Неге "біздің иманымыз періштелердің иманымен тең" деп айтамыз? (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
Неге "біздің иманымыз періштелердің иманымен тең" деп айтамыз? (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
5 жыл бұрын 2421
Абдусамат Қасым

(Жалғасы. Басы өткен жазбада).

Шәкірт (Әбу Мұқатил):
- Алла сізді рахымына бөлесін. Мендегі ілімнің аздығын және пікірімнің әлсіздігін білмесем, сізге келмес едім. Егер де, менен сізге ұнамайтын бір нәрсе көрсеңіз, әрі сізді шаршатқан болсам айып етпеңіз. Сөзсіз, науқастың дертінен арылу ауыртпалығы дәрігерге жүктелмек. Соқырдың соқырлығының ауыртпалығы көзі сау адамға болмақ. Сол сияқты, ғалым адам да жәһіл (сауатсыз) адамның ауыртпалығына төзе білуі керек. Өзіңіз де білесіз, кейбір сөздер бар, оны жәһіл (сауатсыз) адам естігенде алғашында үркіп кетеді, бірақ түсініктеме берілген заматта көңілі қайта орнына келіп жатады. Иман, тасдыйқ, яқин және ықылас жайында тамаша түсіндірдіңіз. Енді айтыңызшы, неге біз: «Иманымыз - періштелер мен пайғамбарлардың имандарына ұқсас (солардың иманы сияқты)» деуіміз керек?  Олардың бізден әлдеқайда Аллаға көп итағат ететіндігін білеміз.

Ұстаз (Әбу Ханифа):
- Олардың Аллаға итағат ету тұрғысынан бізден әлде-қайда үстем екендігін білдің. Мен жаңа саған «иманның амалдан бөлек екендігін» айтқан болатынмын. Сол себепті, иманымыз – олардың иманы сияқты (дейміз). Неге десеңіз, біздің Құдайдың бір екендігін, Оның барлық нәрсені билеп-төстеуші Жаратушы Ие екендігін (рубибият), Оның құдіреттілігін және Оның құзырынан келген барлық нәрсені растауымыз – періштелердің мойындауы мен нәбилердің және расулдардың растауына ұқсас (біздің Алланы растауымыз бен олардың растауы бірдей). Осының негізінде: «Біздің иманымыз періштелердің иманы сияқты» деп тұжырымдап отырмыз. Өйткені, періштелер не нәрсеге иман еткен болса, біз де соның бәріне иман еттік: біздің көре алмаған, бірақ олардың көріп, куә болған Алла Тағаланың белгілерінің кереметтілігінің бәріне (олар иман еткендей, біз де иман еттік).

Шәкірт:
- Алла сізді табысқа жетушілерден етсін. Түсіндірген нәрсеңіз неткен керемет еді! Енді білдім, біздің иманымыз періштелердің иманына ұқсас екен. Біздің растауымыз олардың растауына ұқсас. Біздің шүбәсіз сенуіміз (яқин) олардың сенімі сияқты. Бірақ айтыңызшы, олардың бізден қарағанда Алладан көбірек қорқуы, Аллаға бізден қарағанда көп итағат етуі қайдан? (Қайдан қол жеткізді ондай тақуалыққа?) Және де әлдекімнің қателігін немесе қиындыққа төзімсіздігін, яки, дұшпаннан қорыққанын, не болмаса, нәпсіге тым қатты берілгенін көрген жәһілдер: «бұл – яқинның әлсіздігінен» деп қайдан айтып жүр?

Ұстаз:
- Жәһілдердің яқинның әлсіздігі жөнінде айтқан сөздеріне келер болсақ, олардың олай деулерінің себебі «яқин» сөзінің тәпсірін білмеулерінде жатыр. Бір нәрсеге яқин болу, ол – сол нәрсені еш шүбәсіз білу деген сөз. Шәһәда иелерінің (шәһәдә айтқан мұсылмандардың) ешқайсысы қандай да бір күнә істесе де, Алла жайында, оның түсірген кітаптары мен жіберген пайғамбарлары жайында еш шүбәланбайды. Шынында біз адамдардың жағдайларын өзіміздің жағдаймен салыстырамыз. (Мәселен) біз шалыс басқан болсақ немесе қиындыққа төзім білдірмей, қайғырып жатсақ, яки дұшпаннан қорықсақ біздің ішімізде Алла жайында және Алладан келген нәрселердің ешқайсысы жайында күмән тумайды. Енді, өзгелер де біздің назарымызда біздің деңгейімізбен тең (яғни, бұл мәселеде басқалардың жағдайы біздің жағдай сияқты деп есептейміз).

Ал енді, «олардың (пайғамбарлардың) бізден қарағанда Алладан көбірек қорқулары, олардың бізден қарағанда Аллаға көп итағат етулері қайдан туындаған?» – деген сауалыңа келсек, олардың олай болулары бойларындағы оларға тән ерекшеліктерге байланысты. Сол ерекшеліктерінің бірі – олар пайғамбарлық берілумен өзгелерге үстем болғаны сияқты, Алладан қорқу тұрғысынан да, Оның қаһарынан үрейлену тұрғысынан да және барлық көркем мінез тұрғысынан да өзге адамдардан үстем (етілген). Екінші ерекшелік – олар біз көрмеген ғажайыптарды, біз көрмеген періштелерді көріп, куә болған. Үшіншісі – олар қиындыққа дұшар болғандарында төзімсіздік көрсетіп, қайғырмайтын. Төртінші ерекшелік – олар өзгелердің жасаған күнәлары себепті жазаланғандарына куә болған. Бұл да (өзгелердің жазалғандарын өз көздерімен көрулері де) оларды күнәға барудан тоқтататын.

Шәкірт:
- Шынында, баяндап берген нәрселеріңізден біраз жағдайға қанық болдым. Әдетіңізше әр нәрсені әділ түрде сипаттап, көркем түрде жеткізесіз. Десе де, өзіңіз айтып кеткендей біздің Аллаға деген қорқынышымыз бен олардың қорқынышын, біздің сенім (яқин) мен олардың сенімін, біздің батылдығымыз бен олардың батылдығын қисын (қияс) жолымен, салыстырмалы түрде түсіндіріп өтсеңіз. Қалай ол? Жәһіл адам бір нәрсеге қызығып, оны үйренгісі келген кезде, сіз түсіндірген  әлдебір нәрсені ұғынбай жатса, оны қисын жолымен салыстырмалы түрде нақтыласаңыз, оған ол әлдеқайда ұғыныңғы болар еді.

Ұстаз:
- ... «Біздің сеніміміз бен періштелердің сенімі – бір. Ал қалайша олардың Аллаға деген қорқынышы біздікінен қатты?» деген мәселені салыстырмалы түрде түсіндіруді сұрасаң, айтайын: Оның мысалы – жүзуді жақсы білетін, бірінің екіншісінен еш бір нәрседе асып түсер тұсы жоқ (екеуі де тең дәрежелі) екі ер адамның мысалы сияқты. Ол екеуі суы мол, ағысы қатты өзенге келеді. Бірақ, ол өзенге түсу мәселесінде, бірі батылырақ, екіншісі қорқақтау (бірақ, екеуі де жүзуді теңдей біледі. Сенімі бір, бірақ Алла деген қорқыныштары екі түрлі болу да осы сияқты).  

Немесе сырқаттары бір екі ер адамды алайық. Екеуіне өте ащы бір дәріні берген кезде, бірі оны ішу мәселесінде батыл, екіншісі қорқақтау.

Шәкірт:
- Көркем түрде түсіндірдіңіз. Бірақ мынаны айтыңызшы, егер иманымыз пайғамбарлардың иманымен теңдей болса, иманымыздың да сауабы олардың имандарының сауабымен бірдей бола ма? Егер, иманымыздың сауабы, олардың имандарының сауабымен тең болса, онда пайғамбарлардың бізден не артықшылығы бар: осы дүниеде иманымыз бірдей, о дүниеде де иманымыздың сауабы бірдей?

Ал, егер иманымыздың сауабы олардың имандарының сауабынан төмен десек, бұл – әділетсіздік емес пе? Иманымыз олардың иманымен теңдей бола тұра, оларға берілетін сауап бізге берілмеуде (бұл әділетсіздік емес пе?)

Ұстаз:
- ... Біздің сауабымызды пайғамбарларға берілетін сауаппен тең қылмағаны үшін  Раббымыз бізге әділетсіздік еткен болмайды. Егер, лайық болған сауапты (ақымызды) кемітіп берсе, сол - зұлымдық (әділетсіздік). Ал, пайғамбарлардың сауабын арттырумен қоса, біздің де ақымызды кемітпей, біз разы болатындай сауап беріп жатса, ол әділетсіздік емес.

Бұ дүниеде нәбилер мен Расулдардың барлық адамға үстемдігі бар (олар барлық адамдардан үстем, дәрежелері биік). Өйткені, олар – көшбасшылар. Олар – Рахман Алланың өкілдері. Құлшылықта болсын, Құдайға деген қорқынышта болсын, ықылас-тақуалықта болсын, олармен ешбір адам бақталаса алмайды (олармен ешкім теңесе алмайды).  Алланың қалауымен адамдар олардың арқасында үстемдікке қол жеткізеді. Оларға олардың дұғалары себепті пейішке кірушілердің сауабындай сауап беріледі. 

(Кейбір жауаптағы үш нүкте (...) - жауаптың ықшамдап алынғандығын көрсетеді)

0 пікір