"Бұрынғы өткен заманғы дін ғұламаларын жақсылықпен тілге алу - уәжіп!"(ақида)
"Бұрынғы өткен заманғы дін ғұламаларын жақсылықпен тілге алу - уәжіп!"(ақида)
2 жыл бұрын 2029
«Алдыңғы буын салиқалы сәләф ғұламалары және іздерін жалғастырушы олардан кейінгі ізгілік пен әсәр (хадис, риуаят) иелері әрі фиқһ пен пайым иелері - тек қана жақсылықпен ауызға алынады. Ал кім оларды жамандықпен тілге алса (жамандаса, тілдесе), ол – тура жолда емес». Имам Әбу Жаъфар ат-Тахауи (рахимаһуллаһ), "Ақида ат-Тахауия".

Өткен заманғы салиқалы, Құран мен хадистің жолын ту етуші, Әһлу сунна уәл жамағат жолындағы алдыңғы буын Ислам ғұламаларын ұлықтау – дінді ұлықтау болып есептеледі. Өйткені, олар – пайғамбарлардың мұрагерлері және шариғатты кейінгі буынға жеткізушілер. Олардың ізімен жүріп, оларды дәріптеу және оларды тілдемеу – уәжіп (міндет). Оларға тіл тигізу – дінге тіл тигізу. Ол нәрсе – мұнафиқтықтың және бүлікшіліктің белгісі.

Мысалы, Әузаъи, Суфиянус Саури, Имам Бұхари, Имам Мүслім т.б. сол сияқты алдыңғы буын хадисші ғұламалар болмағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері, сөз бен іс-әрекеттері бізге дейін аман-есен жетпес еді. Олардың көрсеткен ыждыхаттылықтарының нәтижесінде, бүгінде дұрыс хадисті, әлсіз хадистен, рас хадисті, жалған хадистерден оңай айыра алудамыз. Хадисші ғұламалардың арқасында тарихта ең алғаш рет теңдесіз «Хадис усулі» ғылымы туындады. Олардың жалпы дінге, соның ішінде хадис ғылымына сіңірген еңбектерінің деңгейін мөлшерлеуге тіл әлсіз. Алла олардан разы болсын. Пейіштің төрінен жай берсін!

Фиқһ ғұламаларының да еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ибраһим ән-Наъағи, Хаммад, Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Имам Шәфиғи т.б. шариғат майталмадарының арқасында Ислам құқық мектебі құрылған. Әлемде алғаш рет «ижтиһад» тәсілі пайда болып, Құран және хадистен үкім шығару әдістемесі ретке қойылды. Бүгінде құқықтанушы дегенде, бірден ортағасырда өмір сүрген еуропалық құқықтанушылар айтылады. Негізінде олардан ғасырлар бұрын өмір сүрген Әбу Ханифа, Имам Шәфиғи, Имам Мәлік, Имам Ахмад сынды мұсылман ғұламалары құқық саласының іргесін қалап, сол саланы шарықтау шегіне жеткізген тұғын.

Фиқһ ғұламаларының арқасында дінімізді оңай амалға асыра алып жүрміз. Олардың сан ғасырлар бұрын аят пен хадистердегі үкімдерді түсіндіріп, сол екі дін қайнаркөзінің аясында бекіткен шариғи үкімдерін әлі күнге дейін пайдамызға асырып келеміз. Алланың қалауымен, қияметке дейін солай жалғасарына сенімдімін. Ақида, тәпсір, этика, дін философиясы, теология (кәләм) салаларының ғұламаларының еңбегі оразан зор. Осынша тер төгіп, артында өшпес із, кейінгі ұрпаққа таусылмас қазына қалдырып кеткен ғұламаларға – қайтіп тіл тигізуге болады? Оларды қайтып қор көруге болады? Ақыреттен нәсібі жоқтар ғана оларды жамандап, оларға тіл тигізуі мүмкін. Алла тура жолдан айырмасын!  Дін Ислам өркендей берсін! Елімізге, жұртымызға Құдай Тағала һидаят берсін! 

А. Қасым

0 пікір