Ер адамдар қандай әйелдерге қамқорлық танытады?
Ер адамдар қандай әйелдерге қамқорлық танытады?
7 жыл бұрын 6256
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Бірде Астанадағы Ұлттық кітапханада өткен іс-шарадан шығып келе жатып бір әжеден оңбай ұрыс естідім. Жағдай былай болды: мен шығар есікке беттеп едім, мына жақтан жаңағы кісі келіп қалды. Әрине, әдеттегідей тартынып үлкен кісіге жол бердім. Ал, қызық болғанда әжеміз: «Ер адамсың, өте ғой шырағым», - деп менің бірінші өтуімді қалады. Мен кішіпейілділікке салып: «Апа, өте беріңіз, өте беріңіз!», - деп іркіле бердім. Ер азамат деп сыйлап жол беріп тұрған көненің көзінің арғы көкірегін түсініп үлгерсем де, автобусқа әйел кіріп келген сәтте атып тұрып орын беретін, есікке қатар келіп қалсақ қыздай қымсынып тұра қалатын шартты рефлекс екі аяғыма тас байлап қойғандай алға ілгерілетсеші! Жалтақ-жалтақ етіп әлі тұрмын. Құдай-ау, беріп тұрған жолды да алмадым. Апамыз да қоймады: «Түс алдыға! Өзінің еркек екенін ұмытқан сорлы бала-ай!», - деп жеңімнен шымши ұстап алдыға тартты. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Есіктен шыққанда жанашырлығы мен реніші алма-кезек шарпысқан жүзіне көзім түсіп кетті. Сасқанымнан: «Рахмет, апа!» дедім тағы. Оны да қабыл алмағандай көрінді. Содан жан дүнием қопарыла қорланды. Өз денем өзіме жаттай сезіліп баспалдақтан құлдилап келем...

Жә, бұл не өзі?

Әке-шешемнің ауылда үй қыдырғандағы бір әрекеттері есіме түсті. Ол кезде ауылда әр үйде бір ат ерттеулі тұратын. Әлдекім қонаққа шақыра қалады, не қайтыс болған жақынының қазасын естірту керек болады дегендей, әкем мен шешем қатар кетуге тура келетін. Сонда көргенім, баратын үй алыс немесе жолдан кішігірім судан өтетін жерлер болса әкем атты анама беріп, өзі жаяулап кететін. Баратын үй жақын, жолы жатық болса атты өзі мініп анам жаяу баратын. Содан түсінгенім, әйел адамға жағдай ауырырақ тиетінін білгенде жаңағыдай көмекті ер адам қамқорлық ретінде жасайды екен. Ал, құрмет әйел тарапынан ер адамға көрсетіледі. Ер адамға құрмет көрсеткен әйел, әрине, оның қамқорлығына бөленуі тиіс.

Әжем айтатын

Шай үстінде келіндеріне кеңес айтып отыратын әжем: «Осы сендер кедей бір байды, аурудан арықтап әрең жүрген біреу палуанды қамқорлығына алыпты десе сенесіңдер ме? Қисынға келе ме?», - деп сауал қоюшы еді. «Жоқ» дейді келіндер. Ендеше: «Мен сенен артық болмасам еш кем емеспін», - деп қос қолын мықынына қойып шәбеленіп тұрған әйелді ері қамқорлығына ала ма? Алайын десе де қисынға келе ме? Анау үлкен қазанды кіші қазанның ішіне салам деу ақымақтың ісі емес пе? Естеріңде болсын, күйеулеріңе кішірейіп құрмет қылмайды екенсіңдер, оның қамқорлығына кірем деп ойламаңдар. Бірақ ер адамның шынайы қамқорлығына бөленген әйел екі дүниеде де бақытты ғой. Ол егінші болсын, етікші болсын, әйтеуір адал еңбегімен бір уыс бидай тауып әкелсе де сені бүкіл ықылас, пейіл, ынты-шынтысымен асырайды. Әйелдің, отбасының бақыты деген осы емес пе шырақтарым?!», - деп соқырға таяқ ұстатқандай әңгімесін анық айтушы еді.

Енді ойлаймын...

Автобусқа әйел кіріп келсе автоматты түрде атып түрегелетін әлгі әдебім не болды сонда? Құрмет пе, қамқорлық па? Әрине, қамқорлық! Өкінішке қарай, оны құрмет деп түсінетіндер көп секілді. Қамқорлықтан басталған сол әдет адамдар санасында басқаша мән алып құрметке айналып кеткен сыңайлы. Кейде қатар келіп қалғанда есікке сенен бұрын ұмтылатын жас бойжеткендердің бойынан да соны байқайсың. Әдейі істемейді, өзгеше қоғамдық сана солай қалыптастырып үлгерген. Бұл жерде анаға құрмет әрине бөлек тақырып. Қайталап, айтам, анаға, әжеге құрмет бөлек әңгіме. Егде аналар, екіқабат келіншекті тұрғызып қоймасың онсыз да белгілі жәй ғой. 

Осындайда ойыңа «Сенің құрсағыңдағы ер бала ма қайдан білейін, өте бер шырағым» деп жол беріп тұрған екіқабат келіншекті алдынан өткізіп жіберген әженің аңызға бергісіз әңгімесі оралады. Алайда қазір ондағы ұлттық сана, ұлттық болмысты, қазақы қағида, құндылықтарды кімге айтып түсіндіре алғандайсың?.. 

Әйтепесе, қазақтың ұлы құрметті, қызы қашанда қамқорлықта болғаны кімге жаман?!.

0 пікір