Тау, бұлт және желге жауапты періштелер бар
Тау, бұлт және желге жауапты періштелер бар
1 жыл бұрын 1755
Қалмақан Сейтұлы

Бізге жеткен сахих хадистердегі мәліметтерден тауларға да жауапты періштелердің бар екендігін білеміз. Бірде Айша (р.анһа) анамыз пайғамбарымыздан:

- «Сіз үшін Ұхұд шайқасынан да ауыр күн болды ма?» деп сұрағанда, Аллаһтың елшісі:

- «Қауымымның тартқызғаны маған Ұхұд соғысынан да ауыр тиді» деп сөзін одан әрі жалғастырды: «Ақабә күні де ең ауыр күндердің бірі болатын. Ибн Абди Лалейлге ақиқатты түсіндірдім. Алайда, ол қиқарлық танытты. Қамығып қайттым. «Қарн-ы Саалиб» деген жерге келгенімде басымды көтеріп аспанға қарасам, бір топ бұлт ілесіп келе жатыр екен. Бұлттың ішінде Жәбірейіл періште: «Аллаһ, қауымыңның саған айтқандарын және мойындамағандарын естіді. Саған тауларға жауапты періштені жіберуде. Қалағаныңды әмір ет» – деді. Осы арада жауапты періште: «Уа, Мұхаммед! Мен тауларға жауапты періштемін. Раббым мені саған жіберді».

Ибраһим (ғ.с.) отқа тасталарда Жәбірейіл періште келіп: «Қаласаң саған жәрдем етейін»[1], – деп үн қатқаны секілді, тауға жауапты періште: «Қаласаң Меккенің айналасындағы тауларды көтеріп әкеліп Меккеліктердің үстіне тастап жіберейін», – деді. Сонда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған келіспей:

- «Жоқ, мен бар болғаны олар Аллаһқа серік қоспай құлшылық ететін адамдар болса екен деп тілеймін»[2], – деп жауап берген еді.

Көк жүзіндегі бұлттарды жинап найзағай ойнататын Микаил періштенің көмекшісі Рағыд періштенің дәнекерлігімен көктемде табиғат құлпыра түседі. Нөсер жауыннан бойына нәр алған топырақтағы дәндер Аллаһтың аты мен жерді де, тасты да жарып шығады. Тәпсірші Бағауи:

«Тәпсіршілердің көпшілігі Рағыд – бұлттарды жинайтын періште, күннің күркіреуі оның зікірі»[3], – дегенді айтады. Пайғамбарымыздың көк жүзі күркіреп, найзағай ойнағанда:

«Бізді қаһарыңнан сақтай гөр!»[4] немесе «Берекетті жауын тілеймін»[5] деп, бұрынғы қауымдар тап болған апаттарды еске салып, тарихтан ғибратты сабақ алуымыз керектігін үйреткен.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) найзағайдың бұлттарға жауапты періштелер арқылы іске асатындығын айтқан. Бұл топқа жататын періштелер жайында Құранда:

«Жақсылық үшін бір-бірінің артынан жіберілгендер. Дауылдай ұйытқығандарға. Тартқан сайын тарқатушыларға. (Ақиқат пен жалғанды) бір-бірінен айырушыларға. Сосын иләһи уаһиды тасушыларға. Кейбірі тәубе және кешірілуді сылтау етсін, мейлі ескерту түрінде болсын, осыларға серт»[6];

«(Аллаһтың әмірлерін алып) ұшып кеткен және (қайта орнына әкелген) сүңгігендерге (періштелерге) серт. (Алған әмірімен) қуанышжәне ынтамен әрекет еткендерге серт. (Иләһи әмірлерді орындау үшін көк мұхитында) жүзгендей әрекет етушілерге серт. Осылайша бір-бірімен жарысқандай. Өздеріне жүктелген міндетті орындаушыларға серт»[7];

«(Жел-дей)Соғып ұшырушыларға. (Бұлттай) Мол жаңбыр көтерушілерге. (Кемедей) Жеңіл жүрушілерге. Аллаһтан алған әмірлерді, Оның нығметтерін бөлуші, (түрлі қабаттардағы періштелерге) серт!»[8] – деп жан-жақты баяндалған.

Мұнда Аллаһтың жерде, ауада және суда (әлемде) қызмет етуші періштелеріне серт етілуде. Яғни әлемдегі әрбір іс сол іске жауапты періштелер арқылы жүзеге асуда. Желдің есуімен ауадағы жаңбыр тамшылары бұлтқа айналып жауын жауады. Адамдар теңізге кемемен саяхат жасайды әрі рызықтарын алады. Жаңбырды да, рызықты да таратушылар осындай жауапты періштелер болып табылады.


[1] Сабуни, Мухтасару Тафсири ибни Кәсир, Каир, 1995, ІІІ/514;
[2] Бухари, Бәдул-халқ, 7; Муслим, Жиһад, 11;
[3] Ибраһим Жанан, Кутуб-и Ситтә, VІ/75; Лутфуллаһ Жебежи, Қурана гөре мәлак, жин, шейтан, Стамбул, 1998, 182-183;
[4] Тирмизи, Даауат, 51;
[5] Әбу Дәуд, Әдәб, 113;
[6] Мүрсәләт, 77/1-6.;
[7] Назиғат, 79/1-5.;
[8] Зәрият, 51/1-4.

"Періштелерге иман"
 
0 пікір