Не болғанын сұрағанымда, берілген жауапқа таңғалдым. Бұл - апамның құрметпен шай құю үлгісі екен. Неткен өнеге! Бұрын-соңды мұндайға мән бермеппін. Қазір қай келін осылай шай құйып жүр?

Апамның айтуынша, шілдехана өтпей босанған ананың қолынан ас жеуге, шай ішуге болмайды. Тыйым салынады. Тіпті шариғатта да бұл дүние бар. Міне, қазақтың дәстүрі осындай. Келінін күңдей жұмсау Кеңес өкіметінің орнауымен белең алған үрдіс. Ол кезде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрге балта шабылған, ұмыт қалған. 

Менің де әжем осылай айтып отыратын. Келінді күтіп-баптау керек деп. Әсіресе, босанар алдында, босанған соң оның күтіміне енесі бастаған бүкіл отбасы міндетті болған. 

0 пікір