Алла Тағала әр сәтімізді, әр әрекетімізді, әр қимылымызды жаратуда. Құранда: «Ол (Алла) бірде-бір күн бос емес (немесе Алла Тағала әр күні шұғылдануда)» делінеді. («Рахман» сүресі, 29). Басқа бір қасиетті аятта: «Алла сендерді жаратты және істеген істеріңді жаратты»- дейді. («Саффат» 96 аят).
Сондықтан да, Алла Тағала о баста барлық нәрсені бір-ақ жаратып қойды, енді тек қарап, бақылап отырады деген түсінік қате. Өйткені, Алла Тағала о баста әлем жаратылмай тұрғанда бірінші болып «қаламды» жаратып, оған болашақта болатысы дүниелерді жазуды бұйырды, қалам "не жазайын" дегенде, Алла Тағала болашақта болатын дүниелерді жаз деп бұйырады. Оны «тағдыр» немесе «жазмыш» дейміз. Уақыты келгенде Алла Тағала ол жазмышта жазылған дүниелерді орын-орнымен жаратып отырады. Жаратушы Құдай Тағаланың ісіне, жаратуының көлеміне және оның білгіштігінің ауқымына біздің ақылымыз жетпек емес, әрі соншалықты құдірет күштің өлшемі ақылымызға сыйымсыз.
Ертеректе кейбір ағым өкілдері: «Алла Тағала о баста бәрін жаратып қойған, қазір жаратып жатқан жоқ» деген сенімді көлденең тартқан. Олай деушілерді «Батыйниттер» дейді немесе «батыйния ағымының» өкілдері. Батыйниттердің сеніміне қарағанда:
«Шынында Алла Тағала барлық нәрсені жаратып қойды, Ол қазір жаратады дейтіндей жаратпаған нәрсесі қалмады. Ал кейіннен жаратылғандар сол бұрын жаратылғандардан пайда болады. Тіпті ағаштың жемістері де басқа нәрселердің олардан өніп шығатын жаратылыстар. Бірақ ол нәрсе жасырын, біз оны көрмейміз, әсілінде ол жаратылған» деген философиялық шым-шытырық пікір білдірген. Менің түсінгенім Алла Тағала негізгі нәрселерді жаратып қойды, қалған нәрселер Алла Тағаланың жаратуынсыз сол негізгі нәрселерден өніп шығады дегенді айтқысы келсе керек.
Әһлу сунна уәл жамағат сенімінде, яғни, Мәтуриди және Әшғари ақидасы бойынша, Алла Тағала барлық нәрсенің жаратушы, Ол қазір де жарату үстінде. Алла Тағала о баста ештеңені жаратпаған, тек жазмышқа жаратылатын нәрселерді жазып қойды. Кейіннен кезегімен әр нәрсені өз уақытында жаратып отырды. Бұған қатысты Мәтуриди ғалымы, көрнекті ғұлама Имам Нәсәфи (р.а.) былай дейді:
«Әһлу сунна уәл жамағат жолындағылар айтқан: «Сөзсіз Алла Тағала қиямет қайымға дейін болатын нәрселерді тағдырына белгілеп жазып қойды және ол тағдырға жазу кезінде жаратпаған еді. Одан кейін тағдырға жазып қойған болатысы нәрселерді барлық уақытта және әр сәтте жаратып отырды және болашақта да жаратып отырады. Оған Алла Тағаланың мына бір аяты дәлел: «Алла бірде-бір күн бос емес (немесе әр күні шұғылдануда)». («Рахман», 29)»1.
Ардақты пайғамбарымыздан да мынадай риуаят жеткен:
«Алла Тағаланың шұғылдануы - жан бітіру, жан алу және қадірлі қылу, қадірсіз қылу» деген2.
Деректерде Әзіреті Әлиден бір кісі: «Ол әр күні шұғылдануда» деген аяттың мәнін сұрайды. Сонда Әзіреті Әли: «Алла Тағала ұрықты әкелердің белінен аналардың жатырына жөнелтеді, кейін ұрыққа бейне береді, одан соң оны ананың ішінен жарық дүниеге шығарады. Одан соң белгіленген өмірін сүргізіп, ажалы келгенде жанын алады. Кейін қиямет қайымда оны қайта тірілтеді» деп түсіндіріпті.
Бұнымен қатар, мысалы, Алла Тағала қиямет қайымның болатынын тағдырға жазып қойған, бірақ әлі жаратпаған. Егер Құдай барлық нәрсені алдын ала жаратып қойған десек, қияметті де жаратып қойған болуы керек еді, олай болған жағдайда қиямет қайым қазір болуы тиіс еді. Алайда, ақиқатында қиямет әзірге жоқ. Алла Тағала жазмыштағыға сай оны да уақыты келгенде жаратады.
Ендеше Хақ Тағала әр сәтте жарату үстінде екен. Болатысы дүниелерді кезегімен, өз сәтінде жаратып отырады. Бәрін бірақ жаратып қойып, қарап отырады деген сенім қате сенім.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Имам Нәсәфи: «Бәхруль Кәләм». 195 бет.
2 Ибн Жәрир әт-Табари, әл-Хәким.