Имам Раббани (р.а.): «Қияметте Әһли сүннет жолын ұстанғандар ғана құтылады, қалғандары тұтылады...»
Имам Раббани (р.а.): «Қияметте Әһли сүннет жолын ұстанғандар ғана құтылады, қалғандары тұтылады...»
2 жыл бұрын 4136
Имам Раббани (рахимаһуллаһ)

Бұл хат Имам Раббанидің Мырза Фәтхулла Хәкимге жазған хаты. Хатта «хадисте баян етілген 73 тармақтың ішіндегі құтылған тармақтың Әһли сунна жолы екендігі» айтылған (ықшамдап алынды).


Хақ Тағала Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) нұрлы жолында жүруді жазсын. Парсы бір өлең шумағында айтылғандай:

«Мәселе осы. Қалғаны бос нәрсе..»

(Хәдис шәрифта мұсылмандардың жетпіс үш тармаққа бөлінетіндіктері айтылған). Бұл жетпіс үш тармақтың әрбірі өздерін Исламға сай екендігін көлденең тартып, қиямет күні тозақ отынан құтылатын тармақтың да бірөздері екендіктерін айтады. Құран айтпақшы: «Әр тармақ өзіндегімен (тура екендігін айтып) қуануда». («Мүминун» сүресі, 53 аят).

Дейтұрғанмен, түрлі діни тармақтардың арасындағы о дүниеде құтылатын тармақтың белгісін Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) ашық білдіріп өткен, Ол (с.а.у.) былай деген:

 «... Ол тармақ - менің және сахабаларымның жолымен жүргендердің тармағы». (Имам Тирмизи, «Сүнән»).

Дін иесі (Пайғамбарымыз) аталмыш сөзінде өзін айтса да жеткілікті еді, бірақ қосымша сахабаларын да тілге алуы арқылы: «Менің жолым - сахабаларымның жолы. Сондықтан да, о дүниеде азаптан құтылудың жолы - сахабаларымның жолына берік болуға байланысты» деп тұспалдап тұр.

Бұнымен қатар, Алла Тағала Құранда: «Кім пайғамбарға бойсұнса, Аллаға бойсұнғаны» деп бұйырған. («Ниса», 80). Демек, Алла елшісіне итағат ету - Аллаға итағат етудің дәл өзі екен, ал Алла елшісіне қарсы келу - Алла Тағалаға қарсы келу болмақ.

Басқа бір аятында Алла Тағалаға итағат ету - Пайғамбарға итағат ету емес деп ойлайтын топтың кәпір болғандығын Құдай Тағала былай деп тілге алған:

«Олар Алла пен Расулінің арасын айырғылары келеді және олар: «біз кейбіріне сенеміз, кебірін жоққа шығарамыз» дейді. (Осылайша) екеуінің арасында бір жол табуды қалайды. Бұлар сөзсіз, анық кәпір болғандар...». («Ниса», 150, 151).

Ендеше, Пайғамбарымыздың ізімен жүрудің сахабалардың ізімен жүру емес екендігін айту - шындыққа жанаспайтын жалған пікір. Бұлай деушілердікі Пайғамбарға бойсұну емес, керісінше Пайғамбарға қарсы шығу болып табылады. Олай болған жағдайда, осылай деушілер қалайша «құтылғандардан» болулары мүмкін? Құранда айтқандай:

«Олар өздерін шындық жолындамыз деп ойлайды. Біліп қойыңдар, олар өтірікшілердің дәл өзі». («Мұжәдәлә», 18).

Күмәнсіз, сахабалардың жолынан қылдай айрылмайтын мәзхаб, ол - Әһли сунна уәл жамағат мәзхабы. Алла Тағала бұл жолда тер төгіп жүргендердің жүгірісінің қарымтасын еселеп берсін. Әһли сунна уәл жамағат мәзхабы - хадисте айтылған тозақтан құтылатын тармақ.

Ал сахабаларға тіл тигізетін шиіт, харижит сияқты тармақтар - сахабалардың жолымен жүруден мақрұм қалғандар (олар сахабаларға бойсұнбайды). Мұғтәзилит тармағы да кейіннен пайда болған ағым. Олардың көшбасшылары Уасыл ибн Ата деген кісі. Ол Хасан әл-Басридің шәкірті еді. Кейінірек ол «Күпірлік пен иманның ортасында бір деңгей бар» деу арқылы оның (Бәсридің) ілім мәжілісінен айырылды. Сонда Хасан оған қатысты: «Ол бізден бөлектенді» деген болатын. (Содан кейін оның мәзхабы «бөлектенгендер» деген мағынада «Мұғтәзилия» деп аталып кетті).

Басқа тармақтарды да осыған қиястап, салыстыруға болады (яғни, сахабалардың жолымен жүрсе, сүннит, ал олардың жолымен жүрмесе адасқан).

Сахабаларға тіл тигізу - Алла Тағаланың пайғамбарына тіл тигузі деген сөз. Сахабаларға құрмет көрсетпеген адам - Алланың Расуліне сенбеген адам. Өйткені сахабаларды жамандау, айналып келгенде, олардың достарын (яғни, Пайғамбарды) жамандау деген сөз. Алла мұндай нашар сенімнен болып қалудан сақтасын.

Оның үстіне, Құран мен хадистердегі шариғат үкімдері бізге сахабалар арқылы жетіп отыр. Егер сахабалар жамандалса, олардың бізге жеткізген дүниелері де жамандалған болады. Бұл жеткізу ісі сахабалардың кейбіріне ғана тән емес. Олардың бәрі әділдік, шыншылдық және дінді жеткізу ісінде бірдей. Олай болған жағдайда, олардың біріне тіл тигізу - дінге тіл тигізу болмақ. Алла сақтасын!..1

Қазақшалаған Абдусамат Қасым, Исламтанушы


1  Имам Раббани: «Мәктубат», 80-хат. Түрік тілінде. (Ықшамдап аударылды).

 Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

Имам Раббани: "Кісі ең әуелі ақидасын дұрыстауы керек!" 

0 пікір